Қазалыдағы алғашқы мектеп
2010 жылдың 9 қыркүйегінде Қызылордада Жалаңтөс баһадүрді еске қалдыру шарасы атқарылды. Үлкен де жан-жақты дайындықпен басталған шара мәнді болды. Қолбасшыға ескерткіш ашылып, мазмұнды ғылыми конференция өтті. Сол жолы қонақтарға берілген дәм үстінде: «Ендігі жылы Сердалы Бекшориннің Қазалыда мектеп салдырғанына 150 жыл толады. Сол білім ұясына аты беріліп, алдына ескерткіші қойылатын болды», – деген сөз айтылып қалды. Бұған біз таңғалдық. Сөйттік те марқұм бабамызға әлдеқандай ағат пікір айтылып кетпеу үшін нақты дерек көзі – мұрағатқа отыруды жөн көрдік. Себебі… Баукең – Бауыржан Момышұлы ағамызша айтсақ: «Аспанда – құдай, жерде – архив қой». Бәрін анықтайтын – мұрағат. Иә, сол. Сонымен…
Оны кім салдырған?
Патшалы Ресей ұшы-қиыры жоқ Орынбор өлкесін жаулап алғаннан кейін далалықтарды рухани жағынан отарлау шараларын жүргізе бастады. Өзіне қараған алып аймақтың орыс үлгісінде тіршілік етіп, православие дінін қабылдауы құба-құп, түсінісуге де оңтайлы, басқаруы да оңай. Әкімшілік арасында бұл күрделі мәселеге «ыстықтай» ұрынғандар да болды. Мұрағат құжаттарында шоқынғандардың «заңдастырылған» тізімдері кездеседі. Бұлар көбіне жесір әйелдер, қорғансыз қалған қаріп-қасірлер. Ашықтан-ашық зорлық жасалған жайттар да жеткілікті.
Кеңес Одағы төңкеріске дейін қазақтардың екі-ақ пайызы сауатты болатын деп тұқыртқанымен, бұлардың арасында ішінара орыс үлгісінде, көбіне-көп діни үлгіде арабша сауаттанғандар болды. Ауқатты адамдардың бірсыпырасы жас баланы жер түбі – Хиуа мен Бұхараға асырмай мұғалім жалдап, үйлерінде оқытқан. Олардың көбі татар не ноғай болып келеді. Мұрағаттарда араб қарпімен жазылған ресми құжаттардың татаршаға барып сүрінетіндігі сол.
Енді «бұратаналарды» жат жұрттықтардың ықпалына беріп алмау үшін мектеп ашу қажеттігі туды. Ұлттық мектеп, алайда Ресей мүддесіне қызмет ететін мектеп. Сөйтіп, патша «қырғыздарға» мектеп ашу жөніндегі арнаулы Ережеге 1844 жылдың 14 маусымында қол қойды. Сұлтан Сүлеймен Жәңгіров Орынбор шекара комиссиясының төрағасына форпостар мен ставкаларда, яғни бекіністерде мектеп ашуға қазақтар қарсы емес деп кепілдеме берген.
Сөйтіп Орынборда ең алғаш Ыбырай Алтынсарин бастап оқитын қазақ балаларын оқыту 1850 жылы басталды. Ыбекеңнің ұстаздары шынында да мектеп көрген. Құжаттар мұрағаттарда міні құралмай сақтаулы тұр. Мұнтаздай жинақы. Журналда Ыбекең ылғи да бірінші. Тәртібі, бағаларының бәрі де «өте жақсы».
Қазалыда қазақ мектебін ашу қарекеті Орынбор әкімшілігі жобалағандай, 1860 жылы басталғанмен, қаржы тапшылығы, құрылыс саймандарының жер түбіндегі орыс қалаларынан жеткізілуі, дайын мұғалім де жоқ, баяу жүзеге аса бастады. 1862 жылдың 3 қарашасында Орынбор генерал-губернаторы А.А.Катенин сенімді инженер Геннрихке 25 оқушыға арналған қазақ мектебінің сызбасын дайындауды тапсырды. Үй – алты бөлме. Бір сынып, оқытушыларға арналған екі бөлме, асханасы да бар (ҚРОММ. №382 қор, №11 іс). Сызба Қазалыға губернатордың №2413 қатынасымен жетті. Оқу – төрт жылдық. Жылына 1703 рубль жұмсалуға тиіс. Тек сенімді қазақтардың балаларын ғана оқыту керектігі де қатаң тапсырылған (ҚРОММ №382 қор. №1 тізбе, №16 іс, №119-бет).
Генерал-губернатор Қазалы қаласының комендантына 1862 жылдың 20 қарашасында жолдаған сол қатынасында оған қарауындағы офицерлер мен қала тұрғындарымен жиын өткізіп, осы мектептің салыну жайын талқылап, мұнда жатқызып, оқытуға қазақ балаларын алуға сай болғаны ләзім деп тапсырма береді. Нұсқауда мектептің 1863 жылы ашылуын қарастырған.
1862 жылы мектептің іргесі қазылған. Қыркүйекте ашылады деген үміт бар. Мектеп құрылысын басқарып, оған қажетті саймандарды есептеп жүрген инженер-поручик Кононов. Осы жылдың қаңтарында мектеп дайын емес. Оқушы қабылдауға мүмкіншілік жоқ. Сол уақытта қазақ мектебіне жазылған 18 ер, 8 қыз баланың арасында бір де бір қазақ жоқ. Балалар 15-3 жас аралығында. Екінші бір тізімде 26 бала тұр. Бұнда да бір де бір қазақ баласы көрінбейді.
1863 жылдың 24 мамырында Орынбор әкімшілігі №1 форттың қазақ мектебінің смотритель-мұғалімдігіне 100 рубль еңбекақымен Жолмұхаммед Байжановты бекіткен. Ол Қазалыдағы қазақ мектебін ашуға бір жерде сол жылдың 23 маусымында, екінші жерде 11 шілдеде келді деп көрсетілген. Мұғалім өзімен бірге араб, парсы, татар тілдерін оқытатын 12 кітап ала келген. №1 форттың бастығы смотрительге пәтер, қажетті қыз¬метші бермеген.
Құжаттардағы мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазалыдағы тұңғыш қазақ мектебі 1863 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған. Сол жылы форт басшылығында қазақ мектебінің смотрителі Жолмұхаммед Байжанов орыс тілін нашар меңгерген, орыс балаларын үйрете алмайды деген шағым түскен. Демек, жұмыс істеп тұрған қазақ мектебінде мойындары қылқиып орыс-казак балалары отыр. Мұғалімнің өтініші бойынша қазан айының 10-ы күні форт басшылығы мектеп мұқтажына бір шақырым жерден құдық қаздырып берген.
Мұғалім Жолмұхаммед Байжановпен форт басшылығы дүрдараз. Бірінің үстінен бірі жазған шағым едәуір. Байжановтың көрсетуінше, еңбекақысын сұрап барса, форттың мас бастығы бұған «иди к черту» деген. Форт басшылығына сенсек, бұның ұстаздығы күмәнді.
1864 жылдың 14 қаңтарында Жолмұхаммед Байжанов Сырдария жүйесінің бастығы Веревкинге көзім ауырады, Орынборға жіберіңіз деп арыз жазады. Веревкин оны ақпан айында қызметінен босатады. Дәл осы кезде қазақ мектебінде 10 ер бала оқып жүр деген мәлімет бар.
1864 жылдың 12 қарашасында Қазалыға Орынбор қырғыз мектебінің түлегі «учитель киргизской школы» болып Момын Байдосов келді. Орынбордан шығарда оған 16 рубль 36 тиын «прогон», жүз рубль «подъемный» берілді.
Қазалыға келген алғашқы ұстаздар Жолмұхаммед Байжанов та, Момын Байдосов та Орынборда тұңғыш ашылған шекара комиссиясының жетіжылдық орыс-қазақ мектебін Ыбырай Алтынсаринмен бірге оқып бітірген. Сонымен Қазалыға қазақ мектебін ашуға келген тұңғыш мұғалім Жолмұхаммед. Алайда оның оқытуына жинап берген балалардың басымы орыс. Сабақ ана тілінде емес, орыс тілінде жүргізілді. Татарша, қазақша аралас шатты-бұтты ауызша аударма жасалған. Нұсқау бойынша орыс балалардың қазақ тілін үйренуі міндетті емес. Өзі бар болғаны оншақты ай ғана жұмыс істеді. Әрекет басталғаны-мен, істе береке жоқ.
Қазалы уезінің ағарту саласы бізден бұрын да тиянақты зерттелген. Олар сол жайттарды көзімен көрген кісілердің дәйегін былай деп көрсетеді:
«1914 жылы Қазалыдағы үш сыныптық ерлер училищесі қалалық 6 сыныптық училище болып қайта құрылды. Бұлардың материалдық базалары нашар-тұғын. Мысалы, орыс-қазақ училищесі арендаға алынған үйдің 2 бөлмесіне орналасты, кейін бұзылған, ізі де жоқ. 4 сыныптық қалалық училище жай үйге жайғасты. Бірнеше сыныптары, жалпы дәліз, мұғалімдер бөлмесі болды. 1915-1916 жылдары бұл үй бұзылды».
«Қазақ балаларына арналған мектептің тұрақты ғимараты болмағандықтан 1939 жылға дейін әр кезеңде әр жерге орын аударып отырған» («Тамыры терең Қазалы». Алматы. 2009 жыл. 15,16-б.б.)
Сонда С.Бекшорин «салдырған», алдында ескерткіші қойылмақшы мектеп қайда?
Дәйекті құжаттарға оралайық. Қазақ мектебін ашу жыры аттай бес жылға созылды. Мектеп үйі шағын болғанмен, оны тұрғызу оңайға соқпады. Өйткені құрылыс жабдықтары түгел дерлік 933 верст Орынбордан тасылды. Есіктің тұтқасы мен топсасына дейін… Империяның өзі сала алмай жатқан мектепті хорунжий Сердалы Бекшорин салдырды деудің өзі қиялдың ғана шаруасы.
Момын Байдосов қыпшақ руының терей бөлімшесінен. Қоныс іргелес болғандықтан орыспен ерте араласқан. Ісіне мығым адам тәрізді. 1865 жылы жылына 340 рубльдің есебінен осы жылдың ақпанына «смотрителю и учителю киргизкой школы 28 рубль, 33 копеек» төлеуді сұрайды. Момын Байдосовтың қолы бар. Мектептің іс қағаздарын өз қо-лымен толтырып отырған. Еркін жазады, жазуы әсем. Мұғалімдікпен қатар, қоғамдық жұмыстарға да тартылған. 1873 жылы Қазалы уезі басқармасының аудармашысы ретінде қамқа шапанмен марапатталған. Тағы бір құжат: «на основание предписания управляющего туземными населениями правого фланга туркестанской области от 21 декабря 1868 года за №1435 выдано учителю киргизской школы Байдосову за усердную и ревностную его службу сто рублей»
Момын Байдосов туралы 1878 жылдың 24 қаңтарында Сырдария облысының әскери губернаторы полковник Маевский Түркістан генерал-губернаторына: «Хотя Мумун Байдусов, по происхождению на поступление на государственную службу право не имеет, но принимая во внимание с одной стороны хорошее его поведение и весьма добросовестное исполнение им объязанностей вольнонаемного переводчика при Казалинском уездном управлении с 1868 года и смотрителем, и учителя Казалинской русско-киргизской народной школы с 1864 года, и с другой, что Байдусов успешно окончивший полный курс наук русско-киргизской школы (7 летний) в Оренбурге при бывшей Оренбургской пограничной комиссии », – деп жазған.
Момын қала маңынан екі десятина жер алып, егін салған. Демек қарапайым еңбекқор да кісі. Ол алғашқы алағай да бұлағай ұйымдастыру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл мектепте 1877 жылдың 1 қыркүйегіне дейін үзбей 13 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Аудармашылық қызметіне 1873 жылы 600 рубль алған делінген, дерек бар.
Біздің танымда жас ұрпаққа бейтаныс Момын Байдосов қазаққа Ыбырай Алтынсарин қандай қадірлі болса, Сыр өңіріне сондай қадірлі қайраткер. Ол қиын-қыстау кезеңде патша қызметкерлерінің көңілін таба жүріп, қазақ мектебінің отын өшірмеді. Бірі келіп, бірі кетіп беркесіздік жайлаған, оқу атаулыдан үркіп жүрген дала жұртын төзім¬ділікпен сауаттандыра білді, бұлақ көзін ашты. Қазалы қаласында ғана емес осы өңірдегі мәдени білім ошақтары осы ұстаздың бастамасымен өріс алды. Ол ағамыз ашқан сол бұлақ бұл күндері игілігін ұрпағы көріп отырған телегей теңіз. Қолға түскен осы аз ғана деректердің өзі алғашқы ұстаздың қабілетті, ісіне адал, төзімді де тиянақты кісі болғандығын көрсетеді.
Мен Қазалыда қызмет етіп жүрген кезде, кейін де, бұл кісіге сұрау салған, осы күні әдетке айналған атына көше сұраған, музейге материал не болмаса мектепке бұрыш ұйымдастыру жайын ізденіп жүрген кісі көрмедім. Қазалыда ұрпақтары болмауына қарағанда, алғашқы ұстаз сол кезде өзге жаққа, бәлкім атажұрты Қостанай бетіне қоныс аударған тәрізді.
Алғашқы ұстаздың ұрпақтарынан кім бар? Кейінгі тағдыры қалай болды? Ол жағы әзірге белгісіз. Жергілікті өлкетанушылар бәлкім Қостанай жақтан, бәлкім Орынбордан, оқу министрліктерінің мұрағаттарынан еңбегі адал ұстаз Момын Байдосовтың ізін шығарса кәні.
Қолға түскен осы деректер мынадай қорытынды жасауға алып келеді. 1. Мектептерді ашу тікелей орыс өкіметінің қолында болып, солар арқылы жүзеге асты. 2. Мектептерге қаржы алғаш өкімет тарапынан бөлінді. Сол қаржы көзі қазақтардан жиналған түтінсалық болатын. Ерікті көмек орыс мектептері үшін ұйымдастырылды. 3. Алғаш 1865 жылға дейін қазақ мектебінің атымен орыс балалары оқытылды. 4. Мектепте сабақ негізінен «божий законнан» басталып, еуропалық үлгіде жүргізілгендіктен, қазақтар оған үрке қарады. Таза қазақ мектебі қалыптасқанша жергілікті жұрт мектепке бала беруге айтарлықтай ынталы болған жоқ. 5. Қазалы қаласына еуропалық үлгідегі қазақ мектебіне мұғалім болып бірінші келген Жолмұхаммед Байжанов екендігі рас. Алайда ол оқытқан алғашқы оқушылардың құрамы түгелдей орыс. Бұны істің бастамасы, орындалмаған әрекет деп бағалау ләзім. 6. Қазалыда қазақ мектебі 1865 жылы іске қосылды. Дәйекті даярлығы бар ұстаз, ең бастысы аз да болса қазақ балаларының құрамы түзілгендіктен қазақ мектебін Момын Байдосов бастаған осы жыл деп есептеу шындыққа сай келеді. 7. Қазалыда қазақ мектебін салу, ашу, оның шаруасын жүргізуде Сердалы Бекшориннің қатысы болды деген шындыққа мүлде жанаспайды. Құжаттарда тілге тиек етуге жарарлық мұндай деректің қиқымы да жоқ.
Қазақ мектебі үшін есіктің топсасы мен тұтқасынан бастап, оқу құралдары – сызғыш, қарындашқа дейін түгелдей Орынбордан жеткізілді. Бұл мектептің, ине-жібіне дейінгі барлық шығыны қазына есебінен. Күмәні бар кісі Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатынан №384 қор, №1 тізбе, № 52 істі қараса жетеді.
1865 жылдан осы күнге дейін Қазалы қаласында бір де бір мектеп жеке кісінің қаржысына салынған емес. Мәселеге орай көпке салатын мынадай да пікір бар.
Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы мектептің ғимараты 1912 жылы салынды. Оның құрылысына Ташкенттен арнайы жіберілген Сұлтанқожа Қасымқожаев басшылық етті. Мұнда Ғани Мұратбаев оқыған. Партасы тұр.
Қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы мектептің ғимараты 1938 жылы салынып, сол жылы кейін оқу министрі болған Кенжалы Айманов директорлық етті. Сыншы Қалжан Нұрмаханов та осы білім ұясын бітірген.
Қазақтың ежелгі дәстүрінде иесіне керек мүлікке өзге жұрттың өкпесі жүрмейді. Қазіргі сол А.Горький атындағы мектептің шын иесі 1914-1917 жылдары осында оқыған Ғани Мұратбаев.
Жетпісінші жылдары Момын негізін қалаған №17 мектепке Ғани атын беру мәселесі туындағанда пролетариаттың ұлы жазушысына ешкімнің тісі батпағаны түсінікті жайт. Қазір еншіміз бөлек. Мүлде өзге мемлекетпіз. Жазушының табаны бұл жерге тиген емес. Қазақ деген ұлттың бар екендігін есітті, білді. Қазалы деген қаланы есіткен, есітпегені белгісіз. Бастысы А.Горький бөтен ел, бөтен жұрттағы бұл мектепке зәру емес. Миллиондаған оқырманы бар, даңқы бір басына жетеді, бізсіз де ұмытылмайды.
Қазалы қаласының азғантай көшелері талапайға түсіп жатқанда да іздеушісі болмағандықтан еңбегі еш, тұзы сор Момын мүлде ескерусіз қалған. Қаланың бұрынғы әкімдерінің біріне сұрау салғанымда: «Бұндай атты бірінші естіп тұрмыз», – деді. Айттық. Қазалы өңірінде Ыбырай Алтынсариннің рөлін орындаған Момын Байдосовтың іздеушісі жоқ екен деп ысыра салу ақылға қонымсыз шаруа. Бүкіл халық мүддесі мен абыройы ауыларалық ағайыншылдықтан, әсіресе рулық мүддеден, қашанда биік тұрмағы ләзім. Бұл елдікке сын іс.
Сондықтан Ғанидың өз мектебін өзіне қайтарып, Қазалыдағы қазақ мектебінің алғашқы сорабы – №17 мектеп атын алғашқы ұстаз Момын Байдосовқа беру лайық тәрізді. Тарихи ақиқат сонда ғана қалпына келер еді.
Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы