Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиі – өркениетке қадам

Латын әліпбиі – өркениетке қадам

Бүгінде ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкіген заман талабы әлі күнге дейін жұрт арасында қызу талқыланады.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан елдің маңызды бастамаларының бірегейі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп есептейміз. Себебі тәуелсіз елдің негізі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын әліпбиіне көшу, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым «орфоэпия» мен жазылым «орфография» талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашары сөзсіз.
Негізі латын әліпбиінің жасалған жазу үлгісі 1929 жылы түркітілдес халықтар арасындағы келісім бойынша ортақ қолданысқа енген. Алайда ол 1940 жылға дейін қолданылып, сол жылы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданған. Бірақ бұған қарамастан әліпбиді жалғыз Түрік халқы сақтап қалған және әлі күнге дейін пайдаланып келеді.
Кейін 2017 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша латын әліпбиі қайта қолға алынып, алдымызға 2025 жылға дейін толықтай осы әліпбиді меңгереміз деген мақсат қойылды. Бүгінге дейін тиісті орын мамандары түрлі тренинг сабақтар өткізу арқылы халықтың басым бөлігін бұл қаріптермен таныстырып, үйретіп келді. Содан соң 2020 жылы соңғы өзгертулер жасалып, кейін латын әліпбиіне мораторий жарияланып, толықтай енгізу уақыты да 2031 жылға созылды.
– Латын әліпбиінің негізі А.Байтұр­сын­ұлының бір таңба, бір дыбыс принципі бойынша алынған. Жалпы бұл әліпбидің ел ертең үшін әкелер пайдасы өте мол, қазақ тіліне серпін беретін, көкжиегін кеңейтетін дүние деп есептеймін. Өйткені біз осы әліпбиге көшу арқылы ертеден қалыптасқан қате сөздерді түзеуімізге негіз болады. Мәселен, қазақ тілінде созыңқы «и» деген әріп жоқ, қысқа, дауыссыз «й» ғана бар. Яғни, «сиыр» деген сөз негізгі орфографиялық дұрыс нұсқасы 5 әріппен «сыйыр» деп жазылуы тиіс. Ал жаңа әліпбиде осындай «э», «ю», «я», «и» сынды әріптер алынып тасталынған. Жаңа әліпбиде осындай кемшін тұстарын түзей аламыз.
Сосын кірме сөздер, көптеген терминдік атауларды да бұл әріптерсіз айту немесе жазу мүмкіндіктері бар. Мысалыға, «парашют» сөзін «парашүт» деп жазу сынды, өзіміздің тілдің айтылу ерекшеліктерін қалыптастыратын жақсы тұстары бар, – Жұбатқан Таңжанов, Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының тіл маманы.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Жалпы бұл әліпби әлемде кеңінен қолданылады. Сондықтан көш соңында қалмас үшін латын әліпбиін қайта қолға алсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Серік АҚМЫРЗА
01 қараша 2022 ж. 345 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930