Балаға балл, ұстазға абырой
Жуырда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Оқушының болашағы үшін айқын жолы ашылып, тер төккен әрбір мұғалімнің мәртебесі артып, еткен еңбегі ақталатын сәті жақындады. Бұл ата-ананың уайымы артып, талапкердің тебіреніске түсетін жауапты күні. Биыл білім және ғылым министрлігі қуантқан жағымды жаңалық аз болмады. Алдағы сынаққа елеулі өзгерістер енгізіліп, қатысушыларға түрлі жеңілдіктер мен гранттар қаралып жатыр. Жыл сайынғы сындарлы сәтте аудан түлектері жоғары нәтиже көрсетіп келді. Тіпті «Алтын белгі» иегерлері жүктелген міндетті абыройлы алып шықты. Ал биыл ше? Осы ретте түлектерге сәттілік тілей отырып, ұлағатты ұстаздар мен өткен жылғы тестілеуде жоғары көрсеткіш көрсеткен жастың және биылғы талапкердің пікірлеріне құлақ түрдік...
ҰБТ-ға дайындықт10-шы сыныптан басталып кетті. Ізденіс барысында бірнеше қиындықтарға тап болдым. Атап айтсам, ол тестілеу базасының жаңарғанына байланысты, қандай сұрақ келетінін болжау әрі оған бейімделу болды. Сол себепті барлық оқулықты шолуға тура келді. Алайда мен оны түгелдей оқып үлгермедім. Егер қажетті сұрақтарды толықтай оқып шыққан болсам, 130 балл жинау қиындыққа түспес еді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде негізгі пән ретінде география мен математиканы таңдадым. Сынақтың шешуші сәтінде 122 балл жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткіздім. Сөйтіп, Алматы қаласы Қазақстан-Британ техникалық университетіне грантқа түстім. Қазіргі таңда бизнес мектеп факультетінде «Менеджмент» мамандығы бойынша дәріс алып жатырмын. Алдағы талапкерлердің Ұлттық бірінғай тестілеуден қорықпай, бар күш-жігерлерін жинап жоғары балл жинауына сәттілік тілеймін. Бастысы – өзіңізге деген сенімділік қиындықтан алып шығатынын айтқым келеді.
Әрине ХХI ғасыр күшті білекпен емес, ақыл-оймен өлшейтін заман. Сондықтан болар бүгінгі күні білімді жастар саны басым. Олардың алды республикалық олимпиада жеңімпаздары мен түрлі грант иегерлері.
Биыл түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап келе жатқаныма үш жыл болады. 2019-2020 жылдары дайындаған түлектердің 19-ы грантқа түсті. 2021-2022 оқу жылында 24 оқушы әзірлесем, оның 22-сі грант иегері атанды. Оның ішінде 5-еуі «Алтын белгі» иегері және екеуі үздік атанды. Осы жылы 32 оқушының бесеуі «Алтын белгіге» үміткер болса, оның алтауы үздік. Алдымда барша талапкерді мінберден көрсету мақсаты тұр. Сондықтан мен үшін оларға дәріс беру үлкен абырой мен міндет.
Бұл сәт 11 жыл бойы алған ілім-білімді ақтап шығатын уақыт. Сондықтан бұл сынақта сүрінбеу үшін, ата-ана мен мұғалімнің үмітін ақтауды басты мақсат етіп, бос уақытта да оқулықтан арылмауға тырысамын.
Мен өткен жылы IELTS сертификатын иемдендім. Сол себепті алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде ағылшын тілін орындау маңызды емес. Дегенмен мен таңдап отырған пән ағылшын тілі және дүниежүзі тарихы болғандықтан жоғары нәтиже көрсетуге тырысамын. Қаңтар айында өткен ҰБТ-ның алғашқы сынағында 121 балл, ал екіншісінде 125 балл жинадым. Шешуші тестке барымды салып жатырмын. Бізді дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға алғысым шексіз. Алдағы сынақта барша талапкерлерге сәттілік тілеймін!
Серік АҚМЫРЗА