Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұранысы жоғары табиғи өнім

Сұранысы жоғары табиғи өнім

Ауданымызда кәсіпкерлік саласы құлашын кеңге жаюда. Олай деуге негіз де жоқ емес. Осы күні киелі мекенде мақтанарға тұрарлық 5208 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұған тағы қосымша мемлекет тарапынан берілген жобаны қосыңыз. Игі бағдарламалар жұмыссыздардың санын азайтып, өз күнін өзі өткеретін жағдайға жеткізуді көздеуде. Осындай мүмкіндікті жібермей, жеке ісін ашуға бел буған Айдана Бахытханқызы бір күнде миллио­нер атанды. Дегенмен мұндай қаражат оған оңайлықпен келмеді.

– Әуелгіде аудандық кәсіпкерлер палатасында “Бас­тау бизнес” курсына 1 ай үздіксіз қатысып, сертификатымды алдым. Қайтарымсыз грант 585000 теңгені алуға құжаттарымды әзірлеген едім. Дегенмен бұйырған кетпейтіндей, бұл соманы алатын кезде өтеусіз қаржыны беруді уақытша тоқтатты. Іштей ойладым қиюы кеткен екен деп. Сөйтсем келесі жылы ол қаражат екі есеге өсіп, 1225000 теңгені алуды жазды. Қолыма түскен қаражатты көріп, қуанышымда шек болмады. Оған өзімнің ісімді атқаруға қажет құрылғыларды сатып алдым, – дейді Айдана Назарова.
Оның айтуынша, “Бастау бизнес” оқуында көп ақпаратпен танысып, кәсіпті дамытудың қолайлы тұстарын меңгерген. Қалай негізгі құжаттарды әзірлеу мен жарнама аясы ретінде әлеуметтік желілерді қолдану, кіріс пен шығысты есептеу және ұсынатын кәсіптің жоспарын жазуды үйренген. Сауатты сабақ берген тренерлердің тапсырмасын уақытылы орындап, өзін мазалаған сауалдарға тұщымды жауап алған. Осылайша алған білім текке кетпей, қайтарымсыз қаражатты қанжығасына байлады.
Қазір жас кәсіпкер тапсырыспен жартылай дайын өнімді дайындау үстінде. Оның табиғи таза еттен жасалған тұшпарасы мен котлеттері жоғары сұранысқа ие. Ал жұмысын тоқтатпауы үшін күнделікті өнімдерді әзірлеп, дәмін бұзбай тарату үшін ауқымды тоңазытқыш пен тұшпара түйетін аппарат және миксерге қол жеткізеді.
– Мемлекет халыққа жақсы қолдау көрсетіп тұр. Әрекет етемін дегенге мүмкіндік мол. Жұмыссыз отырғанға өтеусіз қаржының берері көп. Мәселен, қомақты ақшаның арқасында иемденген жабдықтарым уақытымды үнемдеуге және тапсырысты тез әрі мезгілінде орындауға септігін тигізуде. Осы күні ашқан ісім шығынды ақтауда. Тек жалқаулыққа салынбай, кәсіпті ұршықша иіру қажет. Барша демеген және дұрыс бағыт-бағдар берген мамандарға алғысым шексіз, – дейді Айдана.
Бұл күні жартылай дайын өнімдер мен кондитерлік өнімдерін өндірушілер қатары көбеюде. Мұндай мемлекеттік бағдарламамен қолдау алған жобалар толыққанды жүзеге асырылып, аудан экономикасының дамуына өз әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан да кәсіп жасауға ниеті бар жастарды қолдап, оларға тәжірибелі көмек көрсету әлі де жалғасын табады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
13 тамыз 2022 ж. 513 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031