Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр адамның таңдауы маңызды

Әр адамның таңдауы маңызды

Облыстық сайлау комиссиясы мүшелері Қазалы ауданда болып, үкіметтік емес ұйым басшыларымен кездесті. Оған аудандық сайлау комиссиясының мүшелері, кент, қала учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, саяси партия және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов пен сайлау комиссиясының мүшесі Қожамжар Наурызбаев ой-пікірлерге құлақ түрді.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері ­бойынша сайлау процесіне қатысушылармен кездесу жайы талқыланды. Ардагер ұстаз Қадырбек Бекетов төраға орынбасарына «Ауыл әкіміне үміткерді қандай критерий бойынша ұсынады», «Ауыл әкімінің өз бюджеті болады ма?» деген сауалдарын жолдады. Бұған Болат Нұржігітұлы: «Жергілікті жердің әкімдігіне кез келген Қазақстан Республикасының азаматы кандидатурасын ұсынуға құқылы. Ең ­бастысы, жоғары білімі мен басшылық қызметте тәжірибесінің болуы маңызды. Ал аудан басшыларын тағайындауға орай критерийлер дайындалу үстінде», – деді. Бұдан соң «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық қорының жетекшісі Әлімжан Қияс көз мүгедектігі бар жандардың өз таңдауын жасауға қандай мүмкіндіктер жасалатындығын сұрады. Әйтеке би кенті әкімі аппараты» КММ-ның бөлім ­басшысы Тәуіржан Құлмұратов: «Сайлау науқаны кезінде қосымша жұмысқа адамдар тартылса», – деген ұсынысын айтты. Аталған сауалдар төңірегінде төраға орынбасары Болат ­Накипов ұсыныстардың ескерілетіндігін айтып, оң шешімін табатындығына сендірді.
Бұдан соң «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданындағы өкілі Өмірбек Күлімбетов, «Ұрпақтан-ұрпаққа» облыстық қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық филиалының директоры Бақберген Кәшімов, Қызылорда облысының Қазалы аудандық «Білім беру саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Қуанышбаев ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді.
Сөз соңында облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов: «Көпшілік арасындағы: «Менің дауысым болмаса да, сайланатын адам сайланады. Менің баруымның қажеті жоқ» деген теріс пікірді жоюымыз керек. Сайлау науқанына қатысып, таңдау жасай білу сауаттылығымызды, заңға деген құрметімізді білдіреді», – деді.

Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ
22 наурыз 2022 ж. 855 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031