Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан желі жадымызда

Желтоқсан желі жадымызда

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы – Мәскеудің өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтар және шовинистік көзқарасқа наразылықтың белгісі. Он бес одақты дүр сілкіндірген басты дүмпуге себепші – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумында Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен кетуі. Оның орнына партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің тағайындалуы.
Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік болды. Осыған орай Алматыда жас­тар толқуы басталды. Бейбіт және саяси сипатта болған шеруге сол кезде қазалылық жас­тар да қатысқан еді.
Біз Тәуелсіздік күні қарсаңында бюрократиялық жүйеге қарсы шыққан желтоқсаншылардың бірнешеуімен сыр бөлістік.

Мария ОРЫНАЛИЕВА:

– Ол кезді есіме алғым келмейді. Сонда да болса, айтпасқа болмайды. Алматыға арман қуып, оқуға барғанмын. Түсе алмағандықтан құрбыларыммен бірге құрылыс мекемесіне орналастым. Жұмыстан келгенімде басқа жатақханадағы жастар келіп: “Елді басқаруға өзге ұлттан қойғызбаймыз. Сондықтан алаңға шығып, өз тілегімізді білдірейік. Қазақтан басшы сайлауын сұрайық” деген ұранмен біз коменданттың “Бармаңдар” деген қарсылығына қарамадық.
Сырттағы жиналған топпен орталық алаңға шықтық. Мұнда қаншама өрімдей қыз-жігіттер жүрді. Бәрі “Менің Қазақстаным!” әнін шырқап, “Колбин кетсін!” деп ұрандатып, қолдарына биліктің шешімімен келіспейтіндіктерін жазған плакаттар ұстады. Күн өте суық болғандықтан әр жерде от жағып, жылынып тұрғандар болды. Қараңғы түскенде қасымызға біреулер келіп, тарайық дегенін тыңдап, кері қайттық. Кейін естідік сол жерде қалғандарды ұрып-соғып, су шашқанын. Бірнеше таныс жұмыстан шығарылып, ізіне түсті. Ал бізді ешкім тергеп-тексермеген соң тізімге енбедік. Дегенмен қатарластарыммен бірге ол оқиғаның басы-қасында болдым.

Проза ӘЛМҰРАТОВА:

– Бүгінде егемендікке қол жеткізгенімізге ерекше тебіренемін. Себебі ол шақта ел келешегіне алаңдаған жастардың арасында мен де болдым. Қонаевты алып, Колбинді қойды деген жаңалық радиодан тез-ақ тарады. Бұны естіп жастармен бірге билікке наразылық білдіруді жөн көрдім. Жұмысқа үш күн бармастан алаңдағылардың ортасынан табылдым.
Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінен ішкі әскер бөлімдері әкелінді. Соншалықты ушығады деп ойламадым. Шыны керек 3 күн, 3 жылдай болып өтті. Ақырында біраз жас ұсталды, аямай ұрып-соқты. Жанымыздағы бірқатар жігіттер біразға дейін жоғалып кетті. Сөйтсек бірі тергелсе, енді бірі машинаға тиеліп сыртқа апарып тасталған. Есін жиып, қақаған аязда жаяулатып қалаға жеткендер де кездесті. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар көмегімен қарсылықты тоқтатқан. Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді.
Биліктегілер Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. Дегенмен бұл дүмпу Кеңес Одағының ыдырауын тездетті.

Сәлима ШАМШАЕВА:

– Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан аулақ еді. Наразылықтың басты қозғаушы күші – студенттер, жастар болды. Республика басшылары жиналғандар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Алматы гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады.
Қазір мен желтоқсан қозғалысына орай архивтегі тізімде жоқпын. Алайда 1986 жылдың 16 желтоқсанында кешкі жетілерде достарыммен “Колбин кетсін!”, “Қазақ жеріне қазақ билік етсін!” деген сарында плакат жаздым. Алаңда таңғы беске дейін тұрдым. Қасымда құрылыста жұмыс істейтін жастар болды. Басында бәрі тыныш өтті. Әрқайсысы өз ойын айтты, олар билік басындағыларға шағымын білдірді. Сосын ыстық су құйылған машиналар келе бастады. Өзге ұлттардан әскерилер көп еді. Солдаттар арасында бір бала қазақшалап: “Сендерді аяймын. Қазір бізге тапсырма берсе орындауға мәжбүрміз. Ұр десе ұрамыз, су шаш десе шашамыз. Жассыңдар қайттыңдар” деп жанашырлық танытты. Бірақ оның айтқанына ешкім мән бермеді. Ол кезде 18 жастағы қызбын. Оқуға түсе алмағандықтан құрылыс мекемесінің балабақшасына бала күтуші болып орналасқанмын. Жұмыстан қалмауды ойлап, алаңнан кетіп қалған едім. Ал қасымдағы бөлмелес қыздар қайтпай қалған. Ертеңіне сұлқ түсіп төсек тартып жатты. Оларды аямай аса жауыздықпен дубинкамен соққыға жыққан. Бұл жайттан соң біразын қудалап, жұмыс пен оқудан шығарды. Комсомол мүшелігі қатарынан шеттетілді. Көбісі тергелді, түрмеге қамалды.
Бірталай уақыт өтсе де, елдің тыныштығын бұзған оқиғаның қатысушысы болғанымды мақтан тұтамын. Жалынды, рухы биік жастардың ықпалымен Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге қуанамын. Оған менің де үлесім бар деп ойлаймын. Мені сол кездегі қазақ жастарының өршілдігі мен ауызбіршілігі тәнті етті.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


14 желтоқсан 2019 ж. 2 641 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930