Армандар орындалады
Жиырма бес жылдан астам уақыт ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмек беру қызметімен айналысып келе жатқан «Шапағат» орталығы жаңа жобаны қолға алды.
Орталық осы жылдың наурыз айында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Армандарға – бірге» жобасын іске қосты. Мүгедектігі бар жастарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында ашылған өндіріс орнында үш жас жұмыс істейді. Бұнда бәліш, самса, жартылай дайын манты, тұшпара, кондитерлік өнімдер шығарылуда.
Орталық осы жылдың наурыз айында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Армандарға – бірге» жобасын іске қосты. Мүгедектігі бар жастарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында ашылған өндіріс орнында үш жас жұмыс істейді. Бұнда бәліш, самса, жартылай дайын манты, тұшпара, кондитерлік өнімдер шығарылуда.
Аталмыш өнімдер жеке кәсіпкерлер мен «AUIS TI» кофе дүңгіршегіне таратылады. «Армандарға – бірге» жобасы «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қаржыландыруымен іске асырылуда. Күніне 200-ге жуық өнім шығады. Сұраныстың артуына байланысты ауданымыздың тұрғыны болып табылатын, мүгедектігі бар, қолынан іс келетін жастарды жұмыспен қамту мүмкіндігі бар екендігін ескерте отырып, жұмысқа шақырады.
30 жыл көлемінде ерекше балалардың потенциалын жетілдіруге, пайдалы еңбекке тартуға, кәсіптік мамандыққа дайындауға оларды сауықтандыруға, ем алу сапасын жақсартуға тынбай тер төгіп келе жатқан ұжымның еңбегі ерен. Тағдырдың жазуымен өзгелерден бөлекше жаратылған жандардың жанына желеу болып, қоғамда өз орындарын алуға мүмкіндік беретін орталықтың ісі көпке үлгі.
– «Шапағат» орталығы ҮЕҰ саласы болғандықтан түрлі халықаралық қорлармен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға мүмкіндігі бар. Құрылғанына 27 жыл толған бұл орталық осы уақыт аралығында 60-қа жуық жобаны іске асырды.
Өткен жылдың қараша айында Германия елшілігі шағын гранттар байқауын жариялады және байқауға ұсынған орталық жобасы байқау жеңімпазы атанып, шағын грантқа ие болды.
Елшіліктің ережесі бойынша грант бөлу алдында грант иегерімен кездесу ұйымдастырып, жұмыс барысымен танысу қажет.
Осы мақсатта бүгін “Шапағат” орталығының жұмысымен танысу үшін Германия елшілігінің бас консулы МАРИО-ИНГО ЗООС мырза жұбайымен Қазалы ауданында болып, орталық жұмысымен танысты. Кездесу соңында елшілік тарапынан қаржы бөлінетін болып, келісімшартқа қол қойылды.
Елшіліктің ауданда болуы сапарында қолдау көрсеткен аудан әкімдігі және аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке ризашылығымды білдіремін.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қоғамның бір мүшесі. Басқалардан бөле-жарып қарауға болмайды. Олардың қолынан көп нәрсе келеді. Армандап ғана қойма жүзеге де асыра алады. Бүгінгі ісіміз осының дәлелі. Алға қойған мақсатымыз көп. Жоспар құрамыз, оны жүзеге асыру үшін еңбек етеміз. Әлі де жастарды тұрақты жұмыспен қамту үшін, өндіріс орындарын ашпақ ниеттеміз, – дейді орталық басшысы Шынар Жеңсікбаева.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА