Соттағы соны тірлік
Ауданда талай қылмыстық істің соңы соттың шешімімен тарқасады. Яғни қандай жағдай болмасын сотқа жүгінудің арты үлкен зерттеулерден соң ортақ мәмілемен шешім табады. Осындай орын алған жайттарды баяндау мақсатында жуырда Қазалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әбдіқалықов брифинг өткізді. Тілшілік тіршілікпен біз де сол жерден табылып, аталған жағдайлармен таныс болдық.
Қолға тиген мәліметтерді сөйлетсек, Қазалы аудандық сотының биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысы аз емес. Мәселен, қылмыстық істер бойынша аудандық соттың өндірісіне 24 адамға қатысты 18 іс келіп түскен. Сондай-ақ өткен жылдан 2 адамға қатысты 2 қылмыстық қалдық қалған. Осы мерзімде 17 адамға қатысты 13 іс қаралып аяқталған. Оның ішінде бесеуі бойынша 6 адамға қатысты айыптау үкімі шығып, жетеуі бойынша 8 адам қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда түскен істер 11-ге көбейгенін, ал қаралып аяқталған екеуге азайғанын аңғартады.
Сонымен қатар бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер қаралмаған. Десек те есірткі айналымына қатысты 2 адамға екі іс бойынша айыптау үкімі қабылданған. Қылмыстық кодекстің 68 бабымен 2 адамға қатысты 2 іс тоқтатылған, үшеуі жеке айыптаушының шағымынан бас тартуына байланысты болса, екеуі ескіру мерзімінің өтуіне орай тоқтаған.
Осы ретте қылмыстық істер бойынша сот актілерінің орындалуына қатысты құжаттарды да естен шығармаған абзал. Мәселен, 2022 жылдың І тоқсанында сот актілерінің орындалуына қатысты 20 құжат келіп түскен. 2021 жылдан 13 құжат қалдықта қалдырылған. Оның 29-ы қанағаттандырылып, біреуі ішінара 1-і кері қайтарылған, және екеуі келесі тоқсанға қалдыққа қалған.
Ал азаматтық істер бойынша, 2022 жылдың 3 айында соттың өндірісіне 4 азаматтық іс және 214 талап қою түссе, 58 азаматтық іс, 3 талап арыз өткен мерзімнен қалдыққа қалған, яғни осы мерзімде соттың өндірісінде барлығы 112 іс арыз бойынша азаматтық іс қозғалған. Сонымен түскен шағымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке, талап қоюдың саны 10,5 процентке азайған.
– Есепті мерзімде 158 азаматтық іс өндірістен аяқталса, өткен жылдың осы мерзімінде олардың саны 182-ні құрады. Шешім шығару арқылы қаралған істер саны – 88, өткен жылы шешім саны – 70 болған, яғни былтырғы есепті мерзімінен 18 шешімге көбейді. Ал азаматтық істер бойынша есептік кезенде жеке ұйғарым шығарылған жоқ. Жыл басында 11 талап қою арызы қараусыз қалдырылды. Одан бөлек 44 талап қою арызы кері қайтарылды. Биылғы жылдың 3 айында барлығы 25 іс бойынша іс жүргізу тоқтады. Яғни оның үшеуі талапкердің бас тартуына байланысты болса, 21-і медиация тәртібімен орын алды. Одан бөлек татуласу келісімімен бір іс болды, – дейді аудандық сот төрағасы Дәурен Әбдіқалықов.
Сотта медиация жүргізуге болатын даулардың санаты бойынша алғашқы айларда неке бұзу туралы 37 іс қаралған. Оның ішінде жетеуі немесе 19 проценті медиация тәртібімен аяқталған. Ал берешек өндіру туралы 41 іс қаралып, медиация арқылы 27 проценті тәмамдалған.
2022 жылдың 3 айында кассациялық сот алқасында күші жойылған, өзгертілген сот актілері болмаған. Сонымен қатар есепті мерзімде істер мен арыздарды негізсіз тоқтамға алу, кері қайтару, қабылдаудан бас тарту, қараусыз қалдыру немесе істерді процессуалдық мерзімін бұзып қаралу фактілеріне жол берілмеген.
Биыл азаматтық істер бойынша сотқа 28 ұсыныстар мен арыздар түскен. Оның ішінде 1-і жүргізуші куәлігін тоқтату туралы сот орындаушысының ұсынысы болса, атқару құжатын беруден біреуі бар. Сондай-ақ борышкерді ҚР аумағынан шығуына тыйым салуды санкциялау туралы 23 қаулы шыққан болса, оны сот орындаушысына күштеп келтіру туралы 2 қаулы қаралған. Жоғарыда көрсетілген ұсыныстардың 25 материал бойынша қанағаттандыру туралы ұйғарым қабылданған. Есепті кезеңнің соңына екі санкциялау қаулысы, бір арыз қалдықта қалған.
Жыл басынан ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі бойынша 2 талап қою орын алған. Оның біріншісі жер учаскесін бөлу үшін тіркелген кезегін қалпына келтіру болса, екіншісі Қазалы ауданы Әйтеке би кенті әкімінің 27 шілде 2020 жылғы № 325 санды шешімінің күшін жою. Биыл 204 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсіп, екеуі кері қайтарылған. Оның 190-ы аяқталған және келесі кезеңге 12-сі қалдырылған. Сонымен қатар 149 іс бойынша әкімшілік жаза қолданылса, 35-і тоқтатылған. Сегізіне жеке қаулы қабылданған.
Биыл өткен жылмен салыстырғанда қаралған істердің саны өскен. Кейбір санаттағы істердің саны артқан. Атап айтқанда 2022 жыл 3 айында «көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» туралы – 26 іс қаралған. Сонымен қатар «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» негізінде 16 іс тіркеліп, 56 процентке артқан екен.
Нұр БАҚЫТ