Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәлен атаның «Қара дүкені»

Жәлен атаның «Қара дүкені»

Қазақ халқы байырғы тұрмысында бақсылық, көріпкелдік, емшілік жолды айрықша бағалаған. Себебі, бақсы-балгер ел ішін аралап, ауру-сырқауларды емдеп жазуға көмегін тигізген. Осындай жұртқа мәлім жандар қатарына Бозкөл ауылындағы «Қара дүкен» ұстаған Жәлен Ерімбетұлын да қоссақ жарасады. Оның таңқаларлық кереметтері әлі күнге аңыз-әңгіме ретінде айтылып жүр.
Ол Бозкөл ауылында 1904-1983 жылдар аралығында өмір сүрген. Арғы атасы Сасықбай бір рулы елге есімі жайылған құдіретті кісі болған екен. Бабасының бақсылығы Жәлен атаға қоныпты. Темірден түйін түюді туған нағашысы Анарбек ұстадан меңгерген. Сонымен бірге, қыр мен сырға, теңіз бойына атағы жайылған Өтеш Қожадан бата алған.
Жәлен ақсақал кезінде есі ауытқып ауырған, жын-пері айналдырған ұстамалы кеселдерді, бала көтермей жүрген әйелдерді емдеген. Сондай-ақ, түрлі дертке шалдыққандарға қолдан дәрі жасап берген. Бақсының қолынан ел арасында жазылған адамдар көптеп кездеседі.
Бірде Сырлыбай деген кісі науқастанып келгенде Пахуадин әулие науқасты пері оқуымен оқыпты. Оқыған сайын үрлеген шар секілді ісе берген көрінеді. Перінің күштілігі сондай, ауру мекенін таптырмапты. Қайтарып теріс оқу оқығанда сырқат бұрынғы қалпына келген көрінеді. Сол жерде отырған көпшілік: «Бұл жазылмас, жазылса моладағы келер» деген екен. Әулие ұйқыға кетіп, Пахуадин ата түс көріпті. Ертеңіне Жәлен атаға «бұл науқасты сен жазасың, сенің қолыңнан келеді» деп сенім артады. Ол зікір салғанда сексеуілді ортаға жағып қойып, шоғын қолымен ұстап, аузына салып шайнағанда шоқ науқастың үстіне ұшқын боп ұшқан. Шоқ таусылғаннан кейін қалақты қыздырып, тілімен жалаған екен. Содан кейін науқастың беті бері қарапты.
Жәлен ата бақсылық, емшілік ісімен бірге кезінде өз дүкенінде қара темірден түйін түйіп, зергерлік бұйым, сонымен бірге ер-тұрман әбзелдері мен белбеу, алтын жалатқан қанжар жасаған. Өте жомарт, қарапайым, қайырымды жан болған. Оның келіні Күләш апаның айтуынша: «Қарақалпақстанда тұратын бір бай ас өткізер алдында қамшы жасатқан. Атамыз сегіз қырлы, ысырмалы, насыбай салатын шақшасы мен сабының ашылу құпиясы бар қамшыны өреді. Асқа жиналған көпшілік, таңырқап, қамшының сиқырын аша алмапты. Ата қамшы сырын байға жасырын түсіндіріп, тарту етіпті. Көпшілік ішінен біреу «қолы кесілгірдің жасаған заты-ай» деп таңырқаған. Сол аста Жәлен ұстаға көз тиіп, келген соң көп ұзамай қолының білек тұсына тарыдай болып жара шығады» деген дерек бар.
Жәлен Ерімбетұлының Бахит, Сахит, Амангелді, Аманжол атты төрт ұлы болған. Үшінші баласының есімі Амангелді аталуының себебі, Жәлен ата 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынған. Дегенмен, әруақ жолымен ауырып, 6 айдан кейін елге оралыпты. Келген соң аяғы ауыр қалған әйелі Набат босанып, аман-есен елге оралғанына орай ұлының атын Амангелді қойыпты. Ауыл тұрғындарының Жәлен ата туралы бір әңгімеде: «Әруақ жолымен ауырған атаға командир сенімсіздік білдіріп, «Бұл соғысудан қорқып, әдейі істеп жүр» деп қақаған қыстың желтоқсан айында үсіп өлсін» деп қалың қардың үстіне тастаған. Ертеңіне қараса ата терлеп-тепшіп, айналасындағы қарды ерітіп, шылқыған судың ортасында ұйықтап жатқан көрінеді. Командир «бұның денесінде магнит бар шығар, дереу шешіндіріңдер» деп бұйрық беріпті. Шешіндірсе, тастаған киімдер сол күйінде сақырлап қатып қалса керек. Атаны профессорға көрсетсе, тексере келе, «бұл қазақтың әруақты әулиесі» деп еліне қайтаруға шешім қабылдапты», – деп айтылады.
Кезінде Жәлен Ерімбетұлының көзін көрген, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас стансасының тұрғыны, Ысқақ Іскендіров атаның балаларына жолдаған хатында:
«Жәлен ата соғыстан келе сала Андреев колхозының ұстасы болды. Шаруашылықтың бар тіршілігі осы кісінің қолына қарайтын. Өгіз арбаларды соғады. Сонымен бірге, шөп шабуға шалғы, орақ, егін егуге кетпен, күрекке дейін дайындалатын. Оның демалып, тынығатын уақыты бола бермейтін. Таңның атысы мен түннің бір уақытына дейін ұстаханасында терге малынып, балға соғып тұрғанын көретінбіз. Әрбір он күн сайын есегіне мініп алып, елден жырақта, өсетін жыңғылдарды кетпенмен шауып, оны сол жерде өртеп, шала жанғаннан кейін үстін құммен көміп кететін. Ертеңіне сол кешегі шала жанған жыңғыл көмір болып жататын. Сол көмірді артып келіп, жұмысын жалғастыратын.
Жәлен ата 1959 жылы басқа жерге қоныс аударғанда ескі ұстахана көне қоныстың орнынан түнде жанған оттың сәулесін, төске ұрылған балғаның дауысын естігенін талай адамдар айтқан. Ол қара дүкеннің ерекше құдіретті күш екенін, қасиетті орын екенін аңғартады. Мен 1961 жылы оқу бітіріп, Қызылорда қаласындағы астық тарату базасына жұмысқа орналастым. 1962 жылдың жаз айы тұғын. Ойда-жоқта үйіме Жәлен ата келді. Қасында үлкен баласы Бахит және кіші баласы Аманжол бар. Бар жайды айтып, қолына шыққан жарасын көрсетті. Үлкендігі шай кеседей қып-қызыл ет сияқты, оны көргенде шошып кеттім.
Ертесіне Жәлен атаны облыстық ауруханаға алып бардық. Дәрігерлер «бұл емдеуге келмейді, рак ауруы» деді (бұл әңгімені олар маған ғана құпия түрде түсіндірді). Дәрігерлермен болса да, алты айлық өмірі қалса операция жасауға көндірейік деп келістік. Бес күннен кейін түскі сағат 10-11 шамасында ота жасалды. Оң қолды шынатақтан жоғары, иықтан төмен кесетін болды. Операцияны орта жастар шамасындағы орыс азаматы жасады. Болғаннан кейін әлгі хирург: «Мен өмірімде қанша адамға ем-дом жасағанда дүниеде мынадай мықты, берік адам бар екен деп ойламаппын» деді. «Не себепті олай дейсіз?» дегенімде ол: «Біріншіден, бұл кісі операцияны наркозсыз жасауды өтінді. Біз атайдың өтінішін орындадық. Екіншіден, сүйегін кесіп жатқанда маңдайын кіржиткен де жоқ, тек шашының әр талынан шып-шып ағып жатқан терді байқадық» деген таңданысын жеткізді. Жәлен ата осыдан құлан-таза айығып, онан кейін 21 жыл өмір сүрді», – деп жазады.
Бақсылардың көбінің бойында көріпкелдік, болжам­паздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық, сынықшылық, тамыршылық, дәрі жасаушылық тіпті, сазгерлік, ақындық, жыршылық қабілеттері көп кездескен. Осы қасиеттерді Жәлен атаның және оның ұрпақтарының бойынан табуға болады.
Әруақты бақсы, дүкен ұстаған ұста, қолөнер шебері Жәлен ата 1983 жылғы 7 қараша күні 79 жасында дүние салды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
26 қараша 2022 ж. 226 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031