Талаптыға нұр жауар
Ауданда медицина саласына ұзақ жылдар бойы еңбегі сіңген жандар жетіп артылады. Соның қатарында Ерболат Тәжібайұлын айрықша атауға болады. Ол Қазалы теміржол ауруханасында тапжылмай 42 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар аралығында өзін кез-келген жағдайда қажетті көмек көрсете алатын білікті маман ретінде дәлелдей білді.
Ерболат Дәрібай іс тәжірибесі мол сауатты, диагнозды дәл қоятын дәрігер ретінде тұрғындардың ықыласына бөленген. Білікті дәрігердің ақыл-кеңесіне құлақ асып, жұмыс барысын меңгеріп жүрген ізбасарлары тәртіптілігі мен жинақылығына ерекше тәнті. Оның шұғыл жағдайда сауатты әрекет ететіндігін жоғары бағалайды. Ол диспансерлік науқастар мен жұмысшылардың және олардың жанұяларының денсаулығын бақылауды тиянақты өткізеді.
Профилактикалық жұмыс және рентгенология-флюорография, компьютерлік томография зерттеулерін өз деңгейінде жүргізеді. Профилактикалық жұмысты жүргізу үшін дәрігерлік эксперттік комиссияның мүшесі болып сайланған. Маммографиялық қорытынды жазбаларды сауатты қарап шығады. Мұнан бөлек сегіз қырлы, бір сырлы жан ретінде ұжым арасында белсенділігімен айрықша танымал. Салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидасын насихаттауда алдына жан салмайды. Сондықтан да аурухана спорт секторын абыроймен басқарып келеді. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жылда аудан ішілік «Денсаулық» күніне мерекелік шаралар ұйымдастырады. Шахматтан жарыстарға қатысып, бірінші орынды иеленген.
«Денсаулық» және «Жәрдем» пойызының барлық ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, халыққа медициналық көмек көрсетті. Ауруханаға қарасты кәсіподақ ұйымының мүшесі, жақсы жетекші, басшылық қабілеті зор маман ретінде ұжым арасында ерекше бағаланады.
– Қарапайым және сыпайылығымен халықтың алғысына бөленген жан. Ұжымда және бөлімде өз ісінің маманы. Жылдар бойы жиған білім мен тәжірибенің арқасында рентгенология-флюрография зерттеулерінің қорытындысын нақты, уақытында жүргізіп келеді. Көптеген пациенттің риясыз ризашылығын алды. Оперативтік жұмыста біліктілік, мақсатқа талпынушылық, тәртіптілік байқатты. Қызметтік міндеттерін адал орындайды, табандылық пен бастамашылық қасиетке ие. Жоғары еңбек қабілеттілігімен ерекшеленеді. Алдында тұрған міндеттерді шешуге басшылық және қол астындағы қызметкерлерін шебер бағыттайды, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының директоры Құбыл Ршымбетов.
Жас мамандардың үйретуші ұстазы білгенін үйретуден жалыққа емес. Бүгінде жоғарғы санатты дәрігер рентгенолог қызметін аса жауапкершілікпен атқарып жүр. Жуырда осы еңбектері ескеріліп, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалымен марапатталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА