Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз де бала болғанбыз

Біз де бала болғанбыз

Өмірдің ең тәтті кезеңі – балалық шақ. «Бақыт деген сенің бала күндерің, бақытсыз-ақ бақытты болып жүргенің» деген өлең жолдарының өзінде тобықтай түйін бар. Қайғысыз, қамсыз күні бойы доп қуалап немесе қуыршақ ойнаған сәттер кім-кімге де ыстық. Бүгінде есейіп, бірі ата енді бірі әже, ана-әке атанған әрбір жанның бала кезде бастан кешкен талай қызықты оқиғасы бар. Бүгін бірнеше оқырманымыздың балалық шағына саяхат жасадық.












Қазыбай САНИЯЗОВ,ардагер ұстаз:
Адыраспан түйнегімен атыспақ ойнадық
Менің балалық шағым толқыны тулаған Арал теңізінің Қасқақұлан ауылында өтті. Елдің негізгі кәсібі балық аулау болатын. Сондықтан ойыма ақын Ержеңіс Әбдінің мына бір шумақ өлеңі оралып отыр.
Есігінде ілінген ау, құралы,
Бесігінде толқын жайлы жыр-әні.
Теңіз көрген, кеме ілінген әр үйде,
Ең кемінде бір балықшы тұрады.
Балықшы елдің баласы болғасын, ойын баласы да тіршілік ортасына бейім келеді ғой. Асық пен ләңгі ойнаудан бөлек, суы қайтқан теңіз жағалауында таяуды қадап қойып, қиыршық құм үстінде күн батып, ай жарығы түскенше футбол ойнайтынбыз. Әр үйде маторлы қайықпен сүйретпе қайық болатын. Жаз айларында қопадан шөп дайындауға қас болса түйе, ат шанамен қамыс шабуға көмектесетінбіз. Қайық үстінде қармақ салып мөлдір су астындағы жемтікке келген балықты көріп қызықтаушы едік. Пішен қауылдырығынан қайық, кепкен қамыс бұтағынан түрлі жануарлар бейнесін жасап, жағалаудағы бақалшақты басбармаққа киіп, төбелестіріп, мықтылығына таласып жататынбыз. Серіппелі сымнан жасалған құралмен адыраспан түйнегімен атыспақ ойнап, бір-бірімізді қуалап кетуші едік.
Өзіміз тау дейтінбіз, әйтпесе төбе ғой. Сол төбеден оншақты бала мінгесіп, төмен қарай құлдилап, қамыс қораларға соғып, у-шу болып әрең тарқасатынбыз.Ол кезеңдерде қар қалың, қыс қатты болатын. Жазды аптап ыстығында мұзқаладан халыққа мұз тарату үлкен мереке іспетті. Ауылдың батыс беткейінде аэропорт болатын. Таңертең Аралдан келетін самолеттің ұшу сәтіндегі ауа ағынымен көтерілген топыраққа көміліп, топ бала сол маңда жүретінбіз. Өскен ортамыздың қатынас құралы самолет пен кеме болғандықтан өскенде ұшқыш немесе капитан боламын деуші едік. Ол да бір арман екен ғой?!

Галя ОСПАНОВА, ҚР Мәдениет саласының үздігі
Көрші қыздардан қалмай, мектепке ерте бардым

Мен негізі бала күнімде өте аңқау едім. Бірінші сыныпқа баруым кездейсоқ болды. Үйдің жанындағы қыздардың оқуға баруға дайындалып жатқанын көріп, әжем мен анама жылағаным есімде. Анам ауылда поштаның бастығы болды. Мені жетектеп мектепке алып барды. Ол кезде мұғалім деген кім түсінбеймін, бір топ апайлар мен ағайларды көрдім. Анам: «Мына қызым мектепке барам деп жылап қоймады. Не қыласыңдар, қабылдайсыңдар ма?», – деді. Бір ағай: «Жазу біле ме? 10-ға дейін санай ала ма?», – деп жатыр. Сонда тұрған апай: «Жасы келмейді» десе, «Жазамын, санаймын», – дедім. Содан не керек оқитын болып шешім қабылданды. Осылай 1сыныпты бастап кеттім.
Бала күнімнен ән айттым. Мектепке бармай жатып үйдің артында өзімді хабарлап ән салатынмын. Алғашқы ұстазым Құрманкүл апай: «Қане, Галя ән айтшы десе тақтаның алдына тұрып алып, «Ленин ата біз ұлан» деп шырқай жөнелетінмін.
3-4 сыныпта оқып жүргенде мектептен шыққан соң сөмкемнің ішінен анам берген бір шағын блокнот, ручка алып әркімнің үйіне кірем «Саламатсыздар ма, аты-жөніңіз кім?» деп сұрап блокнотқа жазып алып, үйге қайтам соны әлі күнге түсінбеймін неге өйтіп жүргенімді. Оларда саған не керегі бар деп сұрамайды. Оны анама айтпаймын, ол білсе де үндемеді ме екен.
Ауылға француз пәнінен беретін Шынжан деген апай келді. Жалпы француздан жақсы оқыдым. Бір күні апай, ән үйретті. «Алуетте жан ти алуетте жөтө плмағи» деген оның аудармасы құс екен. Осы әнді үйге айтып беріп едім не ән өтірік айтып отырсың деп бәрі күлді. Сонан арада біраз жыл өткенде осы әнді француздың әншісі Мирье Матье теледидардан орындағанда үйдегілер сосын барып сенген.
Орыс тілінен беретін апайдың орысша сөйлегенін қызық көріп керген сайын «Здраствуйте» дей беретінмін. Анам бір күні қалаға «отчетқа» кетіп марқұм үлкен ағам тамақты жақсы дайындайтын. Содан күріштің үстіне балық бұқтырып тамақ дайындады. Ағам: «Мен старший повар болайын, сен көмекші повар бол», – деді. Сонда мен: «Помоги повар» болам дегем ғой соны әлі айтып күлеміз.

Күнипа СМАЙЛОВА, «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі
Ойын деп оқуды ұмытып кеткенбіз

1983 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті бітірдім. Бала кезде талай қызық бастан өтті. Сабақтан келіп, сөмкені тастай сала, киімді ауыстырып алып, сыртқа жүгіретінбіз. Үйдің жанында топ бала болып ойынның қызығына батамыз. Қас қарайғанша қайтпайтын едік. Біз маг, жәмпи, орта мәшік, резинка, бес тас ойнап өстік. Тіпті қыстың күндері сабақтан қайтар жолда бір-біріміздің артымыздан ұстап алып, ұзын тізбек жасап сырғанайтынбыз. «Сөмкем жыртылады. Үстім бүлініп қалады-ау» деген ой жоқ.
Мектепте болған мына бір оқиға есімде қалыпты. Нақты қай сынып екенін білмедім, әйтеуір үзілістің кезі. Ұлдар жағы футбол, қыздар резинка ойнадық. Қызығына түсіп кеткеніміз сонша қоңыраудың соғылғанын естімей де қалыппыз. Содан малмандай су болып терлеп сыныпқа кірдік. Апайымыз ұлдарды шақырып алды. Тіпті өздіктерінен келетін түрлері жоқ. Сол сәтте ұстазымыздың: «Ұлың да, қызың да қара терге малшынып, неге сонша жүгіріп ойнайсыңдар. Мектепте жүргендеріңді ұмытып кетердей не болды?» деп ұрысқаны бар. Содан кейін қанша ойнасақ та, сыныпқа кіруге соғылған қоңырауға құлағымызды тосып жүретін болдық.
Қазір балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткеніме 36 жыл толыпты. Мен тәрбиелеген балалардың балалары келіп жатыр. Немерелерім десем де болады. Алдымнан қаншама бала өтті әлде де өсіріп жатырмыз. Заманға сай балғындар телефон, компьютер, планшеттерге көп бұрылып кеткен. Интернеттің пайдалы жақтары да бар, дегенмен ерте жастан қолданса, денсаулыққа зияны көп. Ойлау қабілеттері тез жетіліп келеді. Алайда, шымыр емес. Біз далада асыр салып, секіріп, жүгіріп ойнап-ақ уақыттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Жиі ауырып қалғаны кездерім де есімде жоқ. Біздің кезіміздегі әр ойынның физикалық тұрғыдан пайдасы ұшан теңіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
28 мамыр 2022 ж. 856 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031