Жарасы – жүректе, салқыны – санамда
Алаш жастарының азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан көтерілісінен көрінді.Бұл жетпіс жыл іргесі нықталған одақтың отаршыл, әміршіл жүйеге қарсы наразылық іс-қимылдарының куәгері біздің ауданымызда да бар. Солардың бірі – Қожабақы ауылының тұрғыны Дархан Бекжанов. Бұрын-соңды туыстай жақын сыйластықта болсақ та, бұл азаматпен «желтоқсан» туралы әңгімелесу біз үшін оңайға соқпады. Жаны мен жадына түскен сыздан әлі де арылмаған алпамсадай жігіт ағасы ызғарлы күндерді ойға алғанда жас балаша толқып кетті.
– Желтоқсан – бостандыққа бұлқынған қазақ халқының басындағы елеулі құбылыс. Ол әсірелеу емес, ақиқат.
Әлі есімде, 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы жерде қары, бет шымырлатар аязы бар қыс күндерінің бірі еді. Алматы Халық шаруашылығы институтының есеп және экономика факультетінің үшінші курс студентімін. Сол кездегі буынның барлығы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қадірлеп өстік. Елімізді 26 жыл басқарған басшының 75 жасқа қараған шағында зейнеткерлікке сұранып жүргендігі көпшілікке белгілі болған.
16 желтоқсан күні түстен кейін «Мәскеу төріндегілер республика халқының пікірімен санаспай, Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинді ҚКОК-тің бірінші хатшысы етіп тағайындапты» деген жедел хабарды естідік.
Бұл қазақ жастарының санасы оянып, М.Горбачевтің қайта құру саясаты жүргізіліп жатқан уақытқа сәйкес келді. Жылдам жеткен жайсыз шешімге әрбіріміз өз қынжылысымызды білдірдік.
Желтоқсанның он жетісінде үшінші парға кірейін деп тұрған бетім еді. Дәріс өтетін 4-қабаттың залында Әнуарбек Дәуренбеков есімді факультет деканы орынбасарына ұшырасып қалдым.
– Ағай, не болып жатыр? Мәскеудегі КПСС-тің Бас секретары бізге неге бұлай қарайды?
– Қарағым, дұрыс айтып тұрсың... Бірақ қолдан келер шара бар ма? – деді де, естілер-естілмес дауыспен: «Жұртшылық Брежнев алаңында жиналып жатыр екен», – деп жалт бұрылып кетті. Бұны естісімен текке тұра алмадым. Ойымды лезде жиып, қазіргі Республика алаңына қарай бет алдым. О.Жандосов көшесінің қарсы бетінен жеңіл көлікке отырып, аталған жерге бардым. Алаңда 50-ден астам адам жиналыпты. Қызу пікірталас болып жатыр екен. Дені «Орта Азия елдерінің барлығында өз ұлтының өкілдері отыр. Бізде неге басқаша» деген пікірге саяды. Жарты сағатқа жетпейтін уақытта топ қарасы 200-ге жетті. Әскери адамдар келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелері бізбен сөйлесетінін айтты. Алматыдағы іргелі білім ордасы – Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық, Алматы мал дәрігерлік, Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының студенттерінен құралған үш толқын лек-лек болып қосылды. Сондағы жастардың жалындаған жанарын бір сәтке ұмыту мүмкін емес.
Орталық Комитет мүшелері биікке шығып, Кремль шешімін оқи бастағанда, алаңдағылар «Қазақ даласын қазақтың баласы басқарсын! Не болмаса, Қазақстанды білетін, осында тұратын орыс азаматы билік тізгінін қолына алсын. Жоғарыдағы жақтың шешімі біз келісетін шаруа емес!» деген мағынадағы ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мінберге көтерілген өзге ұлт әйелі орыс тілінде сөйлеп, шешімді мақұлдатпақ болып еді, жастар оған жаппай қарсылық білдірді.
Жиналғандар ел басқаруға лайықты бірнеше азаматтың атын атады. Солардың қатарында Нұрсұлтан Әбішұлы да болды. Алаңдағылар Қонаевпен жүздесуді қалады, бірақ ол орындалмады. Бұл күні қазақ тіліне басымдық беру, ауылдан келген жастарға жұмысқа тұруға, баспаналы болуға жағдай тудыру секілді жайттар ашық айтылды.
Алаңға келе жатып Орталық Комитет үйін әскерилер қоршап тұрғанын көргенмін. Мезгіл кешкіре бастағанда бейбіт шеруде тұрғандарға әскери топ жақындай түсті. Бастарында дулыға, қолдарында сойылдары бар. Лезде не болып, не қойғанын түсінбей әлекпіз. Олар бас салып күш қолдана бастады. Арада санаулы минут өткенде арнаулы көліктік техниканы іске қосып, мұздай су шаша бастады. Бұл қыз-жігіттердің арынын баса алмады. Қақтығыс өрши түсті. Қатыгездікпен басып-жаншылғандар қандай қиындыққа ұшырап жатса да «Біз Тәуелсіздік алмай қоймаймыз!» дегенінен танбады.
Ертеңіне оқу орындары жұмысын уақытша тоқтатты. Бізді ұстаздарымыз жатақханадан шығармай, кезекшілік ұйымдастырып, бақылауға алды. Бойымды кернеген ашу-ызаны баса алмай отырғанымда, таныс жігітім студенттер баспанасының қосымша есігі барын еске салды. Ойланбастан, солай қарай жүре бердім. Алаңға дейінгі жолдың біразы бекітіліпті. Автобустар жақындай алмай, алысырақ жерден түсіріп кетті. Қалың нөпірден зорға сытылып, орталыққа жеткенімде бәрі тыныштық тапқанын көріп, көңілім орнықты. Алдыңғы шепте әскерилер мен құқық қорғау саласы қызметкерлері сап түзесе, арт жағында алматылық өзге ұлт өкілдері болған жайды тамашалап тұрғандай көрінді. Жастардың қатары көбейгенде наразылық амалдары жалғаса түсті. Қолдарына алып шыққан плакат жазбаларында қазақты толғандырған қадау-қадау мәселелер көрсетілген.
Әскерилер лап қойып, бізді жанши бастады. Бағанағы азаматтық киімдегі тобыр тек тұрмаған болып шықты. Қойын-қоныштарына жасырған үшкір ағаш, темірден жасалған істік сияқты заттармен, жазалауға кірісіп кетті. Сонан соң адам «аулау» ісі басталды. Қоқыс тиейтін машинамен қыз-жігіттердің жақын келгенін аяусыз топ-тобымен тиеп, қала сыртына апарып тастады. Кейін білдік, бұл КСРО Ішкі істер минстрлігінің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын – 86» операциясы екен. Мен сол күні басымнан қатты соққы алып, қалың топтың ортасында қалып қойғанымда, ол жерден қыздар алып шықты. Сол оқиға көкейге оралса, қазақтың өршіл қасиетінің шын мәнінде оянып, салтанат құрған сәті екен деген ойға келемін. Қаракөз қарындастардың біразы сотталды. Кейбірі көлікке тиеліп, салқын қардың үстіне тасталды, енді бірі аяусыз тепкімен тапталды. Қаншама ұрпақ санын көбейтетін ару-аналар өміріне «желтоқсан» кедергісін келтірді. Мәңгілік бала сүю бақытынан айырылған бір қарлығаш қарындасымыз теледидарға берген сұхбатында: «Ешқандай өкінбеймін. Бүгінгі күні де сондай жағдай болса, сол қадамға ойланбай барар едім» дегенін естіп, жанарыма жас келді, – деп ұзақ іркілді. Сосын: «Қақтығыс түннің бір уақытына дейін жалғасты. Сол жолы аяғымнан жарақаттанып, бір танысымның көмегімен жатақханаға әрең жеттім», – деді.
«Сіздерді қудалау басталмады ма?» – деген сұрағыма: «Алаңда ұсталған мен танитын Алматыда білім алып жүрген Ерлан Бисенбаев, Жамбыл Тайжұмаев, Асқарабай, Еламан деген жігіттер темір торға тоғытылды. Ерлан 7 жылға сотталған. Анасы өте сауатты кісі болатын. Тынбай ізденіп, Олжас Сүлейменовтен араша сұрап, атақты ақынның көмегімен 2 жыл 10 күн отырып шықты. Асқарабай үш жыл, Еламан жастық шағының төрт жылын түрмеде өткізуге мәжбүр болды.
Факультет деканы Кәкім Дүйсенбаев деген ұлтжанды азамат болған. Сол кісі бізді лезде оқудан шығарып, ауылға таратып жіберді. Ректорымыз Нұрғали Мамыров сол жайдан кейін Ресейге жер аударылды.
Сөз реті келгенде тағы да: «Сіздің курстасыңыздың бірі Нұртай Сабильянов. Ол ұлт жанашыры екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүрген азамат. «Желтоқсан көтерілісі» туралы деректерді ақтарғанда оның дыбыс күшейткіш ұстаған суретіне кезігеміз. Осындай жанның жазаланбай қалуына не себеп болды?» – деген көкейдегі сауалды ірікпедік.
«Әлгінде институттың оқытушы-профессорлары туралы айттым. Олар алыстан орағытып, келешекті бағамдай алатын азаматтар-тын. Қатарларында факультет деканының орынбасарлары Еркін Төлегенов, Әнуарбек Дәуренбеков, статистика кафедрасының меңгерушісі Олег Елистратов, факультет партия ұйымының хатшысы Борис Цойлар болды. Нұртай тергелгенде Олег Михайлович: «Алаңдағы жастарды қайтаруға өзім жұмсап едім», – деп араша түскені әлі көз алдымда. Іздеусіз желтоқсандықтар қаншама... Қайтыс болғандар туралы да жалған ақпарлар айтылып жүр. Жұрт қаза тапқандарды Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирамен шектейді. Әлі күнге дейін бұл тақырыптағы кітаптарды оқып, кино көрмеймін. Ару Алматыға бара қалсам бейжай күй кешіп, мазасызданамын. Желтоқсанның жаңғырығы – жадымда, жарасы – жүректе, салқыны – санамда», – деп әңгімесін түйіндеген Дархан Қанайұлы үстінен ауыр жүк түскендей терең тыныстады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат