Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамақтану орындарының сапасы талапқа сай ма?

Тамақтану орындарының сапасы талапқа сай ма?

Бүгінде Қазалыда қоғамдық тамақтану орындарының саны артқан. Қаланың орталығы мен базар маңында, автобекеттер мен қала сыртына шығатын жол бойынан шағын шайханалар мен кафелерді жиі кезіктіруге болады. Сондай-ақ жыл сайын бой көтеріп жатқан үлкен мейрамханалар мен рестобарлар да тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Алайда осы аталған қоғамдық тамақтану орындары санитариялық талапқа сай ма? Қызмет көрсету сапасы көпшіліктің көңілінен шыға ма? Ендеше тақырыбымызға арқау болған сұрақтарға бірге жауап іздеп көрелік.
Адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізбей, санитариялық талапқа сай қызмет ұсыну кәсіпкерлердің негізгі мақсаты. Бірақ бұған ат үсті қарап, тек табыс түсіруді ғана көздегендер өз орталықтарының тағамдарын талғажау етіп жүрген тұтынушыларының обалына қалып жатқанын өздері байқамайтын сыңайлы. Нарық пен заман талабынан қалмай, өзгелерден ерекшеленген дұрыс-ақ, бірақ бірінші орында тазалық болуы керек емес пе?!
– Өңірдегі тамақтану орындарының көбейгені қуантады. Сан жағынан артқан сайын тиісінше бәсекелестік артып, сапаға көбірек мән берілуде. Дегенмен бізде сапа жағынан ілгерілеушілік жоғары деп айту қиын. Неге десеңіз, біздегі тамақтану орындарында қызмет көрсету сервисі әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Кейбір орындарда тазалық сақталмайды. Даяршылар өз істеріне салғырт қарайды. Үстелдер лас, қасық, шанышқылар тиісінше сүртілмейді. Қол жуатын жер тамақтанатын орынға тым жақын орналасқан. Антисанитарияның салдарынан, атап айтсам дұрыс жуылмаған ыдыстан тамақ ішіп, уланған бір бойжеткеннің инфекциялық аурухананың төсегінен бір шыққанын да көзіміз көрді. Осындай салғырттықтың кесірі бір адамның денсаулығына әсер ететінін, кәсіп иелері неге ескермейді? Жүгі ауыр жауапкершілікті арқалағандар гигиеналық санитарияға немқұрайлы қарамауды үйренсе екен, – дейді кент тұрғыны Сәуле Қазбекқызы.
– Қызметі жағынан барлық қоғамдық орындарды бірдей деп айтуға келмейді. Түрлі айырмашылықтарға қарамастан ұсынатын тамағы мен қызметінің арқасында тұрақты тұтынушыларға ие болып үлгергендері де бар. Мұндай нысандар ең алдымен тұрғындардың тілегі мен талабын басты назарға алады. Сондай тамақтану орындарының бірі және бірегейі деп кент орталығындағы «Nauat», «Maki-maki» кафесін айтар едім. Эстетикалық талғаммен, қазақи колоритті дәріптеген арнайы банкет залдарымен қоса, балаларға арналған ойын алаңқайынан тұратын арнайы бөлме де қарастырылған. Тағамдары да тіл үйіреді. Ыдыстары таза, жиһаздары сәнді әрі жинақы. Ерекше комфорт сыйлайды. Нысанның тазалығы пен сервисіне көңілім толады, – дейді кент тұрғыны Мира Жұмағалиева.
Шағын асханалар мен тез дайындалатын ас мәзірін ұсынатын орындардың қызметкерлері көп жағдайда кезекті медициналық тексерістен өтпей жұмыс жасап жатқан жайттарды да жиі кездестіріп жүрміз. Тіпті азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін арнайы сертификаттардың болмауы, аспаздар мен даяршылардың арнайы формасының жоқтығы секілді кемшіліктер де назардан тыс қалып жатыр. Ал мұндай мәселелер тұтынушының сапа мен санитарияға күмәнмен қарауына, тұрғындардың алаңдауына негіз болады.
Көтерілген тақырып аясында Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақы­­лау басқармасына жолдаған сауалымызға:
– Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық маңызы жоғары 11 қоғамдық тамақтану орны Қазалы аудандық санитариялық бақылау басқармасының тікелей қадағалауында. «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес қоғамдық орындарға тексеру жұмыстарын жүргізу барысы басқаша сипатқа ие болды. «Жеке кәсіпкерлікті қолдау» заңына енген өзгерістердің нәтижесінде сала мамандары тексеріс жүргізетін нысандарға алдын ала ескерту хабарлама жібереді. Себебі бұрынғыдай тексеруге жол берілмейді, тек департамент тапсырмасына сәйкес белгіленген жоспар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізумен ғана шектелеміз. Сондай ақ жеке кәсіпкерлер мен басқарма мамандары арасында семинар, вебинар, дөңгелек үстел өткізіліп, санитариялық-ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Радиоторап арқылы тазалық шараларын сақтау туралы ескертпелер беріліп, профилактикалық мақсаттағы үнпарақтар таратылады, – дейді аудандық санитариялық бақылау басқармасының маманы.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының атқарып жатқан жұмыстарына зер салсақ, түсіндіру шараларынан басқа нақты іс-әрекеттер жүзеге асырылмағанға ұқсайды. Себебі жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарына тексеру жұмыстары ұйымдастырылмаған. Сондықтан мемлекет бұл тарапта жуық арада нақты заңдар қабылдап, жүйелі істер жүргізуге мүдделі болуы керек. Әйтпесе санитарлық талапты бұзып жатқан шағын шайханалар мен мейманға толы мейрамханалардың бассыздығына тосқауыл бола алмай қалуымыз ғажап емес.
Арайлым ЖҮСІПОВА
14 маусым 2022 ж. 502 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031