Қызылорда облысының әкімі мұнай өндірушілерді осы саладағы жаңа технологияларына инвестиция жасауға шақырды
Мұнай бағасының өсуі және көмірсутегі экспорты үлесінің артуы мұнай өндіруші компанияларға белгілі бір міндеттерді жүктейтінін атап өтті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Қызылордада жер қойнауын пайдаланушыларымен кезекті кездесу өтіп, мұнай-газ саласын дамыту мәселелері талқыланды, атап айтқанда, мұнай өндіруді, экспортты және компаниялардың әлеуметтік міндеттемелерін арттыру мәселесі сөз болды.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі өзге аймақтарға қарағанда әлемдік мұнай бағасының төмендеуінен ең үлкен зардап шеккенін атап өтті. Өйткені, еліміздегі мұнай көлемі азаюының 70 пайызы Қызылорда облысында орын алды. Жыл сайын мұнай өндіру орташа есеппен 12 пайызға төмендейді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде өндірілген мұнай көлемі 3,7 млн тоннаға қысқарды, сәйкесінше, салық түсімі де 5 жыл ішінде 3 есеге азайды. Өндіріс көлемінің төмендеуіне қарамастан, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі өңір экономикасының негізі болып қала бермек. Естеріңізге сала кетейік, өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 80%-дан астамын мұнай мен уран құрайды.
«Бүгінгі таңда облыстың мұнай компаниялары өндірген мұнайдың орташа есеппен 80%-ы ішкі нарықта қалса, ал экспортқа 20%-ын сатады. Алайда бүгінгі күні мұнай сату көлемін 50%-50% -ға дейін сату туралы мәселе қарастырылуда. Өндірілетін өнімдерді сатудың мұндай арақатынасы мұнай компанияларына кірістерін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, біз компанияларға алынған қаржыны бірінші кезекте жаңа кен орындарын барлауға және бұрғылауға бағыттауға шақырамыз», - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі мұнай өндіруде жаңа технологияларды енгізудің, мұнай өндіру көлемін арттыру және өндірілетін өнімнің сулануын төмендетудің маңыздылығын атап өтті.
«Табыстарыңыз ең алдымен акционерлердің дивидендіне емес, мұнай-газ саласын әрі қарай тұрақтандыру және дамытуға бағытталуы тиіс. Компанияларға әлеуметтік саясатты қайта қарап, бұрынғы әлеуметтік міндеттерін қайта алу керек», - деп қорытындылады облыс әкімі.
Өз кезегінде, мұнай өндіретін кәсіпорындардың басшылары жүргізген жұмыстары туралы баяндап, көкейдегі сұрақтарын қойды.
Атап өткен жөн, Үкіметпен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Майбұлақ және Арысқұм кен орындарында көмірсутегі шикізатының 3 кен орнын пайдалану үшін келісімшарт мерзімін ұзартты. Сондай-ақ Қарабұлақ кен орнында көмірсутегін өндіру жөніндегі жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұдан басқа, «Кристалл Менеджмент» АҚ көмірсутегі шикізатының перспективалық блогы бойынша іздестіру жұмыстарын Оңтүстік Торғай алқабында жүргізеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
halyk-gazeti.kz