Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шешендік шешкен дау көп

Шешендік шешкен дау көп

Бүгінгі қазақ елінің Конститутциясы дала заңдарынан жинақталған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі» жолын негізге алғанын білеміз. Қазақтың арғы атасы саналатын сақтар салтанат құрған шағында да сөзге шешен, қара қылды қақ жаратын би, шешендердің орнатқан тәртібі, бұқара бағынған тыйымдары үстемдік еткені анық. Кейін тарих беттерінде есімдері алтын әріппен таңбаланған тұлғалардың пайымы мен парасаты ішкі саясаттың тұрақталуына, сыртқы жаулармен келіссөзде қызмет етті. Ал шешендік өнер кеудесіне қонған тұлғалар ру арасындағы дауды, адам санасындағы түйінді шешуде басты идеолог рөлін атқарғаны мәлім.
Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеген. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған. Бұған дәлел ретінде Шыңғыс ханның тұсында елге сыйлы болған Майқы, Аяз, Мөңке билерді айтсақ жарасады. Адамзаттың екінші ұстазы Әл Фараби мен хакім Абайдың арасында ақылды сөзімен аты шыққан арда азамат қаншама?! Олардың ел арасында қандай ықылас-пейілге, құрметке ие болғанын растайтын аңыз-әңгіме көптеп кездеседі.
1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасында үлкен дау туындайды. Әлі сұлтанның тентек ұлы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына «дегеніме көнбедің» деп өшігіп, бір күні қыз қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйітіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді. Ашынған ағайындары төреден құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды маңына жолатпай, барған билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры ел арасы екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Әйтеке биге келіп өтініш жасайды. Ол қасына іргелі батыры Жабайды Қазыбекұлы, Байбақты батыры Шоланды ілестіріп, Әлі сұлтанға барады. Әйтекенің айбарынан қаймыққан Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, “өнер құнын” және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін “сүйек құнын” төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп, Әйтекенің қаһарынан қорыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болады. Бұл оның ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.
Қазақ даласында сөз қадірін түсінбес, әділдекке тоқталмас жан кемде кем. Тіпті шешеннің сөзін өзінің әмірінен шын көріп, биік қойған хандар да аз емес. Аңыз-әпсанада үш жүздің басын қосқан Абылай мен Қазыбек бидің тұқымы Бекболаттың арасында мынадай дау болыпты деген әңгіме бар.
Қаздауысты Қазыбектің баласы Бекболат он сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, Абылайдың бір үйір жылқысын абайсызда қолына түсіріп, алып кетіпті. Соны Абылай біліпті. «Мені басынғаны ғой», – деп намыстана аттанып, Бекболаттың ауылына келіп түсіпті.
Бекболат Абылайдың алдында жорғалап: «...Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалық-пен болған ғой», – дейді.
Ханның қасындағы Бекболатпен бақ күндес кісілер: «Бұл сізге қыр көрсеткені деп біліңіз, мұны басуыңыз керек», – деп шағыстырып отырған соң: мен малға уана алмаймын, тентек ініңді өлтірмей ашуды баса алмаймын, – дейді Абылай.
«Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере алмаймын», – дейді Бекболат.
Абылай үндемей кетіп қалады. Қайтадан үш жүз кісімен келіп Бекболаттың інісін ұстап алып, мойнына арқан тақтырып ала жөнеледі. Сол күні түстікке бір көгал жерге келіп қонған соң, Абылай: «Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрыңдар», – дейді. Абылай әлден уақытта: «Бір қарайған көрінеді», – деген соң: «Ол Бекболат болар, келген соң түс деп атын ұстаңдар» дейді. Айтқанындай Бекболат екен.
Түспей атының басын теріс қаратып тұрып:
– Ай, Абылай, мұнан бұрын жолдасқа мен қандай едім, қасындағылар қандай еді? – дейді.
– Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді, – дейді Абылай.
Сонда Бекболат келген жағына шауып кетіп, әлден уақытта қайта шауып келіп, әлгідей теріс қарап тұрып:
– Орал таудың ор түлкісі,
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақ иық келсе, тек кетпес,
Сондадағы мерт етпес! – деп байлаулы тұрған інісін шешіп алып жөнеле беріпті, хан қарсылық жасатпапты. Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай таңырқап отырғанын біліп, Абылай:
– Мына мен «Бекболат, сен бір төбе, басқалар бір төбе еді» дегенге намыстанғандай болдыңдар-ау, Бекболаттың келіп кетуінен не сезіп отырсыңдар? Жаңа ол не айтып кетті? – депті қасындағы билеріне.
– Сол арасын аңғара алмай отырмыз! – деген соң, Абылай:
– Білмесеңдер, енді онымен таласып өкпелемеңдер, – деп Бекболаттың сөзін былай түсіндіріпті. «Орал таудың түлкісі» деп ол өзін айтты. «Айнала қуса ит жетпес» деп сендерді айтты, «Орал таудың ақ иығы» деп мені айтты. «Ақ иық келсе тек кетпес» деп келіп қалған соң, ашумен інімді алған шығарсын» дегені. «Сондадағы мерт етпес» дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылыңа салып, інімді жібер, жәбірің болса, айып алып бітерсің дегені» депті.
Айтқанындай артынан Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті.
Шешендік арнауға шешендік бата, тілек сөз, көңіл айту сөзі, ақыл-насихат сөздер жатады. Уәлихан қайтыс болғанда Байдалы бидің оның ханымы Айғанымға:
Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар
Өзекті шағып өрлейтін.
Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ,
Қайратыңды қолдағалы келдім, – деген көңіл айтуы шешендік арнауға жатады. Сол сияқты
Бөлтірік шешеннің:
Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді, –
Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр.
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол! – деген сөздері де ақыл-насихатқа бағытталған шешендік өнердің көрінісі саналады.
Дайындаған
Сартай БАЙЖАН
24 қыркүйек 2022 ж. 777 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930