Ұлық мереке – Құрбан айт
Өткен жексенбіде 5 квартал аумағының тұрғындары таң сәріден «Әли-Муса» мешітіне қарай ығысты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сол жерден табылды. Барлығының ойы исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесіне қатысу. Өйткені мұндай ауқымды шараның ұйымдастырылатыны әуелден-ақ сондағы көпшіліктің құлағына жетіп қойған. Біз де барлығын көзбен көріп, көңілге түю үшін мерекеге арнайы бардық.
«Бұл той бұрынғыдан өзге еді...» демекші, бұл жолғы ұйымдастыру мүлдем бөлек болды. Әрине бұған дейін де жыл сайын аталып өтіліп жүр. Дегенмен биылғысы «көрген де арманда, көрмеген де арманда» деп ауыз толып айтарлықтай болды.
Игі іске ұйытқы болған – «Әли-Муса» мешітінің жамағаты мен 5 квартал жастары. Айт күні жақындағанын білетін «арғы беттегі» жұрт барлығын әуелден қолға алған. Басынан аяғына дейін қалай өтетінін жоспарлап қойған десек артық болмас. Кешегі күнге дейін сондағы тұрғындар қаржы жинады. Таңмен таласып тұрып, кешті батырған олар Құрбан айт мерекесінің екі күнінде «Әли-Муса» мешітінің жанында болды. Қ.Ерімбет көшесінің бойын жауып, екі киіз үй мен екі палатка құрып, спорттық сайыстардың керек-жарағын дайындады. Мейрам қарсаңында бүлдіршіндердің жүзіне күлкі жиылсын деп балаларға арналған батут құрып, балмұздақ, жеміс-жидек және басқа да тәттілер мен сусындар тегін таратқан да осы жастар. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деп айтып кеткені бекер емес екеніне көз жеткізесің. 5 квартал аумағының ақсақалдар төрағасы Аман Дінахметов:
– Исі мұсылман баласының Аллаға деген сүйіспеншілік пен адамның шынайы ниетін паш ететін мейрамы – Құрбан айт. Бұл күндері мұсылман қауымы құрбандыққа мал сойып, көпшілік жиналған ортада үгiт-насихат, өсиет айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді. Қасиетті мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы – осында.
Бүгінгі жас буынның көзі ашық, көкірегі ояу. Барлығынан хабар алып, тез ұйымдаса кетеді. Шүкір деп айту керек біздегі жастардың дені осындай. Олар осы күннен жұрт арғы бет атап кеткен ағайынның басын қосып, ел-халықтың бірлігіне атсалысты. Сондай-ақ бір жағынан бұл жастар арасындағы алауыздықтың алдын алу. Бұлай ұйымдастырылуының тағы бір мақсаты – кешегідей қаңтар оқиғасы кезінде алып-қашпа әңгімеге ермеу, топтық төбелеске бармау. Жас-өскіндерді спортқа баулу. Ұлттық салт-дәстүрден хабар беру. Ұрлық, ішімдік, өтірік-өсектен аулақ болу болып табылады. Ал «неге мешіттің алдында өткізілді?» десеңіз, ол халық пен мешіттің арасын жақындату екенін еске салғым келеді. Өйткені арамызда осы күнге дейін мешіттің айналасына жоламаған жастар бар. Сондай жандарды ұлық мереке қарсаңында жинап, сауаптан құр қалмасын деген ниет. Осы тұста 5 аймақ жастары мен «Әли-Муса» мешітінің жамағатына үлкен алғысымды жеткізгім келеді, – деген ризашылығын білдірді.
Аудандағы кез келген шараның басынан табылатын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұл жерге де аялдады. Мінберде тұрып сөз сөйлеп, барша қазалылықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Одан бөлек еліміздің тыныштығы мен татулығын тілеп, игілікті шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, теміржол саласының ардагері Ерқосай Қабылов және «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік Сүлейменов жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Биыл спорттық шаралардың кейбірінде спортпен шұғылданатындар бір бөлек, айналыспайтындар болып қатысты. Өйткені жыл сайынғы өткен Құрбан айт мерекесінде жүлденің барлығы спортпен шұғылданатын жігіттердің қолтығында кетті. Сондықтан осындай ортақ шешімге келген. Ал арқан тартыста сондағы әр жылдағы жігіттер бас қосып, таласқа түседі. Мұнан бөлек асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қол күрес және қазақша күрес және қой көтеру сынды қазақтың ұлттық ойындарының сан түрі өтіп жатты. Яғни спорттың 12 түрінен жарыс болды. Мұның барлығына 15 төреші әділдік етті. Осы ретте бір қуантарлығы, аталған спорттық ойындардың жүлдесі үшін 1 миллион теңге қаражат тігілген.
Сондай-ақ грек-рим күресінен жасөспірім балаларға 5 квартал жігіттерінің және «Әли-Муса» мешітінің атынан 50 дана «Қазақстан» футболкасы табыс етілді.
Жеңімпаздарға қысқаша тоқталсақ, арқан тарту бойынша «1997» жылғы жігіттер қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды иеленді. Ақтық сында сүрінген «1988» жылғы азаматтар жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал «1984» болып сынға түскен ерлер үшінші орынмен аяқтады. Қазақ күресінен түйе палуандар тартысына түскендердің ішінен үздік деп Мейрамбек Тәжібай табылды. Ақсұңқар Нұрбаев екінші және Мәди Жаманқұлов үшінші орынды еншіледі. Сол тұста қатарласа қой көтеру бойынша сайыс өтіп жатқан. Мұнда Илияс Кәден бірінші болып, қойдың иесі атанды. Рамазан Оразбай екінші орынды алса, Ербосын Сұлтанов үштікті қорытындылады.
Мереке аясында С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте орта жастағы азаматтардың арасында кіші футболдан жарыс өтті. Әр жылдағы жігіттердің тартысқа толы турниріне 7 команда қатысты. Мұнда «1985» жылғы жігіттер жеңімпаз атанып, диплом мен 40 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал екінші орынды «1983» жылғы ерлер иеленіп, 30 мың теңгеге қол жеткізсе, үздік үштікті «1986» мен «1977-78» жылғы азаматтар өзара бөлісіп, 15-15 мыңнан қаржы еншіледі.
Шара соңында жиылған жұртшылыққа жыр термеден шашу шашылып, мерекеге орай өткізілген барлық спорт түрінен сынға түскен азаматтарға арнайы сый-сияпаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.
– Шыны керек, басты мақсат мерекенің жоғары деңгейде өтуі болса, екіншісі мейрам қарсаңында осы беттегі барлық жігіттердің басын қосып, жастардың арасындағы топтық төбелесті тыю. Үгіт-насихат жүргізу. Егер олардың аузы бір болып, кез келген игі істің басынан табылып, бір-бірін сыйлап жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені төбелестің салдарынан арбаға таңылып, келместің кемесінен орын тауып жатқан жандар көп. Сондықтан алауыздықтан аулақ болып, ауызбіршілікті нығайту қажет. Сол үшін де осындай ауқымды шараның өтуі қолға алынды. 5 квартал жастары мен «Әли-Муса» мешітінің жамағатына сондай-ақ кәсіпкерлер мен атқамінер азаматтарға, мекеме басшыларына өз алғысымды білдіремін. Жақсы күндерде жолығып, қайырлы істің басынан табыла берейік, – дейді «Әли-Муса» мешітінің имамы Бақытжан Қаниев.
Айтпақшы, бұл күні ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жанында Құрбан айт мерекесі аталып өтілді. Таң атқаннан осында ағылған жұрт бірігіп айт намазын оқыды. Мұнда да аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы орталық мешітке арнайы ат басын бұрып, айт намазына жиналған жамағатты Қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.
Ал жиналған адамдарға ауданның бас имамы Берік Мәдиұлы «Құрбан айттың әдебі» тақырыбында уағыз насихат айтты. Артынша тұрғындар арнайы дайындалған астан ауыз тиіп, құрбан шалу рәсіміне кірісіп кетті. Мұнан соң жамағат арасында «қол күрес», «асық ату», «гір көтеру» сынды спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға диплом мен сыйлықтар үйлестірілді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК