Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшылар үздіктер сапында

Спортшылар үздіктер сапында

Сыр өңірінде спорттың серпінді дамуында Қазалы ауданының орны ерекше. Спортшылар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап, аудан атын әлемдік ареналарда жер-жаһанға танытуда. Жуырда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жыл көлемінде жеткен жетістігімен таныспақ болып барған едік.
Бүгінде аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 38 процентке артып, 30069 адамға жеткен.
Биылғы жылы жерлес спортшыларымыз толағай табыстарға жетті. Дәлірек айтсақ, әлем чемпионаттарында 2 күміс, азия чемпионатында 3 қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, Қазақстан чемпионаттарында 13 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль иеленді. Сонымен қатар 1 спортшы ҚР-ның спорт шебері шенін иеленсе, 47 спортшымыз ҚР-ның спорт шеберіне үміткер атанды. Тағы 10 спортшымыз спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командасына енген екен.
Басқа да ауыз толтырып айтар жаңалықтар көп-ақ. Мәселен, аудан спортшылары қатысқан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың нәтижесі бойынша 23 алтын, 51 күміс, 49 қола медальға қол жеткізді.
Бұқаралық спортты дамыт отырып, жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту мақсатында аудан аумағында 9 айда 126 бұқаралық спорттық іс-шаралар өтіп, оған 8 мыңға жуық адам қатысқан.
Жергілікті спортшылардың өзге де жетістіктерімен Қазалы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейтов бөлісті.
– Биылғы жылды аудан спортшыларымыз үшін жемісті болды десекте жарасады. Себебі Қырғызстан Республикасында өткен Азия чемпионатында 2 жерлесіміз грек-рим күресінен қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Франция елінде өткен дүниежүзілік гимназиада ойындарында жас боксшымыз Ақтілек Орынбасаров жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Бұған қоса, жерлесіміз Самат Оспан Болгария елі Пловдив қаласында өткен грек-рим күресінен Әлем Чемпионатында ІІ орын жеңіп алды. Кентау қаласында өткен ҚР-ның тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында жекелей чемпионатында ардагер спортшымыз Сәбит Шүленбаев 2 дүркін чемпион атанды. Тоғызқұмалақтан жас ерекшеліктер айырмашылығынан 2 спортшы Қазақстан Республикасының жүлдегері атанды. Сонымен қатар Испания елінде Понтеведра қаласында өткен кадеттер арасындағы грэпплинг күресінен Әлем Чемпионатында жас палуанымыз Ерсұлтан Қайыржан жүлделі ІІ орынды иеленді. Жуырда Иордания астанасы Амман қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында боксшы қызымыз Гүлсая Ержан күміс жүлдені еншіленіп қайтты.
Өздеріңіз білесіздер, 5-9 қазан күндері аралығында Қазалы ауданында Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» ХХХV облыстық спартакиадасы өткізілді. Спортшылар спартакиадаға 15 ойын түрінен қатысты. Аудан спортшыларының күш жігерінің және жеңіске деген ұмтылыстарының арқасында Қазалы ауданы жалпы командалық есепте 108 ұпай жинап, І орынды жеңіп алды.
Бұған қоса жазда өткен әуесқойлар футбол лигасының Қазақстан чемпионатына облысымыздан 8 команда қатысып, тек қазалылық «Сыр Маржаны» командасы Республикалық күміс жүлденің иегері, яғни жүлделі екінші орынды жеңіп алды, – дейді бөлім басшысы.
Дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорттық шаралары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіп отырады. Жоспар тізімне сай, биылғы жыл «Балалар жылы» деп аталуына байланысты аудан көлемінде волейбол, гандбол, баскетбол және футбол сынды спорт түрлерінен аудандық біріншіліктер ұйымдастырылған. Ал қазіргі таңда осы аудандық біріншіліктердің 3 айналымы өткізілді.
Ағымдағы жылда қол добынан алғаш рет аудандық мектеп оқушыларынан құралған 8 команда арасында 4 айналым ұйымдастырылып өз мәресіне жетті.
Соның ішінде жылына екі мәрте, яғни қыстық және жаздық маусым Қазалы ауданында LLF әуесқой футбол лигасы өткізіліген. Лига 3 жас ерекшеліктерінен тұратын көрінеді. Биылдан бастап «балалар жылына» орай 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында «Junior Liga» ұйымдастырылып, оған Қазалы ауданынан 9, Арал ауданынан 1 және Қармақшы ауданынан 1 барлығы 11 команда қатысты. 18 жастан жоғарғы лигада кент, қала ауылдық округтерден 10 және көршілес Арал ауданынан 1 команда қатысқан. Ал үшінші лига 35 жастан жоғары футбол командасына ауданнан 3 және көршілес Байқоңыр және Арал қалаларынан 1 командадан қатысып өз мәресіне жетті. Әр футбол ойындары LLF әуесқой футбол лигасының «YouTube» әлеуметтік желісінің тікелей арнасында көрсетілді. Қазіргі таңда қыстық маусымға командаларды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан аяқдопқа құмарлығы артқандар болса бағын сынап көрер уақыт жетті.
Аймақта ұлттық спорт түрлеріне аса мән беріліп, одан әрі дамыту мақсатында қазақ күресінен «Алтын белбеу» аймақтық және аудандық турнирі де ұйымдастырылады. Биыл облыстық турнирге жолдама алған балуандарымыз Қызылорда қаласында өткен Қазақ күресінен XIII облыстық «Алтын белбеу» жарысына қатысып, 2 балуанымыз бозкілемде белдесіп, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленген. Сонымен қатар 30 қазан күні ауданымызда алғаш рет аудандық көкпар ойыны өткізілді.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 8-21 маусым күндері мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған ХХVII-дәстүрлі облыстық, қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдары мен аумақтық мемлекеттік орган қызметкерлері арасындағы спартакида ойындарында да Қазалы ауданының құрама командалары есесін жібермеген. Яғни, шағын футболдан – І орын, үстел теннисінен – І орын, тоғызқұмалақтан – І орын, арқан тартудан – ІІІ орынды иеленген. Ал 50 жастан асқан ардагерлер арасында өткен облыстық спартакиадада Қазалы ауданы ІІІ орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі спартакиадалар, кешенді жарыстар және тағы басқа облыстық, республикалық турнирлер ұйымдастырылып, халықты салауатты өмір сүруге және спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
– Ауданда дене шынықтыру және спортты дамыту саласында өз күштерін біріктіру мақсатында 3 спорт федерацияларымен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасастық. Олар ат спорты, футбол және қол добы. Қазіргі таңда үстел теннисінен және ережесіз жекпе-жектен аудандық федерация құру жұмыстары жүргізілуде.
Оған қоса ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға спорт түрлерінен қолдау мақсатында түрлі жобалар жасалуда. Жобаның басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандарды толыққанды қоғам өміріне қатыстыру және оларды дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды жүзеге асыру. Жоба аясында 8 спорт (отырып ойнау волейболы, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, үстел теннисі, суда жүзу және мылтық ату) түрлері бойынша алдын ала мүгедектермен жаттығулар өткізілуде.
Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде 1484 оқушы 13 спорт түрімен жаттығады.
Ал №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 758 оқушы 9 спорт түрімен, Қазалы спорт клубы бойынша 554 оқушы 8 спорт түрі бойынша тұрақты шынығады.
Осы кезеңге барлығы 2796 спортшыны құрап отыр. Спорт ұйымдарына келушілердің санын арттыру бұдан әріде жалғасын табатын болады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Бекарыстан би, Кәукей, Басықара, Жалаңтөс, Шәкен, Түктібаев, Тасарық, Мұратбаев, Майдакөл, Құмжиек, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бозкөл және Ақсуат ауылдарында спорт түрлері бойынша бөлімшелер ашылып жұмыс жасауда.
Бұл жұмыстар бойынша әлеуметтік желідегі парақшада атаулы күндерге байланысты челендждер, спорт мектептерінде шұғылданатын спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу эстафеталық челендждері, оқу-жаттығу жиыны және жерлестеріміздің түрлі жарыстардағы жетістіктері жайлы мәліметтер уақытылы жарияланып отырады, – дейді О.Жамшейтов.
Ауылдық жерлердің спортқа деген сүйіспеншілігі артқанымен тиісті жағдай мен орынның жайы ақсап тұрғаны баршамызға мәлім. Алайда бұл мәселенің шешілер күні алыс емес. Үрмәш Түктібаев ауылына спорт кешенін салу жобалары бойынша биыл жоба сметалық құжаттары әзірленіп, ұлттық қордан қаржы бөлінген. Қазіргі таңда спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Ал Қазалы қаласына және Ғани Мұратбаев, Жалаңтөс Баһадүр ауылдарына спорт кешендеріне жерге орналастыру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
– Спорт кешені ғимараттарына байланысты өӘйтеке би кенті мен Қазалы қаласына стандартқа сай спорт кешендері салыну қажет. Себебі, халықтың көпшілігі шоғырланған жерге арнайы спорттық жаттығулар мен жарыстар өткізуге кенттегі бір спорт кешені жеткіліксіз болып отыр. Оған себеп, былтырдан бастап футбол, волейбол, баскетбол, гандбол жарыстары айналымдар мен кезеңдер бойынша күнделікті өткізілуде. Сондықтан оқушылармен спортшыларға оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге графиктік уақыттары сәйкес келмей жатады. Бұл спорт кешеніміздің сиымдылығы аудандағы бұқаралық спорт және дене тәрбиесімен шұғылданушылардың қажеттілігін толыққанды өтеуге мүмкіндігі келмей отыр. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта аудан орталығына стандартқа сай спорт кешенін салуды тез арада қолға алынса деген тілек бар.
Сонымен қатар Қазалы ауданы бойынша отыздан астам жасанды кіші футбол алаңы қамтылған. Бұлар спорт бөлімі, білім ошақтары және ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне берілген. Осы жасанды алаңның төсеніштері мен қоршауларының тозығы жетуіне байланысты, алдағы уақытта кезең-кезеңімен ағымдағы жөндеу істерін жүргізуге жұмыстар жасалу қажет.
Ауданда суда жүзу спорт түрі ақсаңдап тұрғандығын, жаз мезгілі басталысымен өзіміздің балаларымыз Қамыстыбас көліне немесе шағын каналдарға шомылу ережесін сақтамай суға түсетінін бәріміз білеміз. Соның салдарынан өкінішке орай, қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Осы ретте аудан орталығына арнайы мамандандырылған жабық бассейн қажеттілігі туындап отыр. Біріншіден, жабық бассейінде жұмыссыздарға жаңа жұмыс орны ашылады, екіншіден балаларымызға суда жүзу қимыл-қозғалыстарын қалыптастырып, суда жүзу ережелерін үйренеді және үшіншіден ауданымызда суда жүзу спорт түрі дами бастайды. Бұл мәселені бюджеттен қаржысын бөліп, жабық бассейнді ақылы қылып, яғни револьверлік негізде бюджетке қаржысын қайтаруға болады. Немесе кәсіпкерлер арқылы мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізінде іске асыруға болады, – дейді бөлім басшысы Орысбек Жамшейтов.
Тағы бір жағымды жаңалық – Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстарына құны 69 миллион 654 мың теңгені құрайтын жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген. Оған тозығы жеткен стадион орындықтарын ауыстыру, қоршауларды жаңарту, торкөздер орнату және стритбол алаңы, воркаут сынды жұмыстары кіреді. Ал бұл алдағы уақытта жүзеге асады.
Серік АҚМЫРЗА

22 қараша 2022 ж. 214 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031