Қазақстан әуежайларында жолаушыларды кезекпен отырғызу жобасы іске қосылады
10 қыркүйектен бастап Қазақстан әуежайларында пилоттық режимде «Кезекпен отырғызу» жобасы басталады, деп хабарлайды inform.kz.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сенсек, жобаның негізгі идеясы – жолаушыларды кезек технологиясы бойынша, яғни топтап отырғызу, бұл әуежайлардағы азаматтарға қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығын айтарлықтай арттырады.
Оның аясында жолаушыларды отырғызу тәртібі әуе кемесінің бортында алатын орнына байланысты жүзеге асады.
Бұл ретте еріп жүретін адамдары жоқ балалар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес басым тәртіппен негізгі кезектен тыс өтетін болады.
Қазіргі уақытта жолаушыларды отырғызу процесі еріп жүретін адамдары жоқ балалар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларды басым отырғызуды қоспағанда, арнайы технологиясыз жүреді.
Салдарынан әуе кемесінің бортына отырғызу жарияланғаннан кейін телескопиялық траптың қақпасының жанында жолаушылардың топтасып, кептеліп тұрып қалады.
Кезекпен отырғызу технологиясын енгізу жоғарыда аталған жағдайлардың оң шешімі болады деген болжам бар.
«Пилоттық жобаға Air Astana, Fly Arystan және SCAT авиакомпаниялары қатысады. Кезекпен отырғызу телескопиялық траптары бар әуежайларда ғана жүргізіледі: Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды қалаларында. Жоба үш айға есептелген, содан кейін кезекпен отырғызуды одан әрі қолдану немесе қолданбау жөнінде шешім қабылданады» делінген хабарламада.