Ғасыр жасаған мұнаралар
Әйтеке би кентiндегі су қыспақты мұнара ХХ ғасырдың басында Орынбор-Ташкент теміржол құрылысы басталғанда салынған. Бүгінде архитектуралық ескерткiштердiң бiрiне баланады. Әйтеке би кентін сумен қамсыздандыру объектісі болып табылады және вокзал ғимаратының батысына қарай орналасқан.
Су мұнарасы – сумен жабдықтау жүйесіндегі су ағынын және су қысымын дербес реттеу үшін арналған. Көбінесе жер астымен немесе жер үстімен жұмыс істейді. Су қоймалары тазартылған суды пайдалану мақсатында жақын жерде сақтайды. Бұлардың басқа түрлері өрттен қорғау немесе өндірістік мақсаттар үшін ішуге жарамсыз суды ғана сақтай алады және міндетті түрде жалпы су құбырына қосыла алмайды.
Жалпы аудан бойынша осындай су қоймалары Әйтеке би кентінен бөлек Көбек және Байқожа стансаларында да бар. Дегенмен оның алғашқы екеуі ғана көне жәдігер ретінде мемлекеттің қорғауына өткен.
Әйтеке кентіндегі мұнара күйдірілген тікбұрышты пішінді кірпіштен цемент аралас құмды ерітіндімен салынған. Ауқымды өлшемдермен тұрғызылған ғимараттың биіктігі 29,0 метрді құраса, диаметрі 8,0 метр болады. Көлемді-жоспарлы құрылымы мұнараның цилиндрі көлемімен анықталған. Мұнара құрылымының ерекшелігі, оның қарапайымдылығында. Николай ІІ патшалық құрған заманда жан-жақтан жиналған шеберлер композициялы түрлендіріп, әсемдетуге тырысқан. Екі қабаттан тұрады. Төменгі жағы жертөле болса, жоғарғы қабат қаралау түсті, беті тегіс етіліп салынған.
Мұнараның айтарлықтай биік болуы, үлкен көлемде судың және оның үлкен ағысының теміржол бекетіне қажет болуынан пайда болса керек. Осыған байланысты ішінде суы бар екі резервуар орнатылған. Бұлар әдетте бірінің үстіне бірі қойылып салынатын.
Су қыспақты мұнаралар стратегиялық маңызы бар нысан болғандықтан жер асты жолдары арқылы паровоз депосымен жалғастырылған. Оның сілемі мен іздері осы кезге дейін сақталған. Екінші жағынан Қазалы теміржол торабы әскери бағытқа ыңғайластырылып, маңызы бар объект ретінде есепке кірген станция болғандықтан барлық жағдай қарастырылған.
Ал Көбек станциясындағы су қыспақты мұнара теміржол бекеті ғимаратының кешеніне кіреді. Ол вокзал ғимаратының шығысына қарай орналасқан. Мұнараның көлемі сегізқырлы, екі қабатты, бірінші қабаты цементті-құмды ерітіндіде күйдрілген кірпіштен жасалған. Екінші қабаты – ағаштан құралған. Негізгі биіктігі 16,85 метрге жетеді.
Жоғарғы қабаттың байсалды зері көлденең және тік бағытталған. Тақтай жиектің және шектеулі түрде пайдаланылған ою элементтерінің есебінен шешілген шатыр астына шағын төртбұрышты терезелер орнатылған. Үсті темір шатырмен қапталған. Мұнараның үстіңгі бөлігінде төменгі қабаттың кірпішті қабырғасына орнатылған өз екпінімен көтерілетін ағын суға арналған резервуар бар. Еденнен 5,15 метр биіктікте құрылымдық маңызға ие ағаш арқалықпен көлденеңінен бекітіліп тасталған.
Көбек Орынбор-Ташкент теміржолы түйісіп, Патша өкіметінің өкілінің қатысуымен шпалға арнайы күміс шеге қағылған тарихи жер саналады. Көбек атауы Қызылорда өңіріне белгілі, төртқара тайпасынан шыққан бидің құрметіне қойылған. Станцияда осы кезге дейін ол кісінің ұрпақтары тұрады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА