Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенім қалыптастыратын семинар

Сенім қалыптастыратын семинар

Жуырда Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектепте аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшыларымен 12 сағаттық оқыту семинары өтті. Онда “Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын өткізудегі сайлау процесінің құқықтық негіздері мен сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру жұмысы” тақырыбында жан-жақты кеңес берілді. Дәріс алушыларға ҚР мәслихаттары депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері турасында Қызылорда облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев ақпар берді. Бұдан соң облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қожамжар Наурызбаев сайлау институты демократиялық мемлекеттің жұмыс істеу негізі ретінде “Қазақстан Республикасының сайлау құқығы: Қазіргі жағдайы және даму үрдістері” жайлы баяндады. Ал облыстық сайлау комиссиясының мүшесі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов “ҚР мәслихаттары депуттаттарының сайлауы: Сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру” туралы хабарлама ­жасады.
Сонымен қатар Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаев сайлау процесі субъектілерінің құқықтық жауапкершілігі және оның түрлері аясында түсіндіріп өтті. Оқыту барысында дәріс алушылар өздерінің тарапынан туындаған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы қызметкерлері сайлау комиссиясы мүшелерімен іскерлік ойындар ұйымдастырып, тест қабылдады. Арнайы сертификаттар табыстады.
Айта кету қажет, осындай оқыту семинары барлық ауданда өткізіледі. 2021 жылы өтетін сайлауда Парламент Мәжілісінің және мәслихаттары депутаттары таңдалады. Сайлау азаматтардың сенімін қалыптастыратын және елдің одан әрі дамуына зор рөл атқаратын іргелі фактор болып табылады. Бұл ретте тәуелсіз бақылаушылардың функцияларын іске асырудың маңыздылығы өте жоғары. Сайлау процесінің заңдылығын қадағалап, қамтамасыз ету үлкен институт. Барлық қатысушылар арасындағы әділ және ашық сайлау тәуелсіз бақылаушыларды біріктіріп, сайлауды ашық және әділ өткізуге мүмкіндік береді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
14 қараша 2020 ж. 551 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930