Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата рухын ұлықтау – ұрпақ парызы

Ата рухын ұлықтау – ұрпақ парызы

Өмірден озған ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы. Осыған орай жуырда аудандағы тіректі елді мекендердің бірі – Бекарыстан би ауылында «Ауылым – алтын бесігім» ауыл күні аясында Көбек баба аруағына арналып ас беріліп, ат бәйгесі ұйымдастырылды.
Шараның өтетінін естіген алыс-жақындағы көпшілік бұл күні Бекарыстан би округіне ағылды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ауқымды жиынның басынан табылып, тамашалауға асықты. Осылайша ең бірінші ауылға қонақ болып келген ағайын «Бабаны ұлықтау – ұрпақтар парызы» атты облыстық ақындар айтысының куәсі болды.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен айтысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонан соң ақындар айтысының тізгінін белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізді. Додаға 8 ақын қатысып, өзара бақ сынасты.
Нәтижесінде Арал ауданынан келген ақын Ержеңіс Әбдиев жүлделі бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал екінші және үшінші орындарды аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаров пен қызылордалық ақын Мөлдір Айтбай бөлісті. Тартысты айтыстан соң көпшілік орталық алаңға барды. Яғни қарасы қалың жұрт мұнда «Ауылым – алтын бесігім» атты гала концертті тамашалауға жиналды.
Ертесіне округте ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Соның ішінде қазақша күрес бойынша жүлделі бірінші орын Азамат Шәйкөзовқа бұйырды. Ал ақтық сында сүрінген балуан Олжас Оразалы екінші орынды қанағат қылды. Сол секілді үштікке ілінген Нұрдәулет Жақсылық болды. Сондай-ақ кіші салмақ дәрежесі бойынша аралдық балуан І орын, Бахтияр Ибрагимов ІІ орын, Есен Қаныш ІІІ орындардан көрінді. Осы уақытта орталық алаңда кіл мықтылар гір тасын көтеріп күш сынасып жатқан еді. Нәтижесінде Жәнібек Аралбаев І орын, Мейрамбек Бөлекбаев ІІ орын, Дәулет Тілеубергенов ІІІ орынды еншіледі.
Артынша орталық саябақтағы шара театрландырылған көрініспен басталып, ауыл өнерпаздары өнегелі өмір жолымен ел есінде қалған бабаның бейнесін қайта жаңғыртты. Ауыл халқы сөз зергерлерінің тапқырлығымен айтылған әзіл-қалжыңға куә болды. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ мұндай маңызды шараны ұйымдастыру – ынтымағы жарасқан, жалындап тұрған жастары бар ауылдардың қолынан келетініне тоқталды.
Мұнан соң Көбек бабаның ұрпақтары ауылға келген ағайын мен қонақтарға арнап Бекарыстан би ауылындағы «Тілеулес» мейрамханасында ас беріп, баба рухына арнап құран бағыштады.
Қазақ халқының үлкен жиыны қашанда ұлттық спортпен өткен десек артық болмас. Өйткені ат үстінде өскен біздің жұрт оны артық көрмейді. Сондықтан мұндағы ауқымды шарада да қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Соның ішінде жиналған жұрт аламан, құнан, тай және қазақы тай бәйгесін көруге асықты. Ал қатысу үшін жер-жерден кіл мықты арғымақтар әкелінді.
Ең әуелі тартысқа толы қазақы тай бәйгесі бойынша 3 шақырымдық жарыстың жүлдесі үшін 17 жүйрік бақ сынасты. Нәтижесінде жүлделі бірінші және екінші орындар Қожабақы ауылынан келген тайларға бұйырса, үшінші орынды Кенжебек Өтемұратовтың тайы иеленді. Сол секілді арғымақ тай бәйгесі бойынша 6 шақырымдық жарысқа 11 жүйрік қатысты. Қорытындысында бірінші орынды Жаңақорған ауданынан келген Нұрлан Ағаділовтің «Музтанг» есімді тайы, екінші орынды Бекарыстан би ауылынан Әділбек Әбдіразақовтың «Нарқасқасы», үшінші орынды Жалағаш ауданы, Аққұм ауылынан келген Нұрлан Кенжебековтің «Виноград» атты тайы иеленді.
Көпшіліктің жанарын жаулаған дода құнан бәйгемен жалғасын тапты. Мұндағы 12 шақырымды құрайтын сайысқа 13 жүйрік күштерін салды. Осылайша үш орынның үшеуі де Қызылорда қаласынан келген жүйріктерге бұйырды. Артынша 15 шақырым қашықтықты артқа тастау үшін тоқ бәйгесі басталды. Бас жүлде үшін 9 тұлпар сақадай сай тұрды. Дегенмен бірінші орын өзгелерден оза шапқан Сырдария ауданы, Қоғалыкөлден қатысқан Орынбасар Төкешовтың «Бұйымтайына» бұйырды. Жеңіске жету жолында қарсыласынан кішкене ғана қалып кеткен Қ.Пірімов ауылынан Бекжан Келмановтың «Жезкүреңі» екінші орынды қанағат қылуға тура келді. Ал үшінші орынды Қызылорда қаласынан келген Болаттың «Араб» атты жүйрігі иеленді.
Біз айтып отырған жүйріктердің мықтылығы сыналатын сайыста аламан бәйгесі тартысқа толы болды. Өйткені 24 шақырымды жүріп өту қазақ киелі санаған жануарлар үшін де оңайға соқпайды. Десек те, жергілікті жердің намыс туын жықпаған бекарыстанбилік Әкімалы Ібайдуллаевтың тұлпары 16 мықтыны шаңында қалдырып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Сөйтіп бас жүлде үшін тігілген 1 миллион теңгені иеленді.
Айта кетейік, жарысқа қатысқан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
Суретті түсірген Нұрлан ҚАНАТ
12 мамыр 2022 ж. 565 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031