Балаларға базарлық
Спорт – денсаулық кепілі. Оның адам өмірінде алатыны орны да ерекше. Денсаулықты шынықтырып, мықты, шыдамды, шымыр болуға септігін тигізетін спортты жанына жақын тұтқан қалалық жеткіншектер үшін жуырда қуанышты жағдай орын алды. Ол – Қазалы Ү.Түктібаев көшесінің бойынан спорт алаңының пайдалануға берілуі. Мұнда енді балалар спорттың үш түрімен айналыса алады.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Қазалы қаласына арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Қала тұрғындары балалардың бос уақытында пайдалы іспен шұғылдануға мүмкіндік беретін спорт алаңы үшін аудан басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
– Саламатты өмір сүру дегеніміз – тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Бала тәрбиесіне қазақ халқы ерте кезден ден қойып, баланың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Осыған дәлел қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен бастап балаларға дұрыс тәрбие беріп, асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен балалар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз. Қазір заманның ағымына сай спорттың да түрлері өзгерді. Футбол, волейбол тағы басқа бірнеше ойындар бар. Балалардың да оларға деген қызығушылығы басым. Бұл спорт алаңы балалар жылында жеткіншектерге үлкен сый болды», – дейді қала ардагерлері.
Сондай-ақ мұндай игілікті істер алдағы уақытта жалғасын таба берсе деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Өз кезегінде Мұхтар Әуесұлы тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласы назардан тыс қалмайтынын тілге тиек етті.
Мұнан соң аудан басшысы спортпен шұғылданушы балалармен тілдесіп, оларға футбол, волейбол және баскетбол ойнайтын доптарды тарту етті. Сондай-ақ кіші футболдан екі команда арасындағы кездесуді алаң ортасынан бастап берді.
Қуанышты жүздері бал-бұл жайнаған балалар алаң ішінде доп қуалап, мәре-сәре болысты. Сол күні кеш қарайғанша ойынның қызығына түскен олар таңертең тағы жиналатынын айтып, әрең тарқасты.
– Мен футболға қатты қызығамын. Бір екі-жылдан бері ойнап келемін. Жарыстарға да қатысып жүрміз. Осындай кең әрі әдемі алаң жасап берген ағаларға рақмет айтамын. Енді бос уақытымда үнемі осында келемін, – дейді он жастағы Қуандық Дайрабай.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА