Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани тазаруға ұмтылыс

Рухани тазаруға ұмтылыс

  Бүгінгі таңда елде белгіленген атаулы мерекелердің түрі көп. Олардың барлығы да маңыздылығына сай лайықты деңгейде аталынып келеді. Әсіресе жұртшылық асыға күтетін Жаңа жыл мен Наурыз мерекесінде республика бойынша ұлан-асыр той тойланады. Сонымен қатар биылғы тамыз айының 11-нен бастап, үш күнге созылатын күллі мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтты асыға күтетіндер де аз емес. Себебі ислам дінінде аталған күн басты мейрам саналады. Жақында Әйтеке би кентінің 5 квартал аталатын аймағының тұрғындары қасиетті мерекені жаңа жыл мейрамымен теңестіру туралы бастама көтерді.

 Сауапты істі ұйымдастырушылардың бірі, №204 мектеп директорының орынбасары Қанат Әбішевтің айтуынша, бұндағы басты міндет – өскелең ұрпақты сауапты істер жасауға тартып, зиянды әдеттерден аулақ қылуға үндейтін мейрамның мерейін өсіру. Сондай-ақ бұл шара жұртшылықты Құрбан айт мерекесін лайықты деңгейде атап өтуге шақырады. Бұл үшін жамағат болып бірқатар тірлік жасалған.
 – Біз қасиетті мейрамда басқаларға “Айтыңмен”, “Айт құтты болсын” деген құрғақ тілектен аса алмай жүргеніміз жасырын емес. Оны өз деңгейінде тойлау туралы бастама көтеру осы әрекетіміз еске түскеннен басталды. Қазіргі таңда Құрбан айтты ұлықтау үшін “арғы бет” бойынша мыңнан астам адам атсалысуда. Олар 11 тамыз күні таңертең басталатын “Ауылдың айтулы күні” шарасының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуын қолға алған. Шарада Ақтөбе қаласындағы медреседен ұстаз келіп, уағыз оқиды. Аудан әкіміне де шақырту жібердік.
 Бұдан бөлек осыдан бірнеше күн бұрын ауыл ақсақалдары мен мешіт имамдары 5 кварталдағы барлық дүкенді аралап, кәсіпкерлерге мейрам басталатын күні ішімдік сатпау туралы ұсыныстарын жеткізді. Бір қуанарлығы барлық сауда нысандарының иелері бұл өтінішке қызу қолдау білдіріп, келісімдерін берді. Есесіне Құрбан айтта ішімдіктен болатын күнәлар тыйылып, отбасы мүшелері қасиетті мерекені бірге тойлауға жағдай жасалады. Ал келер жылы ақсақалдар кеңесін құрып, көпшілікті мереке күні ауылды абаттандыруға жұмылдыруды қолға алмақпыз, – дейді ол.
 Құрбан айт мерекесі күні болатын шараға мөлтек ауданда орналасқан барлық мекеме қызметкерлері арнайы шақырылған. Халық көп шоғырланатын дүкендерге шақырту қағазы ілінді. Ақсақалдар ішінде жамағатты шылым шегу, насыбай ату, сонымен қатар спирттік ішімдікті тұтынудан бас тартуға шақырып, бастама көтереді. Бұл акция аудан көлемінде ұйымдастырылып, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сондай-ақ топтық төбелеске тосқауыл қойылып, көлік жүргізушілеріне жылдамдықты асырмау туралы үгіт-насихат жүргізіледі. Халықты ұрлық жасап, адамның сыртынан ғайбат айтудан тияды. Тіпті әлеуметтік желідегі жаға жыртысуларды доғаруға шақырады. Бастамашылар берген мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде бірқатар жастар зиянды әрекеттерден біржола бас тартуға келісімін беріп отыр.
 Мерейлі мерекені ұйымдастыру­шылардың қатарында Әли Муса мешітінің бас имамы Бақытжан Қаниев те бар. Ол сауабы мол тірлікке ауданның беделді азаматтарының қолдау көрсетіп отырғанына және жамағаттың шынайы ниетіне ризашылығын білдірді.
 – Осы сәтте атқарылып жатқан істің барлығы көпшілік бірлігінің арқасында жасалғаны белгілі. Үлкен шараның бір бұрышын көтерісіп жүрген Әли Муса мен Жүсіпбай ағаларымызға айтар алғысымыз шексіз. Құрбан айт мерекесі қарсаңында осындағы қазақ және орыс қорымдарын тазалап шыққан тұрғындардың еңбегін де атап өткен жөн. Бұған халық жұмылдырылмас бұрын жұма күні уағыз айтылғанда орыс қорымына байланысты басы артық сұрақтар болмас үшін түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бастысы өзіміз өмір сүретін қоршаған ортаны ластамай, дүниеден өткен адамдардың бейітінің маңын таза ұстау қажеттігі айтылды. Бұл бастама көтерілгенде Арғын Орынбаев көлік мәселесін шешіп берді. Осындай сауапты істердің басында жүрген барша бауырларымызға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да жамағат болып атқарылар тірлігіміз толастамаса екен деп тілеймін, – деді имам.
 Ұйымдастырушылар қазірдің өзін­де жұдырықтай жұмылған тұрғындардың жиған қаражаты бір миллион теңгеден асқан. Шараға атсалысып жүргендер саны екі мың адамға жуықтады. Ал Ұлық мейрамның өз дәрежесінде өтуіне қаржылай қолдау білдіретіндерін айтқан ақсақалдар қауымы мен басқа да ниеттес азаматтардың салымын есептесек мерекеге арналған қордың көлемі әлі де өсуі мүмкін. Сәйкесінше артылған қаражат баласын мектепке қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етуге шамасы жетпей отырған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде беріледі.
 Айта кетейік, жексенбі күні таңертең “Әли Муса” мешітінің жанында Құрбан айт мерекесіне орай мал шалынып, мереке аталып өтіледі. Сондай-ақ күрес, гір көтеру, қолкүрес сияқты бірнеше спорт түрінен сайыс ұйымдастырылып, қонақасы беріледі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
10 тамыз 2019 ж. 1 341 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031