Қазақстандағы биологиялық зертханалар немен айналысатыны белгілі болды
Бүгін Сенатта Мәжіліс мақұлдаған "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобасы мақұлданды.Құжатты талқылау барысында депутат Ақылбек Күрішбаев Қазақстандағы BSL-3 деңгейіндегі биологиялық зертханалардың жұмысы бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Біріншіден, олар 2-ші және 3-ші топтағы аса қауіпті патогенді микроорганизмдерге қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды әзірлеумен айналысады. Демек, зертхана өлім-жітім көп болатын 1-ші топтағы аса қауіпті вирустармен жұмыс істемейді.
Екіншіден, бұл зертханалар Қазақстанға тиесілі және толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Олар шетелден гранттар алмайды және мұнда шетелдік ғалымдар жұмыс істемейді. Былай айтқанда, еліміздегі зертханалар өз қызметі туралы шетелдерге есеп бермейді.
BSL-3 деңгейіндегі ғылыми зертханаларды Үкіметтің бақылауымен отандық мамандар салды. Ал АҚШ сарапшыларын ғылыми жетістіктері мен озық тәжірибесін ескере отырып, осы зертханалардың биоқауіпсіздігіне кепілдік беру үшін ғана тарттық, — деді Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруға тыйым салу туралы Конвенцияның жауапты қатысушысы, сондықтан елімізде бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруларды әзірлеу, өндіру және олардың қорын жинақтау мақсатында елімізде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге тыйым салынады.Осыған орай шет ел саясаткерлерінің Қазақстандағы осы зертханалар сырт мемлекеттердің бақылауында екені, сондай-ақ мұнда әскери-биологиялық жұмыспен айналысып жатыр деген мәлімдемелері еш негізсіз, — деп мәлімдеді депутат.Бұған дейін белгілі қоғам және саяси қайраткер Олжас Сүлейменов Қазақстандағы биологиялық зертхана құрылысына қарсы шыққан еді.