Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дархан даладағы дүбір

Дархан даладағы дүбір

«Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейтіні» рас. Жер шарының қай қиырына барса да кіндігіңнен жалғасқан туған жер кез келген жанның санасына түскен сәуледей жарқырап тұратыны анық. Бұл – туған торқалы топырақтың құдіреті екендігі шүбәсіз. Сол құдірет даңқты батырлардың алапасын арттырып, елін-жерін жаудан қорғауға ынталы етсе, күллі Мысырға сұлтан болып отырған Бейбарысты алтын тағын тәрк етуге мәжбүр қылды. Туған ауылдың түні де, күні де осынысымен ыстық. Оған біз өткен сенбі күні басталып, жексенбіде қорытындыланған Лақалы ауылдық клубының бастамасымен ұйымдастырылған «Ауыл күнінде» куә болдық.

«Лақалыға барып әншімін деме»

Ел аузында «Арқаға барып әншімін деме, Сырға келіп жыршымын деме» деген сөз бар. Былайғы жұртқа екеуі де түсінікті. Ал құт қонған Қазалы топырағының әуелден Арқасы – Лақалы десек, қателеспеспіз. Көл жағалай қонған киелі қоныстан шыққан небір талантты қыз-жігіттер бүгінде аудан, облыс, әрі-беріден соң, ел мәдениетін көтеруге қызмет етіп жүр.
Сенбі күні ауыл аспанын әнмен тербеткен Лақалыдан шыққан мәдениет майталмандарының қатысуымен өткен «Сыр да, сый да – өнерде» атты гала-концертте жоғарыдағы сөздің расыменде Лақалыға қарата айтылғандай әсерде қалдырғаны рас. Бүгінгі таңда «Қазалының Левитаны» атанып, түрлі мәдени шаралардың жүргізушісі, әнші Кенжалы Асқар, атақты Нартай әндерін республикалық сахналарда нақышына кел­тіре орындап жүрген Әзілхан Мақсатбаев, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Рахымжан Мақсатбаев, көпші­лікке белгілі «Мен қазақпын», «Жақсы адамдарым», «Алғыс» секілді әндердің авторы Жарасқан Төлебай, түрлі ән байқаулардың лауреаттары Мадияр Жеткербай, Марат Тілеулесов, Есен Құттыбай, Кәмилә Тәуекелова, Аида, Мейіржан, Күнімай атты Нағашыбаевтар әулиетінің ұл-қыздары әннен шашу шашты.
Бүгінде Лақалыда туып, елдің түкпір-түкпірінде тұрып, сан-салада қызмет жасап жатқан лақалылықтар «Ауыл күніне» арнайы қатысып, Лақалылық өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылорда қалалары мен өзге аудандардан арнайы келген қонақтар ауыл таланттарына алғыстарын айтып, батасын берді.
Айтулы шараға арнайы қатысқан белгілі тележүргізуші, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт қонақтар арасынан сөз алып, елге ыстық ықыласын білдірді. Ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Мұнан соң өнерлі өрендердің ән-кеші мерекелік отшашуға ұласты.
Сондай-ақ гала-концерттен соң ауыл жастары белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітпен кездесіп, көкейдегі сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін айтты.


Имандылық үйі – ізгілікті бастама


Көл бетінен соққан леп кез келген жанның ауылға, туған жерге деген сағынышын, мейірімін арттыратыны анық. Осы ретте көл жағалай орналасқан Лақалы жұрты да бір үйдің баласындай күн кешіп, имандылықты ту, қайырымдылықты қалқан еткен ауыл екеніне «Ауыл күнінің» екінші күні басталғанда куә болдық. Ол күні ел азаматтарының бастамасымен ауыл орталығында мешіттің іргетасы қаланды.
Жер-жерден келген қадірлі қонақтар, ауылдағы ағайынға арымасын айтып, имандылық үйінің кірпішін қалауға қатысты. Ауыл халқының атынан Социалистік Еңбек ері Кәрібоз Әлімаев жиналған жұртқа батасын берді. Мешіттің алғашқы кірпішін қалау құрметіне аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, облыстық мәслихат депутаттары, ауыл жанашыры Ібайдулла Тілеп, Аида Абибуллаева сынды қонақтар ие болды.
Ал ауылдан шыққан айтулы азамат, белгілі кәсіпкер Әлимұса Қожағұлов мешіт құрылысы біткеннен кейін жеке қаражаты есебінен мешіт имамына айлық жалақасын төлеп тұратын болды.

Ынтымақты елдің – ырысы мол

«Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейтін сөз бар. Лақалы жерінің төрт құбыласы тең, ауызбіршілігі жарасқан жұрт екендігіне мешіт іргетасы қаланғаннан кейінгі ауыл күніне арналған шарада да көз жеткіздік.
Белгілі өнерпаз Кенжебай Мақсатбаевтың сценариі негізінде жазылған Лақалы атауының шығуына байланысты сахналық көрініспен ашылған шара көрермендердің жүрегіне жол тауып, жанарынан жас шығарды десек артық айтқандық емес.
1930 жылғы аштық кезінде бір ғана әулеттің басына түскен нәубетті саханалаған ауыл өнерпаздары тұтас қазақ баласының қасіретін көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Арып-ашып келген жұрттың, көл жағасындағы елден бақыт тауып, балық аулап, еңсесін тіктегенін ауыл өнерпаздары айшықты етіп бере алды.
Ауыл халқының ауызбіршілігіне, осындай көпті елеңдеткен шараны өткізген ауыл халқына аудан басшысы Мұхтар Оразбаев өз алғысын білдірді.


– Құрметті Лақалы халқы. Кешеден бері сіздермен бірге болып, ауылдың ауызбіршілігіне, қонақжайлылығына, талантты ұл-қыздарының өнеріне тәнті болып жатқан жайымыз бар. Бұл көпке үлгі болатындай көрініс. Ата-баба аруағына тағзым етіп, Құрмет тақтасын жасап, ашық аспан астында балықшылардың жәдігерлерін жасақтап, мешіттің іргетасын қалап жатқандарыңыз үлкен көңіл марқаятын іс. «Бақ қайда барасың?» дегенде «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген екен. Сіздердің ауылдарыңызды сол ынтымағы жарасқан ел, бағы асқан ауыл деп бағамдадық. Тойларыңыз тойға ұласа берсін, – деген алғаусыз тілегін жеткізді.
Мұнан соң шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Оның ішінде аудан әкімдігі мен мәслихаттың Құрмет грамотасын Кәрібай Тәуекелов иеленсе, Марат Тлеулесов, Ерімбет Байділдаев, Сейілхан Мақсатбаев Алғыс хаттармен марапатталды.
Келесі кезекте сөз алған, ауыл күнінің жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты атсалысқан Кенжебай Мақсатбаев:
– Бұл шараға екі айға жуық уақыт дайындалдық. Сонау зұлматты кездері осы араға келіп қоныстанған халықтың ұрпақтары бүгінде бар. Барлығы тату-тәтті, ынтымақтастықта өмір сүріп отыр. Осындағы Құрмет тақтасына 487-ден астам азаматтардың есімі жазылды. Кейбірін архивтен отырып таптық. Барлық шараның бел ортасында белсене жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді.
Мұнан соң балықшылықты атакәсіп еткен жұртқа өзінің «Қара қайық» атты өлеңін оқып берді.
Сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Жұбаниязов аудан басшысы мен қонақтарға, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Келесі кезекте ауыл орталығынан мәрмәр тасқа елге еңбегі сіңген, ұрпағымен мың жасаған азаматтардың аты-жөні жазылған ескерткіш тақтаның лентасы қиылды. Бұл жерде ауданның бас имамы Берік қажы Сүлейменов құран хатым жасады.
Бір айта кетерлігі Құрмет тақтасының жанына Лақалы ауылының тарихы, балықшы ағайынның пайдаланған құрал-жабдықтары: жылым қалқысы, жылым батырмасы, ат доғасы, зәкір, шанышқы, үзеңгі, сүймен, шаторақ, қабадан мен қайық қойылған.
Жалпы Лақалы жеріне 1930 жылдан бас­тап ел қоныстана бастаған. Ашаршылық кезінде ерге пана, халыққа қамқор болған жерде 1934 жылы балықшы қауымының ынтасымен «Жаңа тұрмыс» артелі болып құрылған. 1936 жылдан бастап №7 ауылдық кеңесіне қарасты Микоян атындағы балықшылар колхозы аталған. Негізінен ауыл айналасындағы көлдерде лақа балығы көп болғандықтан «Лақалы» атанып кеткен. 2005 жылдан бас­тап Тасарық ауылдық округіне қарайды.

Е.ЖҰМАБЕКҰЛЫ

05 шілде 2022 ж. 508 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031