Мобильдік қоғамдық қабылдау жұмыстары жалғасуда
Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің тобы Ақсуат ауылында өз жұмысын жалғастырды. Аталмыш қабылдау жұмыстары халықпен кері байланыс құралдарының тиімділігін арттыруға және партияның жұмысын жаңғырту мақсатында жүзеге асырылуда.
Ауылдық клубта өткізілген қабылдау шарасын аудандық партия филиалы төрағасы Мұхтар Оразбаев ашып, облыс орталығынан арнайы келген мобильді топ өкілдерін таныстырды. Өз кезегінде сөз алған облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсатына тоқталып, түсіндірме беріп өтті.
Қабылдау барысында ең әуелі тұрғындар ауыл үшін өзекті болған көше жолдарын асфальттау мен түнгі жарық шамдар орнату, көгілдір отынмен қамту, мал жайылымдардың болмауы, аяқ су және т.б. бірқатар елдік мәселелерді көтерді. Аталған өтініштерге аудандық партия филиалы төрағасы Мұхтар Оразбаев жеке тоқталып және облыстық басқарама, аудандық бөлім қызметкерлері тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Сондай-ақ, қабылдауда жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарға тиісті сала өкілдері тарапынан заңдылық аясында кеңестер мен сұрақтары бойынша жауаптар берілді. Қабылдау соңында ауыл ақсақалдары өз ризашылықтарын білдіріп, мобильді топ өкілдерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Айта кетейік, мобильді топ өкілдері осыған дейін Бекарыстан би ауылында қабылдау жүргізген болатын. Алдағы уақытта мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы жоспарлы түрде өзге елді мекендерде жалғасады.
#AMANAT