Жан-жақтылық жетістікке жетелейді
Қазалы қаласындағы № 1 «Ақерке» балабақшасы 2009 жылы пайдалануға берілген. Балабақша 90 орындық, 2 қабатты, жаңа типті жобада салынған. Қазіргі таңда 5 топта 90 бала тәрбиеленуде.
Заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған тәрбие ошағында бүлдіршіндерге қажеттінің барлығы бар деуге болады. Әр топта балаларға арналған жатын, ойын, киім шешетін, жуынатын бөлмелер, әжетхана, спорттық зал және үйірме жұмыстары жүргізілетін арнайы кабинеттер жабдықталған. Ойын бөлмелерінің жылуы еден асты арқылы беріледі. Бұл балалар үшін өте қолайлы.
Балабақша ұжымы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес әрекет етеді. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сауықтыру іс-шаралары, тәрбиеленушілерді дене шынықтыруға дайындығы мен физикалық дамуға, мәдени-тазалық дағдылығына баулу, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру – тәрбиешілердің басты мақсаты. Осы орайда түрлі іс-шаралар, сайыстар, мерекелік кештерге арналған ертеңгіліктер, ата-аналармен бірігіп, спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылады.
– Өткен жылы «Ақерке» бөбекжай-балабақшасының мамандарының іс-тәжірибиесі бойынша «Ерте жастан бастап балалардың командада жұмыс істей білу дағдыларын дамыту» тақырыбында облыстық әдістемелік вебинары өткізілді. Оған бірнеше аудан мен Қызылорда қаласының 80-ге жуық маманы қатысты. Вебинардың бағдарламасына сәйкес «Алақай, жайдарлы жаз келді», «Джунглидегі қызықты ойындар», «Томпақпен бірге квестпен ойындары», «Не? қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойын, «Мультстудия» үйірмесі және «Зерде» зияткерлік-танымдық сайыс өткізілді. Балабақша логопеді «Орманға саяхат», психолог ата-аналармен «Бала біздің болашағымыз» атты тренинг жүргізді.
Шара барысында көрсетілген жұмыстардың барлығы ойын түрінде болды. Оған қатысқан МДҰ мамандары жылы лебіздері мен ұсыныс-пікірлерін білдірді, – дейді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлжазира Жүсіпова.
Балабақшада 15 педагог бар. Оның 11-і тәрбиеші. Бұдан бөлек әдіскер, психолог, логопед, ән және дене тәрбие жетекшісі жұмыс жасауда. Балабақша әдіскері Нұргүл Санкебаева өткен жыл жемісті болды дейді.
– Оқу жылының басында ата-аналар жиналысында мектепке дейінгі ұйымның стандандарт нұсқаулық, бағдарлама бойынша көптеген өзгерістер айтылды. Соған сәкес балабақшаларда ұлттық құндылықты, қазақы салт дәстүрімізді дәріптеп, қазақы бұрыштар жасалынды және кітап бұрышы қойылып, көптеген ертегі кітаптармен жыр-дастандар балаларға күнделікті оқылып берілуде. Қазіргі таңда балалар күнделікті ойын арқылы дағдыларын қалыптастыруда.
Бірінші жартыжылдықта «Балдәурен» тобының тәрбиеленушілері Аяна Ертай, Сырым Сұлтанғалиев және Айғаным Бейсенбаева 25 қазан – Республика күніне орай республикалық сурет байқауынан бірінші орын иеленіп, дипломмен марапатталды. Балаларға жетекшілік еткен «Балдәурен» тобының тәрбиешісі Әйгерім Шманова «Үздік педагог» номинациясын алды. «Балапан» тобының тәрбиеленушісі Қайсар Жамиғат сурет байқауы бойынша республикалық байқаудан ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, жетекшісі Гүлжазира Жүсіпова «Алғыс» хатпен марапатталды. Жақсылық Ибрахим мен Фатима Бақтиярқызы «Тәуелсіздік биік болсын тұғырың!» атты республикалық патриоттық байқауында Ибрахим І, Фатима ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, жетекшілік еткен Гүлзат Ильясова «Құрмет» грамотасымен марапатталды, – деп жетістіктермен бөлісті.
Бұдан бөлек өнерлі өреннің бірі – Қайыржан Базарбай «Тәуелсіздік, биік болсын тұғырың!» атты республикалық патриоттық байқауында бірінші дәрежелі, жетекшісі Айсауле Төлегенова «Құрмет» грамотасын иеленген. Республикалық «Жас дарын» дарынды балалар орталығы сурет байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталған.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін балабақша психологы Фарида Тілеумбетова «Отбасы мен балабақша ынтымақтастығы» және «Психологиялық әдіс-тәсілдер аукционы» тақырыбында өз іс-тәжірибиесімен бөлісіп, «Алғыс» хатқа ие болды. Тәжірибелі тәрбиеші Гүлжазира Жүсіпова «Бақытты балабақша» және «Балапан бояулар әлемі» атты байқаудан І дәрежелі дипломды иемденді. «Шебер тәрбиеші» халықаралық сайысында да І дәрежелі диплом иеленді. 5-6 жастағы балаларда көркем жазу дағдыларын қалыптастыру және жетілдіру жолдары тақырыбында әдістемелік нұсқаулық кітапшасының авторы. «Қазақ білім» журналына мектепке дейінгі ұйымда қазақ тілін үйретудің маңыздылығы атты мақаласы жарық көрді. Тәрбиеші Анар Ахметова халықаралық «Шебер тәрбиеші» байқауында бірінші, Жазира Ақбердиева «Менің мамандық тәжірибием» атты эссе номинациясы бойынша республикалық екінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
– Жалпы педагогтер өз білімдерін үздіксіз жетілдіруде. Жазира Толыбай мен Жазира Ақбердиева Қызылорда обылысының оқу орталығына барып, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің ойын құзіреттілігін дамыту» тақырыбында 72 академиялық сағат, тәрбиеші Айнұр Сембаева мен Лиза Ашықбаева обылыстық педагогикалық шеберлік орталығынан «Баланы ерте дамыту бағдарлары» бағдарламасы бойынша 170 академиялық сағат, психолог Фарида Тілеуімбетова «Баладағы невроз және оны коррекциялау» курсына қатысып, 30 академиялық сағатпен білімін жетілдірді. Алдағы уақытта да тәрбиеленушілерге сапалы білім беріп, тәлімді тәрбиені бойларына сіңірту үшін педаготеріміз ізденуден жалықпайды, – дейді балабақша әдіскері Нұргүл Шорақызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА