Жер – ырыстың кіндігі
Бұнда 251 отбасы қоныстанған. 11 шаруа қожалығы, 1 өндірістік ауылшаруашылығы кооперативі, 4 аралас заттар дүкені, 1 наубайхана, 1 тігін цехы, 2 маршруттық автобус, 5 такси және 32 әртүрлі қызмет көрсету түрлерімен айналысатын, барлығы 57 кәсіпкерлік субьектісі халыққа қызмет көрсетеді.
Жасыл желегі жайқалған Жанкентте тұрғындардың барлығы дерлік бау-бақша өсірумен айналысады. Бір ғана ауладан жеміс-жидектің түр-түрін, көкөністің де бірнешеуін табасыз. Отыз жылдан астам уақыт бағбандықпен айналысып келе жатқан Сағидулла қарияның еңбегі көзге көрініп-ақ тұр. Үй ауласы айнала қара өрікпен қоршалған. Алмұрт пен алма ағашы да жетерлік. Біраз бөлігіне сары өрік өсірілген. Бір талдың бойына будандастыру әдісімен алмұрт пен алманы қатар шығарған Сағидулла ақсақал «Ебін тапсаң, еңбегің жанады» деген ұстанымда. Зейнеткерлік демалысқа шыққанша совхозда күрішші, механизатор болып еңбек еткен Сағидулла Жаңаш жары Талшын Алдажармен өмірге жеті бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған қос қарияға қолдағы ұлы Нұрбек пен келіні Меруерт қамқорлық жасауда. Олардан тараған төрт немере ата-әжесінің қолғанаты.
Бақшаның кіре берісіндегі оң жақ қапталды ала өскен жүзімнің биыл жемісті мол бергені байқалады. Бау-бақшасына ерекше күтіммен қарайтын қария оларды қаптап қойыпты. Айтуынша құстар тыныштық бермейтін көрінеді.
– Ерте көктемнен жер жыртуды бастаймын. Арнайы матор алғанбыз. Соның көп көмегі тиіп тұр. Дән сеуіп, оның өнімге айналуы үшін бап керек. Өзіміз жейміз, ауысқанын сатамыз. Мынау брама сортты тауық. Ұшпайды, жұмыртқа береді. Бақта жүреді. Ал бақшаның есігін кіре алмайтындай етіп бекітіп қойғанбыз, – деп Сағидулла қария жерге түскен жеміс қалдықтарын шоқып жатқан тауықтарды нұсқады.
Еңбекқор жанның шаңырағына ертіп барған ауыл әкімі Қожахмет Қуанғали: «Бақша егу бұндағылардың ата кәсібі десек артық айтпаймыз», – дейді.
Бұдан соң тағы бір тұрғын Мейрамбек Әуездің үйіне бет алдық. Жолай ауыл әкімі:
– 2022 жылы ұзындығы 1,0 шақырым Жанкент көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоба сметалық құжаттары жасалып, (Жоба құны -20 миллион 988 мың 575 теңге) аудандық тұрғын үй жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды. Ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына, елді мекеннің санитариясын қамтамасыз етуге қажетті қаражат бөлініп, елді мекеннің санитарлық тазалығына, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жұмсалып мақсатты игерілетін болады, – деді.
Ұзын көшенің бойын жағалай өсірілген талдар аспанмен астасып, ауыл ажарын айшықтап тұр. Тегіс жол, заманауи үлгіде салынған үйлер, таза көше ауыл азаматтарының ауызбіршіліг мен табиғатқа деген жанашырлығын аңғартады. Орталық алаңда халық қарасы қалың. Арнайы беріліп жатқан асқа жиналыпты. Үлкендер бата беріп, жастар спорттық жарыстардың көркін қыздыруда. Шуылдай жүгірген балалар да мәз-мейрам.
– Әр күні түрлі шаралар өтеді. Ауыл халқы ұйымшыл. Ынтымақтаса жүріп, іс бітіреді, – деп Қожахмет Қуанғали келесі үйдің есігін ашты.
Бұл Мейрамбек Әуездің ауласы. Көздің жауын алатын гүлдер ерекше әсер қалдырады. Анадайдан менмұндалап шақырып, көздің жауын алатын гүлдердің қасына қалай барғаныңды тіпті де аңғармай қаласыз. Үй иесінен рұқсат сұрап, бақша ішін аралап жүргенімізде 3-4 оқитын шамадағы бала жанымызға келді. Осы үйдің кенжесі, есімі Мағжан екен.
– Бұнда қауын аз. Ауыл сыртында үлкен бақшамыз бар. Қауын-қарбызды сонда егеміз. Әкеме көмектесемін. Ал гүлдерді анам еккен. Қауынды қалаға апарып сатамыз. Мен күнделікті балмұздақты осы қауындардың арқасында жеймін ғой, – деп бала көңілін ақтарыла жеткізді. «Келе ғой онда, қауыныңды құшақтап суретке түс. Сенің еңбегің зор екен», – деп едім. «Қазір апай киініп алайын», – деп бала үйге қарай құстай ұшты.
– Әжеміз бар. Ол кісі қауын қақ пен қауын құрт дайындайды. Анам Гүлнұр бала-бақшада жұмыс істейді. Үйде үш баламыз. Ағам және інім бар. Мен студентпін. Жақында Алматыға оқуыма қайтамын, – деді Гүлраужан Мейрамбекқызы. Орта мектепті қызыл аттестатқа бітірген ол гранттық негізде білім алады екен. Болашақ химия пәнінің мұғалімі. Отбасы мүшелерімен қоштасып, көшенің арғы басында тұратын Талғат Бәйтерековтің еңбегін көруге ниеттендік.
Ауыл тынысын таныстырып жүрген әкім Қожахмет Қуанғали:
– Мынау мектебіміз. Өткен оқу жылында 219 оқушы және мектепалды даярлық тобында 23 бала білім алды. Оларға 43 мұғалім оқу-тәрбие жұмысын жүргізді. Ауылда халыққа қажетті нысандардың көбісі бар. Дәрігерлік амбулаторияда 1 жоғары білімді дәрігер және 8 арнаулы орта кіші буын медициналық қызметкерлер қызмет көрсетеді. Амбулатория жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етілген. Ал №5 «Аққоян» балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Ауылдық кітапханада 27241 дана кітап қоры бар. Соңғы 6 айда жаңадан 35 дана кітап қосылды. Клубта түрлі мәдени іс-шаралар кестеге сәйкес үздіксіз ұйымдастырылып тұрады, – деді.
Ауыл сыртынан жер алып, бірнеше жылдан бері бағбандықпен айналысып жүрген Талған Бәйтереков бұл жолы да бақшасының басына кетіпті. Жұбайы Жарқынай жылы қарсы алды.
– Жолдасым мен осы әулетке келін болып түскелі бақша егумен айналысады. Әкеміздің жолын жалғаған. Көктем басталысымен үйден гөрі бақша басында жиі болады. Еңбегіне қарай, бұйырған өнімді алады, – деді.
Ауылдан жиырма шақырым қашықтықта жатқан бақшасында Талғат Сәлімұлы піскен қауындарды жиыстырып жүр екен.
– Әкем бақша егумен айналысты. Бала күнімізден жанында жүріп, қыр-сырына қанықтық. Жерді қалай баптап, күту керектігін де сол кісіден үйрендік. Менің де жерді баптап, несібе тауып отырғаныма отыз жылға жуықтапты. Әр жылда әрқалай өнім аламыз. Қиын кездерде болады. Жұмыстың жеңілі жоқ. Бастысы – ерінбей еңбек ете білуде, – деді анадайда дөңгеленіп жатқан тор ала қауынға көз тастап тұрып.
PS: Жомарт жерден несібесін айырып, нәпақа тауып отырған тұрғындардың тынымсыз тірлігі, еселі еңбек пен маңдай тердің жемісінің тәттілігін тағы бір мәрте танытып тұрды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА