Келешекке таңдау жасалған күн
Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай сайлауға белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Жоғары жауапкершілікті сезінетін Қазалы ауданының халқы жексенбі күні таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс беруді бастап кетті. Қазалы ауданында 40 сайлау учаскесіне 46 129 дауыс беруші тіркелген.
Әйтеке би кентіндегі №226 орта мектепте орналасқан №62 сайлау учаскесінде дауыс беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқаудан басталды.
– Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бүгінгі күн келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Сол себептен ертелетіп өз таңдауымды жасауға асығып келдім, – дейді алғаш дауыс берген кент тұрғыны Әли Досқожаев.
Маңызды сәтке жауапкершілікпен қарап, ең алғашқы болып дауыс беруге келген тұрғынға №62 сайлау учаскесінің төрағасы Ерік Дәкенов қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты. Сондай-ақ сайлаушылардың арасында кәмелеттік жасқа толып, алғашқы рет дауыс берген тұрғындар да бар. Мәселен, Нұржан Маханбетияр Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті. Осы жылы 18 жасқа толып, сайлау құқығына ие болған жас сайлаушы мүмкіндікті қалт жібермей, өзінің азаматтық борышын орындады.
Жас студенттің айтуынша, алғашқы рет сайлауға қатысу өте қызықты, әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, еліміздегі тарихи күні оның да дауысы ескерілетін болады.
Аудан орталығында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабаның есімі берілген №70 мектепте орналасқан №57-ші Төребай Шермаханов бастаған сайлау учаскесі де маңызды науқанға сақадай сай екенін көрсетті. Осы маңда тұратын әрбір дауыс берушінің қапы қалмауын да жіті бақылауда. Аталған учаскеге келіп, алғашқы дауыс берушілердің бірі – 94 жастағы Айымқұл Жалғасбаев. Қария саяси науқанға аса жауапкершілік танытып, елдегі оң өзгерістерге үлесін қосуға келгенін мәлімдеді.
Қызыққа толы сайлаудың көркіне Гүлсая Ержан көрік қосты. Жақында ғана бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Гүлсая Әйтеке би кентіндегі №170 мектепте орналасқан №362 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Ауданымыздың мақтанышы дауыс беру рәсімінен кейін жүрекжарды лебізін жеткізіп, ел тыныштығын тіледі.
– Бүгінгі сайлаудың мән-маңызы жоғары. Себебі біз ел тарихында ерекше орын алар саяси науқанға қатысып отырмыз. Әрбір азамат ерікті түрде дауыс беріп жатыр. Мен де көпшілікпен бірге өз сайлау учаскеме келіп таңдау жасадым. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Гүлсая Ғалымжанқызы.
Учаскелік комиссия төрағасы Нұрлан Имашев еліміздің көк туын әлемдік аренада желбіретіп жүрген былғары қолғап шеберін жылы шыраймен қарсы алып, өзінің азаматтық борышына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғысын білдірді. Бұл уақытта Қазалы қаласында орналасқан №66 сайлау учаскесінде кондитерлік өнімдер сатылып жатқан еді. Айта кету керек, тіл үйірер тәттілердің бағасы да қолжетімді. Дәмін татқан дауыс берушілер аспазшыларға алғыстарын білдірді.
Ел келешегі үшін таңдау жасайтын күні туған күнін тойлаған қазалылықтар да табылды. М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицейдің қосымша білім беру педагогы Алмат РОМАН: «Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі, туған күнім осындай айтулы датамен тұспа-тұс келді. Ертемен келіп, сайлау учаскесінде өз дауысымды бердім. Болашақтан күтерім көп, – деді қуаныш иесі.
Саяси науқанда көптің көңілін көншітетін, ерекше құбылыстар болып тұратынын қалыпты дүние. Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде тұратын егіздер Нұрғиса Қуантқанұлы мен Нұрғали Қуантқанұлы саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін биыл да сайлау учаскесіне келді. Бұл жігіттер Әйтеке би кентіндегі №61 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Президент сайлауынан кейін бүгін сайлауға келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін, сондай-ақ еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін дауыс бердік. Әрбір саяси науқанды құр жібермейміз, міндетті түрде келіп дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз, берген дауысымыз елдің болашағы үшін маңызды, – дейді Нұрғиса мен Нұрғали Қуантқанұлы. Сол сияқты Қазалы қаласындағы №66 сайлау учаскесінде Дариға, Әлия, Динара Шәкірлер дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасады. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде орналасқан учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Арман Мусаев үшемдерге арнайы сый-сияпат тапсырды. Бұл эстафетаны егіздер елі атанған Ү.Түктібаев аулының тумалары жалғастыра кетті.
Үрмәш Түктібаев елді мекенінде тұратын Алтынбаевтар отбасы 2 жастан асқан үшем қыздары Айғаным, Айғанат, Асылыммен бірге сайлау учаскесіне ертелетіп келіп, үн косты.
– Мен 8 сегіз баланың анасымын. «Алтын алқа» иегерімін. Бүгін өз учаскемізге отбасымызбен бірге дауыс беруге келдік. Осындай шешуші сәттен қалыс қалмай саяси науқанға қатысуға тиістіміз. Өйткені, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жиі көңіл бөлінеді. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық, – деді алтын құрсақты ана Айгерім Махамбетжанова.
Сондай-ақ, таңертеңмен Тараз қаласында шекара қызметінде болып, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Жайнарұлы Толағай және Шапағат пен Толағай есімді егіз қыздарымен Жақыповтар отбасы сайлау үйіне келді.
– «Егіздер ауылы» атымен танымал біздің ауылда 26 егіз, 1 үшем дүниеге келген. Көп балалы ана ретінде мемлекет қамқорлығын көріп келеміз. Сондықтан саяси науқаннан, қоғамдық бастамадан тысқары қалмауды шешіп, сайлауға келіп, өз таңдауымызды жасадық, – деді Бағдагүл.
Саяси науқанда белсенділік танытқан үшемдер мен егіз балалардың ата-аналарына биылғы «Балалар» жылына орай сайлау учаскесінде естелік сыйлықтар табысталды.
Елді мекендегі №88 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесі талапқа сай дауыс беру жәшіктерімен, қажетті ақпараттық матеиалдармен, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Сайлау учаскесіне 1025 сайлаушы тіркелген. Ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары. Дауыс беруге жалғыз да, отбасыларымен де келіп жатыр. Солардың ішінде үшемдер мен егіз балаларды дүниеге әкелген ата-аналар Қуаныш пен Әйгерім, Таңат пен Перизат та бар, – деді №68 сайлау учаскесінің төрағасы Қуандық Қожалепесов.
Сонымен қатар аталған сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесіне жергілікті байқаушылар бақылау жүргізгенін айта кетейік.
Күн-райына немесе денсаулық жағдайына байланысты учаскеге өзі келе алмайтын жандарға тасымал қызметі де ұйымдастырылды. Бұдан бөлек ғимараттар стандартқа сәйкес пандустармен толық қамтылып, барлығы бірінші қабатта орналасқан. Аудан бойынша кресло-арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне келуіне қолайлы жағдай жасау үшін 3 инватакси тегін қызмет көрсетті.
Өз учаскесіне барып дауыс беру үшін инватакси қызметін пайдаланғандардың бірі І топ мүгедегі Серікболсын Шайықов жұбайы Дана Сапиолламен оқушылар үйіне барып, кандидатқа дауыс берді. Дауыс беру құқығына ие мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау барысында дауыс беруін қамтамасыз ету үшін жеке көмекшілері қызмет етті.
Түске жақын Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев та бүгін аудандық оқушылар үйінің ғимаратында орналасқан №56 учаскелік сайлау учаскесінде келешек үшін таңдау жасады. Қарапайым халықпен бірге кезекке тұрып, олардың сайлау күнгі көңіл-күйлері мен саяси шараға деген көзқарастарын сұраған аудан басшысы «Мен бүгінгі сайлауда дауыс беруде қазалылықтар өздерінің балалары мен немерелері, тұрақтылық пен өркендеу үшін біркісідей дауыс береді деп ойлаймын», – деді. Әкімнің жары Эльмира Жетібаева да науқаннан қалыс қалмады.
Қазалы қаласындағы №67 сайлау учаскесінде жас жұбайлар да дауыс берді. Сол күні отау құрған Жігер Русланұлы мен Меруерт Болатқызы отбасын құрған күні ел келешегі үшін де шешім қабылдады. Жас жұптың өмірінде бұл алғашқы саяси науқанға қатысуы емес. Олар бұған дейінгі өткен сайлауларға да белсенді қатысқандарын айтады.
– Еліміздің жарқын болашағы үшін саяси науқанда өз таңдауымызды жасаймыз деп бірге шешім қабылдадық. Бұл біздің азаматтық борышымыз, – деп атап өтті Жігер Русланұлы.
Таң сәріден бері ауданның әр аймағында орналасқан 40 сайлау учаскесінің барлығында дерлік сайлаушыларға арналып түрлі шаралар ұйымдастырды. Сайлау учаскелерінің бірінің алдында келушілерге арналып тәтті бәліштер мен ыстық бауырсақ таратылса, енді бірінде сайлаушыларға арналып түрлі естелік сыйлықтар табысталуда.
Сонымен бірге осындағы № 57, 58, 60, 61, 78, 82,85, 362, 376 сынды сайлау учаскелерінде арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес, футбол, фристайл секілді спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижесі бойынша Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Оған 6 миллион 456 мың 392 адам, яғни сайлаушылардың 81,31 проценті дауыс берген.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ