Орақ батыр бөркі қалған төбе
Қызылорда облысындағы мәдени ескерткіштердің көпшілігі Қазақстанның археологиялық картасына енгізілген және мемлекеттік есепке алынған. Өлкенің зерттелу тарихында Қазақстанның Ресейге қосылған бодандық кезеңі ерекше орын алады. Өйткені патша үкіметі Қазақстан территориясындағы орыс ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейте түсті. Бертін келе ХХІ ғасырдың басынан бастап Сыр өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдары, Ә.Марғұлан атындағы Археология институт ғалымдары, РФ ҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты ғалымдары бірлесіп жүргізіп келеді.
Біздің аудан маңында қаншама би-шешен, батыр, ишан-ахундар мен қасиетті тұлғалардың мекендегенін айғақтайтын дәлелдер баршылық. Сондай бойына аңыз бүккен Орақ батыр мұнарасын айтуға болады. Ол қазақ даласында аз кездессе де, өзінің көркемдік стилімен көз тартатын көненің көзі ретінде ерекше ескерткіш қатарына баланады. Соның бірі – Қазалы ауданына қарасты “Қожабақы” ауылынан 6 шақырым жердегі Орақ мұнарасы.
Мұнара 1918 жылы бұрынғы құлап қалған ескерткіштің орнынан Орақ батырдың есімін өшірмес үшін қайта тұрғызылған. Орақ кезінде халық бостандығы үшін Хиуа хандығымен көп соғысқан батыр. Ел арасындағы аңызда жауға соңғы аттанарда төбе басына бөркін қалдырып кеткен деген болжам бар. Орақ батыр дінге шын берілген адам болғанымен молдалықпен айналыспаған. Ол жау келсе де намазын бұзбайды екен. Дұшпан оның осы қасиетін біліп, намаз оқып отырған уақытында басын шауып алады. Батыр тірісінде бірнеше жерге мешіт салдырған Қожаназар ишанның атасы болған деседі. Орақ батырдан: Артықбай, Арланбай, Отбай, Артықбайдан: Қожаназар, Бекназар, Ақназар туады.
Аталған іші қуыс мұнара күйген кірпіштен қаланған. Дөңгелек пішінде тұрғызылады да, биіктеген сайын жіңішкеріп сүйірлене төбесі жабылған. Бұл өлген адамның үстіне салынған белгі емес. Құрылысы қазақи нақышта тарихы әріден басталатын белгілі бір кісінің атына байланысты салынған жәдігер. Бейіт басына көтерілген төртқұлақ, сағана, күмбезді мавзолейлер бір-біріне өте ұқсас болса, мұнаралардың көбісі бірін-бірі қайталамайды. Ұшар басы мәнерлі, өрнекті кірпіштермен көмкеріліп, төбесі күмбезделіп жасалған.
Күмбез әлдеқайда аумақты іргетасқа отырғызылған. Сондай-ақ мұнараның кірер есігі жоқ. Ел арасындағы тағы бір аңызға құлақ түрсек, Сарманқоса, Бегім ана, Мортық және Орақ мұнараларының арасында байланыс бар. Бұл мұнаралар жау беталысынан от жағып, белгі хабар беру үшін де пайдаланған деген тұжырым бар.
Тағы бір тұжырым бойынша “Орақтың белгісі” атануы батырдың басы шабылған сәтте домалап кетіп, ешкім таба алмай қалады. Қыраттан домалаған бас бір жылдан кейін табылып, содан соң осы мұнара қойылған дегенді алға тартады аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев.
Оның пайымдауынша, халыққа белгі беру мұнарасы емес, керісінше, батырдың мазары. Соңғы уақыттары мемлекеттік қорғауға алынған архитектуралық маңызды ескерткіштің астыңғы бөлік кірпіштері сөгіліп, бір жаққа қарай сәл қисая бастағандықтан оған толық реставрация жасалды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА