Қазақстанда жемқорлардан қайтарылған ақша мектеп құрылысына жұмсалуда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша жемқорлардан қайтарылған ақша мектеп құрылысына жұмсалатынын мәлімдеді. Бұл туралы агенттіктің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов агенттік тарапынан еліміздегі әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленгенін хабарлады.
Аталған тәуекелдер картасында шенеуніктердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппайтын көкейкесті мәселелер тізбесі айқын көрсетілгенін айтты.
“Өңірлік мәселелерге назар аудара отырып және әрбір өңірдің ерекшелігін ескеріп, Агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Бұл процестердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің болуына, шенеуніктердің еріксіздігіне немесе озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешім таба алмайтын халықты толғандыратын өзекті мәселелердің тізбесі”, - деді Саян Ахметжанов.
Ахметжановтың сөзінше, қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша түскен қаражат мектеп құрылысына жіберіліп жатыр.
“Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектептің құрылысы 3 жылдан аса "қатып тұр". Ұзақ құрылыс өңірдегі "проблемалық" нысаны болып танылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген.
"Ақтөбе" ӘКК" АҚ-на қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында кінәлі тұлғалар 197 млн теңгеге көлемінде залалды өтеді”, - деді Превенция қызметінің басшысы.
Сондай-ақ, қайтарылған қаражаттың негізгі бөлігі (150 млн теңге) ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалмақ.
Айта кетейік, қараша айында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру аясында 228 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, 66 мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметі сыртқы талдаудан өткен.