Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр қуаты қымбаттамақ

Электр қуаты қымбаттамақ

Жыл басында мемлекет басшысының тапсырмасымен су, жылу, газ және электр энергиясы сынды бірқаттар коммуналдық қызметтерге мораторий жарияланған еді. Аталған мораторийға байланысты ашық үкімет порталы шілде айынан бастап, электр энергиясының қымбаттауы жайын қозғады. Себебі кейінге қалдыру тапсырма бойынша шілденің 1-не дейін созылды. Жоғарыда аталған уақытта ашық үкімет порталы кейбір стансаларда баға 25 процентке дейін көтерілетіндігін және елімізде негізі жарық өндіретін 47 стансаның 26-сында тарифі қымбаттайтынын айтты.
Осыған байланысты өткен жұмада Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті мен «Дәулетэнерго» ЖШС-ның жариялық ақпаратын тыңдау өтті.
Жиынға депутаттар, жергілікті атқарушы билік және мемлекеттік органандардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен кент тұрғындары қатысты.
Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының міндетін атқарушы Күлдарайхан Кеншембаева мен «Дәулетэнерго» ЖШС-ның директоры Қуанышбай Ердіқалықов электрмен жабдықтау қызметтеріне шекті баға жобасын көпшілікке ұсынып, электр энергиясының қымбаттауын талқылады.
– Электр энергия тарифтерінің өзгеруінің негізгі себептері Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы №226 бұйрығына сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап энергия өндіруші стансалардағы электр қуаты құнын 0,1 проценттен 6,6 процентке дейін, оны тасымалдау тарифі «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 процентке және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 18,6 процентке, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1 киловатт-сағатқа 0,63 теңгеден 1,21 теңгеге артуы болып табылады.
Осыған байланысты 2022 жылдың 22 тамызында электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта көтеруді ұсынамыз, – дейді «Дәулетэнерго» ЖШС директоры Қуанышбай Ердіқалықов.
Бүгінде электр қуатын жергілікті мекеменің жобалық орташа босату бағасы 1 киловатт-сағатқа 20,03 теңге. Енді ол қосылған құн салығымен 1 киловатт-сағат 24,20 теңгеге немесе 20,8 процентке артпақ.
Алайда бұл жарияға жиналған жұрттың барлығы келісе қоймады. Себеп сол – күнкөріс қиындығы мен жалақының төмендігі.
– Мен бұл жобаларыңызбен толықтай келісе алмаймын. Өйткені қазір күнкөріс жағдайымыз қиындап барады. Өздеріңізге белгілі мораторийдің де уақыты жетті. Демек, жалғыз электр қуаты емес барлық коммуналдық қызметтер бағасы қымбаттайды деген сөз. Жалпы ай сайынғы жарық көзін қолданудағы шығынның өзі 5 мың теңгеден асып түседі. Егер мәлімдемеңізде айтқандай баға өсер болса, қуат шығыны бұрын төлеп жүрген соммадан бірнеше есе асып түсері анық. Ол тұтынушыларға ауырға соғары сөзсіз, – деді кент тұрғыны.
Қазіргі таңда Департамент бағаның өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізуде. Сондай-ақ, олар тұтынушыларға тариф жүктемесін азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтындығын айтып отыр.
Айта кетейік, Департаменттің шешімі тұтынушылардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, үстіміздегі жылдың 5 қазан күні қабылданады.

Серік АҚМЫРЗА


27 қыркүйек 2022 ж. 174 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 186

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 128

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031