Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйде жалғыз қалғанда

Үйде жалғыз қалғанда

Жаңа жыл жақындады. Қалың қар қылаулап тұр. Бәрі мерекеге қызу дайындықта. Ал Линкольн Авеню көшесі №671 үйде кішкентай Кевин тағы да жалғыз қалып, үш қабатты үйге көз салған қос қарақшыға қызықты қақпанын құрып әлек. Бұл көріністі еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін біледі десек қателеспейміз. Себебі көпшіліктің сүйікті туындысына айналған фильм – жаңа жылды тойлаудағы барша ғаламдықтарға ортақ үрдіс, өзінше бір дәстүрге айналған. Әйгілі «Үйде жалғыз қалғанда» туындысын әдетте көгілдір экраннан ғана тамашалаған боларсыз. Ендеше, сіз бен біз сүйіп қарайтын жаңа жылдың ностальгиясына айналған фильмнің шын өмірдегі кадрдан тыс қызықты деректеріне қанық болыңыз.
Бірде фильмнің режиссері Крис Коламбус жаңа жылдық мейрамды атап өтуге шетелге аттанады. Тікұшақ үстінде ұйқысыз отырған Крис терең ойға батып, қиялына ерік береді. Сонда оның ойына мынадай сұрақ келеді: Егер менің бір балам үйде жалғыз қалса не болады? Қызықтың барлығы осы бір болмашы сауалдан басталды. Мерекеден соң, режиссер қайта ойлана келіп, осы оқиға желісімен фильм түсіруді ұйғарады. Оған арнайы сценарий жазып, арнайы кастинг ұйымдастырады. Басты рөлді сомдауға бірнеше ұсыныс түседі. Көптің ішінен екі балғынды таңдаған режиссер Джефри Уайсмен мен Маколей Калкинді өзара сынға түсіреді. Нәтижесінде барлық талаптарға сай келегн Маколей діттегеніне жетіп, басты рөлді сомдау бағы бұйырған. Ал сынақтан сүрінген Джефридің көңілін қалдырмау үшін Крис фильмнің алғашқы бөлімінде оған көрші балақайды сомдауға рұқсат берген еді. Алайда қос әртістің арасындағы бәсекелестік мұнымен аяқталмаған. Бірнеше жылдан соң екеуі «Бай Ричи» фильмінің кастингінде қайта бәсекеге түскен. Әрине, тиісінше үйде жалғыз қалған балақай тағы да жеңіске жетіп, көгілдір экран көрермендеріне Ричи болып та танылды.
Фильмдегі Фулер есімді көзілдірік таққан балғын есіңізде ме? Ол шын мәнінде Маколейдің туған інісі Киран болатын. Яғни, бұл да режиссердің бала көңілін қимағандығынан пайда болған кейіпкер.
Режиссердің айтуынша «Үйде жалғыз қалғанданы» түсіру барысында, әртіс басты рөлді өте жоғары дәрежеде, еш қиындықсыз сомдап шыққан. Керісінше Маколейдің ата-анасы тарапынан қиындықтар туған. Дәлірек айтсақ, ауыр мінезін көрсетіп, әрбір кадрға кедергі болған. Осы қиындықтардан соң, Крис Коламбус кезекті балаларға арналған туындыларындағы кастингті өзгеше өткізген. Фильмге түспек ниетте бақ сынаған балғындардың ата-аналары арасында да сынақ ұйымдастырды.
Аласа бойлы келген Гарридің кей кадрларда түсініксіз сөйлегенін байқаған шығарсыз. Бұл Джо Пеши деген әртіс. Ол өз рөліне қатты еніп кеткені соншалық, импровизация жасау барысында былапыт сөз айтуды әдетке айналдырып алған көрінеді. Тіпті ол әдеттен режиссердің сан рет айтуымен де қоя алмапты. Түсірілім тобының шешімімен Джо жаман сөздерді тістеніп, түсініксіз сөздерге ауыстырады. Сондай-ақ әртіс Кевиннің шынайы қорқуы үшін оған түсірілім тоқтаған сәттерде де жылы шырай танытпаған. Яғни, су сұрап келген Кевинге ол «Су жоқ! Бұл жерден кет!» деп жауап қатқан көрінеді.
Оқиғаның ең қызықты сәті, Кевиннің үйіне ұрлықшылардың түсуі болды. Қуақы бала оларға түрлі сынақтар әзірлейді. Үйді тонамақшы болған екеудің басы мен қолын күйдіріп, байғұс Марвиннің аяғына шеге де кіргізді. Дәрігерлердің сөзінше, бұндай жағдай өмірде қайталанса адамның тіл тартпай кетуі ғажап емес. Фильмде өте көп әйнек сынған. Бірін баспен ұрып, ал бірін аяғымен сындырады. Бірақ бұл шын әйнек емес. Шынылардың барлығы карамельден, яғни мұз кәмпиттен жасалған екен. Ал фильмдегі ең қорқынышты сәт Кевин үнемі опық жейтін Марвиннің бетіне ағасы Баздың улы өрмекшісін қоюы. Қара жәшіктен тамашалап отырған жан бұл өрмекші компьютерлік графика деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол шынайы өрмекші. Расында, улы өрмекші әртістің бетіне қойған кездегі қатты айқай ешкандай шусыз түсірілген. Өйткені айқайлаған жағдайда адамнын бетіндегі өрмекші шошып, шағып жіберуі мүмкін еді. Бұл эпизодта әртістер өз кәсібилігін көрсетті. Ал айқайлаған дауыс фильмнен кейін арнайы жазылып қосылған.
«Үйде жалғыз қалғанданың» екінші бөлімінде Кевин Нью Иорк қаласының беделді қонақ үйлерінің біріне тұрақтайды. Сондағы дәлізде оның жанынан өткен АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трампты бірі байқаса, бірі байқамаған болар. Фильмнің алғашқы бөлімі әлемдік кассаларда рекордтар орнатып, танымалдыққа ие болған соң, сол уақытта Плаза отельінің басшысы, кәсіпкер Дональд тарихи кинода көрініс алуды жөн көрген деседі.
Маккалистердің тұрған үйі бүгінгі күнде де бар және ол белгілі бір уақытқа дейін музей қызметін атқарған. Жаңа жыл қарсаңында Чикаго қаласы, Иллинойс штатының маңындағы Винника ауылында, Линкольн Авнеью көшесінде орналасқан үйді көруге әлі күнге дейін шет-шеттен туристер жиналады.
Маколей Калкин фильмді сомдағаны үшін 100 000 доллар гонорар алған. Жалпы фильмнің бюджеті 18 000 000 долларды құрайды. Екінші бөліміне әртіске ­8 000 000 доллар ұсынылған. Бұндай қаражат сол кездегі кішкентай балалардың ешқайсысында болмаған еді. Сондай-ақ Маколей Калкин фильмнің үшінші бөліміне шақырту алған. Бір өкініштісі, әртістің ата-анасының заңды некеден ажырасуы салдарынан келісім шарт кері қайтарылған. Солайша бұл іс балақайдың болашағына кері әсерін тигізіп, ол өсе келе өмірдің соқпақ жолына түсіп, бірнеше мәрте істі болған. Бүгінде Маколей зиянды заттарға құмарлығын жеңіп, тіпті өзі секілді жандарға септігін тигізбек мақсатта арнайы қор ашып, қарапайым американдықтың күйін кешуде.
Не де болса, «Үйде жалғыз қалғанда» комедиясын ұнатпайтын адам жоқ. Себебі ол тоқсандағы шалды тоғыздағы баладай күйге түсіретін, ескі, тәтті естелікке толы, ыстық фильм. Керемет көңіл-күй сыйлайтын бұл туынды – ғасырлар бойы ең үздік фильм болып қала бермек.

Серік АҚМЫРЗА
01 қаңтар 2023 ж. 554 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930