Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйіндінің астында қалудан үрейленеді

Үйіндінің астында қалудан үрейленеді

Жуырда редакцияға Әйтеке би кентінің тұрғыны Ақерке Аяғанова келді. Айтуынша, қабырғасы құлап, іргесі сөгілген үйінің мүшкіл халін айтып, аудан басшыларына сан мәрте барса да ешқандай нәтиже болмапты. Жалғыз басты ананың жанайқайын тыңдай келе, біздің басылым арқылы да базынасын атқамінерлерге баяндағаны еске түсті.
Осы жылы ақпан айының 15-ші жұлдызында жарық көрген аудандық «Қазалы» газетінде тілші Алтын Қосбармақова «Көпқабатты үйлерде мәселе көп» тақырыбындағы проблемалық мақаласын жариялаған болатын. Онда көпқабатты үйлердегі жағдай жан-жақты жазылып, көкейде жүрген көп мәселе көтерілген еді. Ақерке Аяғанова да өз үйінде үреймен өмір сүріп жатқандығын жеткізген. Алайда «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері келіп тұр. «Төрт айдан бері өзгерген ештеңе жоқ», – дейді тұрғын.
– Бір күні үйіндінің астында қаламын ба деп қорқамын. Үйдің іргетасы жоқ, құлау қаупінде. Бөлмелердің барлық қабырғасы қисайған, төбесі түсіп кеткен. Су жоқ, жылу кіргізілмеген. От жағамын. Сұрастыра келе, апатты жағдайдағы жерге су кіргізу, жылу жүргізу қауіпті екенін білдім. Жаңбыр жауса, екінші қабаттағы үйімнен өткен су төменгі қабаттағы үйге жетеді. Аспанды бұлт торласа, жарықты қондырғыдан ажыратып тастауға мәжбүрміз. Шатырдан толассыз аққан су, электр тоғын бойлап, үйді өртке шалдықтыруы әбден мүмкін, – деп шырылдаған ананың бұл жағдайынан ел ағалары хабардар.
Олар үйдің сыртын жаңалап бере алатындықтарын ғана айтқан екен. Сыртты сәндеумен мәселе шешілмейтіні белгілі. Осы ретте Ақерке Аяғанова: «Менің үйімнің орнына үй берсе, үйіндінің асында қалып қоямын деген үрейден арылып, тыныш өмір сүрер едім» деген тілегін жеткізді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 маусым 2022 ж. 245 0

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 41

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 87

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 136

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 144

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031