Жаңа әуежай салынады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов қорының өкілдерімен кездесті. Жиында Қор өкілдері Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасын ұсынды. «Верный Капитал» тобы жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі.
«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың ақпанында бастау жоспарлануда, ал жаңа терминал 2024 жылдың қыркүйегінде алғашқы жолаушыларды қабылдай алады. Верный Капиталдың әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қоғамдық орындарды жобалау мен салуда үлкен тәжірибесі бар. Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай болады және бүкіл өңірдің дамуына серпін береді, – деді Е.Оспанов.
Жаңартылған жолаушылар әуежайының жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар «GMW Mimarlic» түрік жобалық компаниясы.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат