Пенде хақы
Өмірден өтіп жатқан адам туралы ол қандай кісі болса да «жақсы адам еді»дейміз. Ал Асанхан ағам шынымен жақсы адам болатын. Туыстық жағы өз алдына, ол кісімен қарым-қатынаста болған отыз жылдан аса уақытта сыйластығымызға сызат түспеген. Баладай ақкөңіл, қандай шаруа болсын, үлкеннің де, кішінің де алдына түсіп алып, елпілдеп жүре беретін. Әттеген-айы сол, зейнетке шыға сала өмірден өте шыққанын қайтерсің?! Жақын-жуық жиналып ақ жуып, арулап шығарып салдық. Адам бір-біріне қонақ деген сол. Бейіт басынан қайтып келген соң да жылап-сықтау жалғасып, ақырындап бәсеңдеді де, еске ала бастадық. Сондағы, Оралдан келген, өзінен он-он бір жастай кіші інісі Бердібектің айтқаны есімде қалыпты. Негізінде әңгімеге арқау болған Бердібектің көзінің қарашығындағы нүктеден сәл ғана үлкендеу ақ дақ болатын.
– Асекең он алты, ал менің бес жасар кезім еді, – деді Бердібек інім. Ол кісі естияр болғанымен, бәріміз де ойын баласымыз ғой. Бір күні саусаққа байлап ақ сым салып ататын резеңкемен Асекең абайсызда менің көзімнен атып алды. Шырылдадым да қалдым, үй-іші жиналып қалды, байғұс ағам ақталумен әлек, шешем қарғап-сілеп жатыр, әрине ашынғандағы зілсіз қарғыс қой. Дәрігерге көрсетіп, ем-дом жасап ақыры қайыр болып, көзім жазылып кетті, бірақ қарашығымда нүктеден сәл үлкендеу ақ дақ қалып қойды. Осы оқиғадан соң арада он бір жыл өтті. Мен он алтыдамын, Асекең әскерден келе сала үйленген, бес жасар Мақсат есімді сүйкімді ұлы бар. Әке-шешем отбасымыз үлкен, әрі аула кең болған соң, аға-жеңгемді ауланың екінші жартысына шағын үй тұрғызып бөлек шығарып қойған. Екі үйдің дәл ортасында су жүретін арық, жағалай қалың болып алма ағаштары отырғызылған. Мақсат інім екі үйдің арасын жол қылып, кезек қонып жүретін. Бір күні не шайтан түрткенін қайдам, күн бата біздікіне қарай келе жатқан Мақсат інімді ойнап қорқытқым келіп тығылып тұрып, дәл бақтың тұсына келе бергенде айқайлап қалдым. Ойыннан от шығып, бес жасар інім тұтығып, тілі байланып сөйлей алмай қалды. Өкінгенмен не пайда, өзім де шешемнен сыбағамды алдым, аға-жеңгем не десін, іштерінде ғой. Інімді біраз емдеттік, кейінірек сөйлеп кеткен. Қазір үлкен азамат болды, балалы-шағалы, бірақ ара-тұра тұтығып сөйлейтіні сол күйі қалып қойды. Менің бір таң қалғаным, көзім жарақаттанғанда мен бес жастамын, Асанхан ағам он алтыда болса, Мақсат ініме зақым келтіргенімде, мен он алтыдамын, інім бес жаста екен. Бұл сәйкестік пе, әлде Жаратушының бір ғибраты ма екен?!
Бердібектің бұл естелігіне мен де ойланып қалдым да, мына бір хикметті оқиға есіме түсті.
Құран Кәрімдегі Мұса ғ.с. пайғамбар өз заманындағы ең білімді және ең әділ, ақиқатпен үкім жүргізуші адам болыпты. Бір күні ол Жаратушы Аллаға: «Жаратқан ием, маған осынша білім бердің, ақиқатпен үкім жүргізуді үйреттің, бірақ өзіңнен сұрайтыным, менің әлде де білімімді толықтырсаң және өз ақиқатыңды көрсетсең» деп дұға жасайды. Жаратушы дұғасын қабыл етіп, аян арқылы күні ертең пәлен деген жердегі бұлақтың жанына барып көз алдындағы көріністі бақылап отырса, сол жерде өзінің ақиқатына көз жеткізетінін айтады. Мұса ғ.с.пайғамбар ертеңіне айтылған бұлақтың тұсына келіп отырып, Алланың уәде еткен мұғжизасын бақылай бастайды. Біраздан соң бір аттылы кісі шауып келіп, атынан түсіп, қолына ұстап келген қоржынын жерге қойып, бұлақтан өзі де су ішіп, атын да суғарып, қайтадан атына қарғып мініп көздеген жағына шаба жөнеледі. Бірақ шағын қоржынды ұмыт қалдырады. Сәлден соң бұлақ басына секеңдеп ойнап он-он бірлердегі бала келіп бұлақтан су ішіп болып кетейін деп жатқанда қоржынды байқап алып қараса, іші толған алтын екен. Қуанып кеткен бала қоржынды алып жүгіре жөнеледі. Тағы біраздан кейін бұлақ басына таяғын тықылдатып зағип шал келіп су ішіп, бетін жуып болып енді кетейін деп жатқанда, әдепкі келген аттылы кісі шауып келіп, жан-жағына алақтап қарап алып, зағип шалдың жағасына жармаса кетеді. Әрине, не сұрап жатқаны түсінікті. Бірақ байғұс шал өлердегі сөзін айтып қанша ақталса да, аттылы кісі сенбейді, ақыры зағип шалды буындырып өлтіріп, атына мініп кете береді.
Осы көрініс аяқталғаннан кейін Жаратушы Алла: «Мінекей, менің саған берген пенделердің өресі жетпейтін білімім және ақиқатым», – деп Мұса ғ.с.пайғамбарға аян береді. Көз алдындағы көріністі бақылап болып, таң қалып отырған Мұса ғ.с. «Жаратушы ием-ау, менің көз алдымда бір жазықсыз зағип шалды аттылы кісі буындырып өлтірді, ал алтын толы қоржынды алған бала емес пе, бұның несі ақиқат», – дейді. Сонда Жаратушы: «Ал енді шын жағдайды дұрыстап тыңдап ал. Осыдан пәлен жыл бұрын аттылы кісі алтын толы қоржынды алып кеткен баланың әкесінен қоржындағы алтынның құнындай қарыз алып, қайтармай кеткен, ал зағип шал жас кезінде аттылы кісінің әкесін буындырып өлтірген. Бала әкесінің қарызын қайтарды, аттылы кісі әкесінің кегін қайтарды», – депті.
Шынымен де, мына аласапыран өмірде болып жатқан небір түрлі жағдаяттарды түсінуге біздердің өреміз жете бермейтін сияқты.
Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті