Жақсылыққа жәрдем компания
Қара топырақ асты қазынаға толған Қазақ елінде қазба байлықты өндірумен айналысатын компаниялар мыңдап саналады. Әсіресе, мұнай өндіру ісімен айналысатын 80-ге жуық алып ұжым бар. Олардың бірі қара алтынның соңғы тамшысына дейін экспортқа шығарып пайдаға кенеліп отырса, ендігісі компания әлеуетіне ғана емес, жергілікті әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге бейжай қарамайды. Кейінгісі жайында әңгіме бола қалса, Қазақстанда мұнай өндіруді 29 жыл бұрын бастаған «Шеврон» компаниясы ойға оралатыны белгілі. Көпшілік компанияны серіктестерімен бірлесіп, Қазақстандағы түрлі саланы қолдау, жетілдіруге бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүргенін жақсы біледі.
Алпауыт аяқалысы
Қазақ қоғамы америкалық инвесторлардың елде жұмыс істегеніне жылы қабақ танытатыны белгілі. Себебі мұхиттың арғы бетіндегі цивилизация ұшқыны сондағы ірі кәсіпкерлермен бірге жүретіні қалыпты жағдайға айналған. Бүгінде тек мұнай өндіру ісімен ғана емес жергілікті жастарды қолдау, қазақстандықтардың әлеуетін арттыруға қомақты қаржы бөліп, ұтымды жобаларды іске асырып жүрген «Шевронның» салада қайдан пайда болғаны жөнінде аз-кем айта кетейік.
Компанияның өмірге келіп, бүгінгі қалпына келгенше ғасырдан астам уақыт өтті. 1879 жылы Фредерик Тайлер «Пико-Уэлл» қалашығынан қара алтын кенін тауып, соған жақын маңнан «Тынық мұхит жағалауы» деген атаумен мұнай компаниясын ашты. Көп ұзамай Тайлер күрделі калифорниялық мұнайдан кәнігі керасин өндіруді меңгеріп, Сан-Франциско қаласына таяу маңнан мұнай өңдеу зауытын салды. Алайда оның сатылымымен Standart Oil компаниясы айналысты.
Қара алтыннан қазына тапқан компания бұдан кейін бірнеше рет сатылып, атауы сан рет өзгерді. 1973 жылы болған мұнай дағдарысын да бастан өткерді. 1984 жылы көпжылдық бәсекелестіктен қажыған компания басшылығы нарықтағы бәсекелесі «Gulf Oil» - ды сатып алып, «Шеврон» деген жаңа атауды теліді. Алайда жығылғанға жұдырық дегендей, мұнай бағасының құлдырауы есебінен 12 миллиард доллор қарызға батып, 16 мың қызметкерін жұмыстан босатуға тура келді. 1993 жылы «Шеврон» Қазақстан билігімен Теңіз кен орнын игеруге байланысты 40 жылдық екіжақты пайдалы келісімге келіп, бірнеше жылдан кейін компанияның жұмыс ритмі қазіргідей қарқынға жетті. Әлем бойынша екінші алпауыт компания өзі өндіретін шикі мұнайдың 18 процентін Қазақстаннан игереді. Жалпы ел мұнайының үштен бірін өндіреді.
Серіктестік сыйы
«Теңіз» келісімінен кейін «Шеврон» жергілікті әлеуметтік салаға көңіл бөле бастады. Оның көп бөлігі Қазақстанның Батыс облыстарына бағытталғанымен, жүздеген қызылордалық азаматты тұрақты жұмыспен қамтып, жоғары жалақы төлеп келеді. Бұдан бөлек Атырау облысының денсаулық пен білім саласына миллион АҚШ доллары шамасында қаржы бөліп, алыс-жақын елді мекендерді ауызсумен қамтуға атсалысты.
Айта кету керек, ТШО күні кешеге дейін қазақстандық қара алтынды Батысқа эскпорттап келген Каспий құбыр желісі консорциумына қосылуға ең ірі жеке инвесторы болды. Мұндай тәуекелге корпорация Қазақстанмен серіктестіктің үшінші жылында барды. Осы тұста ел тұрғындарын сапалы жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласында халықаралық стандарттағы «Шеврон» жанармай құю станциясы ашылып, көп ұзамай басқа ірі қалаларда да станциялар іске қосылды.
Бұдан кейін Қазақстан экономикасын әртараптандыру бағытталған компания жобасы – Атырау поли-этилен құбыр зауыты құбыр жасауды бастады. Корпорация шикі газды айдау нысанын іске қосқанда шикі мұнайды өндіру қуаты шамамен 80 процентке артты. Сол сияқты Қазақстандағы алғашқы метал-пластикті құбыр өндірісіне де «Шевронның» шабыты әсер еткенін жасыруға болмайды. Ал қара алтын өнімін өңдеуден хабары аз жас мемлекетке компанияның мұнай және газ саласының мамандарын даярлайтын алғашқы Теңіз академиясын ашуға иықтас болғаны тарихта таңбалы әріппен қалатыны даусыз.
Жұмысшылардың жай-күйі қалай?
Бірнеше апта бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Шеврон” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдағаны есте. Бұқаралық ақпарат құралдары екеуара әңгімеде мұнай нарығындағы тәуекелдер талқыланғанын жарыса жазды. “Шеврон” компаниясының Қазақстанмен алдағы уақыттағы өзара іс-әрекетінің негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жайында да пікір алмасу болған.
Кездесуде Майкл Уирт “Теңізшевройл” компаниясы қосымша 2,6 миллиард текше метр газды ішкі нарыққа бағыттау туралы шешімі қабылдағанын сүйіншілеп еді, Президент құптай кетті. Сондай-ақ “Шеврон” компаниясының мұнай-химия саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу перспективалары мен Қарашығанақ кен орнының өндіріс қуатын одан әрі кеңейтудің жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл тағы жүздеген қазақстандық үшін ірі әрі беделді компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік туады деген сөз.
– Ауылда диплом бойынша жұмыс табу мүмкін болмағасын, 8 жыл бұрын Теңізге вахталық негізде жұмысқа тұрдым. Әрине, отбасымнан алыс жүру қиындық тудыратыны рас. Қалауыма сәйкес, 15 немесе 30 күн жұмыс істеймін де, сонша күн елге ораламын. Онда бас ауыртып, балтыр сыздататын ауыр тірлік жоқ. Дегенмен қызметте өсіп, мансап жасағысы келген әріптестерім дегеніне жетіп жатыр.
Қазіргі таңда жалақыма, жұмыстың жағдайына қызығатын, сонда орналасқысы келетін жұмыссыз құрдас, жолдастарым жетерлік. Мүмкіндік болса, олардың да талап-тілегі жақсы жерден нәпақа айыруына жағдай жасалғаны дұрыс болар еді, – дейді қазалылық Дәулет Нысанбаев.
Ал “Шевронның” стратегия және бизнес жоспарлау жөніндегі кеңесшісі Ардақ Алимақанова компания жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына болысып, мансаптық өсуіне тікелей жол ашатынын айтып отыр.
– Біздің компания бұған үлкен көңіл бөледі, өйткені қызметкерлердің дамуы — компанияның өсуіне әсер ететін өте маңызды фактор. Әр қызметкердің өзінің жеке даму жоспары бар, оның шеңберінде менеджермен бірге қажет тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарын таңдайды. Сонымен қатар бізде компанияның әр қызметкері үшін қолжетімді онлайн-тренингтер өте көп. Егер кез келген бағытта білімді жетілдіру немесе жетілдіру қажеттілігі туындаса, менеджмент міндетті түрде мүмкіндік береді, ең бастысы – ол негізгі жұмысқа кедергі келтірмейді. Сонымен қатар бізде әр қызметкер міндетті түрде этика, мәдениет бағытында тренингтерге қатыса алады, – дейді ол.
AYALA – қамқор алақан
«Шеврон» компаниясы әлеуметтік жобалар бойынша серіктестеріне қарқынды қолдау көрсететінін айттық. Осындай игі істің ірісі – AYALA қайырымдылық қоры. Жоба Қазақстандағы сәби өлімін қолдан келгенше қысқартуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың аурушаңдығын жоюды мақсат қылған. Қалай десеңіз, қор балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтарға арналған медициналық жабдықтар сатып алып, үлестіреді. Осымен бітті демеңіз. Заманауи құрылғылармен жұмыс істейтін дәрігерлерді оқыту, біліктілігін арттыруды да мойнына міндет қылып алған.
15 жыл ішінде AYALA қоры Қазақстанның 67 қаласындағы 263 мекемеге көмек көрсеткені анық. Қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. CHEVRON мен AYALA ынтымақтастығының 12 жылы ішінде 80 денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарына 541,2 миллион теңге мөлшерінде көмек көрсетілді. Бұл қаржыға 400 дәрігер білімін толыстырып, 2 мыңнан астам баланың жаны аман қалған. Мамандардың алыстан білім алуы үшін онлайн академия жасақтап, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 647 дәрігер курстарға қатысуға тіркелді. Бүгінгі таңда дәрігерлер үшін қолжетімді 3 курс бар. Дәрігерлер мен медбикелерге арналған тағы 4 курс әзірленіп жатыр. Осыдан-ақ қордың ауқымын байқауға болады.
«Балық берме, қармақ бер»
Технология дәуірінде жоғары оқу орындарында оқытатын біраз мамандықтар нарықта сұраныстан сылынып қалғанын көріп отырмыз. Мұны «Шевронның» шенді азаматтары да байқап, «ITeachMe» компетенцияларды дамыту орталығы» қоғамдық қорына қолдау көрсеткені жайлы білесіз бе? Қор ұжымы осы сәтте адамдарды біріктіру, заманауи мамандықтарды үйрету, тұлғаны өзіңнің ең жақсы нұсқасы болуға шабыттандыру арқылы тең мүмкіндіктер жасауға, тың талантты ашуға жұмыс істеуде. Көпшілік күтетін нәтиже де жоқ емес.
Компания серіктестерімен бірлесе осы бағытта 23 жобаны іске асырып, 500 студентті арнайы курс бойынша даярлаған. Оның 90 процентін жұмысқа орналастырдық деп отыр. Ендігі кезекте 6084 азаматты өтініштеріне сай мамандандыру мақсаты тұр. Олардың арасында мүгедектер, жетімдер, аз қамтылған отбасы мүшелері мен кәсіпкерлер бар.
Бұдан бөлек «Шеврон» қаржыландыратын «EcoBusinessLab» жобасы арқылы шағын гранттар үлестіруді қолға алған. Қазірге дейін «Арбаға арналған қондырмалар», «Ecopaper.kz» қағазды қолмен қалыптау студиясы, «БАЙТЕРЕК эко-бөбекжайы», «Wallquest» және «Нан және нан өнімдерінің қалдықтарын қайта өңдеу» жобасы қайтарымсыз қаржы алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ