Жаңақұрылыстықтар ризашылығын білдірді
«Ойды ой қозғайды, ойламасаң сөз қайдан туады» деген. Өткен 8-9 мамыр күндері көрші Бекарыстан би ауылындағы «Көбек» ұрпақтарының ұйымдастыруымен республика, облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты үлкен іс-шара өтті. Жиынның негізгі мақсаты – өткенімізді еске алып, ата-бабамызды ұлықтау. Осы мақсатта ас беріліп, Көбек атамыздың өмірде өткен жолдарын, елге қалдырған өсиетті сөздерін, ел бірлігі туралы әңгімелерін кейінгі ұрпақтары осы күнге дейін жалғап келеді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!
Мұндай іс-шараның өтуі біріншіден кейінгі өскелең ұрпақтарымызға өнеге үлгі болса, екіншіден қашықтағы ағайынның бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартады. Үшіншіден, жастар ата-бабасының кіндік қаны тамған жерін көріп, бір-бірін көрмеген туыстармен құшақ жая қауышып, бір марқайып, көңілдері шаттанады. Іс-шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, көпке ризашылығын білдіргеннен кейін облыс көлемінен келген жас ақындардың айтысы болса, жыршылар Көбек атамыз туралы жыр айтып, көрерменнің көңілінен шыға білді.
Ас берушілерге алғысымызды айтып, келген көлігімізбен Жаңақұрылысқа беттедім. Жеңіл көліктен көрі, жұртпен бірге жүрейін, әңгіме ой-пікірлерімен бөлісейін деп автобусқа міндім. Көпшіліктің көңілдері көтеріңкі, ой-пікірлері бір жерге тоғысып жатыр. Әсіресе құлағымды елең еткізгені: «Ағай сіздің газетке мақала жазатыныңыз бар еді ғой, біз ауылдан шыққанда Қазалыға қарайтын 13 шақырым жолдың тегістеліп, тас төселіп асфалтталып жатқанын көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Кешеден бері Көбек атамыздың асында көрген білгенімізді мына тақтайдай болып тегістеліп жатқан жолмен ұштастырып, осындай халыққа игілікті іс жасап, елмен бірге араласып жүрген Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа біздің рахметімізді жеткізіңізші... Халықтың алғысына бөлене берсін! Жақсының жақсылығын айту – біздің парызымыз.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген осы емес пе?! Біздің тілегімізді Қазалы ауданынан шығатын «Қазалы» газеті арқылы білдірсеңіз», – деген і болды. Көптің тілегін жерде қалдырмай, қолыма қалам алып, көзбен көріп ойға түйгенімді жаза бастадым.
Сәл шегініс жасап, оқырман қауымға түсінікті болуы үшін Жаңақұрылыс пен Бекарыстан би аралығындағы 35 шақырым жолдың 13 шақырымы Қазалы ауданының меншігінде екенін айта кетейін. Жүргінші халық осы 13 шақырым жолдан қиыншылық көретін. Ал Арал ауданына қарайтын жол да оңып тұрған жоқ. Оның жыры бір бөлек. Бүгінгі таңда қашықты жақындататын да, жақынды алыстататын да жол. 1986 жылдан бері жөндеу көрмеген, әбден сілікпесі шығып, тозығы жеткен, ойдым-ойдым шұқыр болып қалған жолдан жүргіншілер мезі болған. Олай болмай қайтсін, қаншама миллиондаған қаржыға сатып алған көлігінің картері жарылып, дөңгелектерін тас теседі. Міне, осындай жолдан ығыры шыққан халық бүгін сол жолдың жөнделіп жатқанын көріп, балаша қуанды. Бұл жолмен жалғыз Жаңақұрылыс халқы емес, Қаратерең Тастақ, Қарашалаң Көкарал бөгеті арқылы Ақбасты, Беларан ауылына дейін баратын жүргінші жолаушылар және Арал теңізінен балық аулайтын облыс көлеміндегі тіпті басқа өңірлердегі балықшы кәсіпкерлер жүреді.
Осындай маңызы бар жолдың бүгінгі таңда жөнделіп жатқанын көрген жол жүргіншілері аудан әкімінің іскерлігі екенін біле отырып, «Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа абыройың арта берсін! Халқың үшін жасап жатқан игі істерің жемісті болып, келешегің келісті болсын!» деген көптің тілегімен аяқтаймын.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі, Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы