Бағдаршам неге бұзыла береді?
Жол қозғалысы реттелмеген көшелер дәл қазіргі сәтте жаяулар мен көлік жүргізушілеріне қиындық тудырып тұр. Неге десеңіз, кент көшелерінде таз бастағы санаулы қылшықтай бағдаршамдар кезек-кезегімен істен шығып, көпшілікті әуреге салды.
Әйтеке би – аудан орталығының негізгі көшесінің бірі. Мұнда қызу тіршілік. Адам қарасы қалың. Базарлар да, түрлі мекемелер де осы жолды жағалай орналасқан. Сондықтан көшеде жүйткіген көлік көп. Р.Бағланова көшесімен қиылысатын тұстағы бағдаршам да бірнеше аптадан бері жүргізушілер мен жаяу адамдарға жол көрсете алмай «мелшиіп» тұр. Кент тұрғындары мұндай келеңсіздік жиілеп кеткенін, салдарынан жол көлік оқиғасы орын алып жүргенін айтады.
– Бәрінен бұрын балаларым үшін алаңдаймын. Үлкен көшедегі бағдаршамның жұмысына бейжай қарауға болмайды ғой. Онсыз да жолға таласқан көліктердің дауысынан зәреміз ұшатын еді. Енді жол қозғалысын реттегіш қызылды көрсетпегесін біреу майып бола ма деп қорқамыз. Осы тұстағы ағаш бұтақтарын қырқу керектігі туралы да айтып жүргеніме біраз болды. Бағдаршамды көрмей, талай көлік кілт тоқтап, апатты жағдай туындатады. Техника болғасын бұзылатыны түсінікті. Бірақ оны уақытында жөндеу керек емес пе? – дейді кент тұрғыны Айдар Сәрсенов.
Кент көшелерінде бұдан да бөлек қауіпті қиылыстар көптеп саналады. Мәселен, Сүлейменов пен Сәтбаев тоғысатын жерде көлік соқтығысы жиі орын алады. Сол сияқты Сәтбаев пен Жанқожа батыр секілді ондаған көше қозғалыс реттегішін талап етеді. Тым болмаса, негізгі көшедегі көлікті көруге мүмкіндік беретін арнайы айна орнатып қойса, әкімдіктің адамдардың амандығына алаңдағаны деп түсінер едік. Әзірге мұндай қозғалыс байқалмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Әйтеке би мен Қ.Пірімов көшелерінің қиылысындағы бағдаршам біраз уақыт істен шығып, көпшілікті әуреге салған. Жергілікті әкімдік конкурс жеңімпазы атанған кәсіпкерге талап қойып, жөндеу жүргізгенінен де хабар берген. Алайда кент ішіндегі ондаған жол реттегіш құрылғылардан ай сайын ақау байқалып тұрады.
Сартай БАЙЖАН