Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәңірден тамшы тілеген

Тәңірден тамшы тілеген

Тасаттық ата-бабамыз ерте заманнан атқарып келе жатқан салттың бірі екені баршамызға мәлім. Десек те оның қайдан шыққан дәстүр екенін көбісі біле бермейді. Кезінде Нұх пайғамбар үш баласын дүниенің үш торабына жіберіпті. Үлкен баласы Самнан барша ақ нәсілділер, ортаншысы Хамнан қара нәсілділер, кіші ұлы Жаппас­тан түркі нәсілі тарайды. Оның иелігіне күншығысты берді. Нұх пайғамбар кіші баласын ұзақ сапарға аттандырып тұрып:
– Ұлым, мына тұмарды мойныңа тағып ал. Мұнда қасиетті дұға жазылған. Алда-жалда бір қиындыққа тап болсаң, осы дұғаны оқырсың, – деп шақпақ тасқа жіп өткізіп, ұлының мойнына тағады.
Жаппас шығысқа қарай сапар шегіп, ұзақ жол жүреді. Көп жүріп, қалың қарағайлы бір тауға жеткенде кенеттен аспан күркіреп, жер-дүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Сол мезетте бір алаулы ұшқын тауға түсіп, қарағайларды өрт құшағына қамайды. Не істерін білмеген Жаппас әкесі жазып берген тас бойтұмардағы дұғаны оқи бастаған сәттен-ақ, көктен нөсерлетіп жаңбыр құяды. Өрт өшіп, күн ашылады. Жаппас сол сапарда Түркістан өңіріне ат табанын тіреп, шақпақ тасты Қаратаудың баурайына қояды. Осында отау құрып, ұрпақ өсіреді. Дүниеден өтерінде балаларына:
– Егер қуаңшылық болып, көктен тамшы тамбаса, тауға барып, дұға оқыңдар. Семіз малдан құрбандық шалыңдар. Сонда жаңбыр жауып, егіндеріңнің шығымы жақсы болады, – дейді. Содан бастап бұл тас «жады тасы» деп аталады. Құрғақшылық болған кезде адамдар сол тасқа барып, ондағы жазылған дұғаны оқиды екен. Кейін бұл дәстүр тасаттық беру салтына ұласты. Адамдар бұлақтың, өзеннің бастауына барып, құрбандық шалып, Алладан жаңбыр тілейді. Осы сәтте айтылатын тілек қазақ арасында «күн жайлату» деген атпен белгілі болған.
Түп тамыры тереңде жатқан игі дәстүр осылай өмірге келген деседі. Ал бүгінде тасаттықты жұмыла атқару Қазалы ауданы көлемінде жаңаша қарқын алған. Мөлтек-аудандар, мекеме ұжымдары, одан қалды тұтас бір көше тұрғындары жиылып, осы мерекені ауызбіршіліктің бастауы санайды. Күйбелең тіршілікпен жүріп, араластығын алыстатып алған ағайынның бір үйдің баласындай берекелі істі бірге атқарып жүргенін көзіміз көріп, көңіліміз бірленіп қалған болатын. Ал салт-дәстүрдің қайнар ошағы ауыл екенін ескерсек, бұл мерекенің шынайы көрінісі сонда екенін ұғамыз. Осы мақсатта жақында Қожабақы ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен атқарылған тасаттыққа куә болып қайттық.
Күн көзі шығыстан көтеріле бастаған сәттен қожабақылықтар орталық алаңға ағылды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ізгі істің жыртығын жамап, даярлық шараларына шапқылауда. Кең көлемдегі тойға ауыл сыртынан шаң көтеріп, Қ.Пірімов пен Бекарыстан би, Бозкөл мен Өркендеу, Аранды мен Бірліктен келіп жатқан көрші ауылдықтардың да қарасы қалың. Жұртшылық жиылып болған соң ақсақалдардан бата сұралып, мереке спорттық ойындармен ұласты.
«Күш білекте емес, жүректе» дейді дана қазақ. Тасаттықтың шеңберіндегі қол күрес сайысы, семсер ұстар шымыр қол иесін анықтап берді. Бекарыстан би ауылынан келген Данияр Тілеубергенов қарсыластарының барлығын қапыда қалдырып, бірінші орынды жеңіп алды.
Батпан көтеру сайысы басқасынан өзгешелеу болды. Бұған қатысушылардың барлығы қара нарды қымсынбай көтеретіндей еді. Бірінен соң бірі шыққан күш иелері қарсыластарының межесін жаңартып отырды. Бірақ, мықтыны анықтау – сайыстың басты талабы. Гір тасын шекесінен 95 рет асырған қожабақылық Ғалымбек Кежденбекке қарсылас табылмай, ауыл мерейін асқақтатып тастады.
Мереке шеңберінде ұйымдас­тырылған арқан тарту жарысында Қожабақы тұрғындарынан құралған топтан асып түсер ешкім болмады. Тегеурінділікті талап ететін мойынарқанның жүлдесін де жергілікті қатысушы Ержан Балғабай жеңіп алды.
Жеңімпаздар анықталып, оларға сый-сыйапаттары табысталған соң, шараға жиылған жұрт ауыл мешітіне қарай ағылды. Онда қасиетті Құран оқылып, өкіл имам жаңбыр дұғасын жасады. Қалың халыққа қонақасы берілді.
Тасаттықты қай кезде болсын ат жарысынсыз елестету мүмкін емес секілді. Көпшілік асыға күткен жарыстың тұсауын тай бәйгесі кесті. Алғашында мәреге аты аталып, түсі түстелген жиырмаға жуық шабандоз тізілгенімен, бірінші айналымнан кейін жеңімпаздың иесі белгілі болғандай-ақ еді. Мұратбаев ауылының тумасы Құрманғали Қияқбаев баптаған «Көкүрік» атты тай шабандозы Еркебұлан Құттыбайдың тізгіндеуімен мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші және үшінші орындар бозкөлдік шабандоздарға бұйырды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қанда». Қожабақы ауылында өткен құнан бәйгені осы тәмсіл айшықтап беретіндей. Себебі, осы жарыс басқаларына қарағанда тартыс­ты өтті. Нәтижесінде шөмішкөлдік Олжас Анапияевтың «Шөміш» атты тұлпарының арқасына мінген Арман Шалабаев бас бәйгені қанжығасына бас­ты. Бұдан кейінгі тоқ бәйге сайысында Қожабақы ауылының тұрғыны Нұрадин Решовтың «Қарақасқасын» басып озар сәйгүлік табылмады. Оны жүгендеген Талант Нұрадинге жиылған жұрт риза болып, қошемет көрсетті.
Ат жарысын қорытындылаған аламан бәйге құлағын қайшылай түрген сәйгүліктермен ерекшелене түсті. Сайыс мәресіне тоғыз болып тізілген тұлпарлардың үшінші, төртінші айналымнан кейін қатары сейіле бастады. Жарыс алаңынан асып, жүгенге бағынбай кеткен аттар да жоқ емес. Ақырында «Ақмаржан» атты алты жасар ат аламанның бәйгесіне қол жеткізді. Қазалылық Асқар Сәтбаев иелік ететін бұл сәйгүлікті Қайрат Дәулет есімді бозбала қамшылаған еді. Аламанның екінші, үшінші орынын Сыдық Теміровтің «Айтөбелі» мен «Бала күреңі» қанжығалады.
Сайысты қорытындылай келе, ұйымдастыру комиссиясының төр­ағалары Ә.Сүндетов, Е.Махұмет, Ж.Мүбереков, М.Қаражанов, Д.Серік­баев, Р.Қожахметов және Б.Аманов жеңімпаздарға ауыл тұрғындарының тіккен ақшалай бәйгелерін табыстады. Жүзден жүйрік келген жүйріктердің арқасына кілем жабылды. Тасаттыққа арнайы келген қонақтар ұйымдастырушы ұжымға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңілмен тарқасты.
P/S: Халқымыздың ұлттық санасына берері көп мұндай дәстүрдің ұмыт қалмай, қайта жаңғырып жатқаны көңілге үміт, кеудеге жалын берері анық. Тасаттық секілді дәстүр-шаралар ұмыт бола бастаған ұлттық спорт түрлерін түлетуге, құдайшылдығымыз бен қазақылығымызды құтымыз деп бағалауға және ең бастысы ауызбіршілігіміздің одан әрі нығая түсуіне сеп болмақ.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
11 мамыр 2018 ж. 1 485 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930