Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп көңілі – кент көшелерінде

Көп көңілі – кент көшелерінде

Газет пен әлеуметтік желіде Әйтеке би кенті әкімдігінің назарына өзекті мәселелер ұсынылып келеді. көңілге жағатыны сол, айтылған кейбір орынды сын-пікір назарға алынып, қиындықты еңсеруге байланысты жедел шара қолданылады. Бір ғана мысал, өткен жылдың басында кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың назарына ұсынылған жол, жарық, көшелерді жөндеу, жаяу жүргінші жолдарын салу туралы жұрт тарапынан жолданған 7 ұсыныс ескеріліп, құжаттары әзірленіп, қаржысы қаралғанын күтіп отыр. Аудан орталығындағы оң өзгерісті санмен жұмыс істейтіндер бюджет көлемінен-ақ бірден байқайды. Өткен жылы кент әкімдігінің қазынасы 550 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл жайында кент әкімі халық алдында жыл сайынғы міндетті есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Жыл сайын көліксіз жүрген азаматтар саны қысқарып келеді. Соған сай кент бюджетінің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 60 миллион теңгеден астамы көлік салығын төлеушілер есебінен толтырылған.
Құзырлылар қазынаны еселеуден кейін тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, қайрымдылық шараларын өткізуді басты назарға қойғанын білдік. Мұндайда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы көмекке келеді. Жұмыссыздарды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету үшін электр-сварщик, слесарь-сантехник маман­дығы бойынша барлығы 30 адамға кәсіби білім берген.
– Нақтылай кетсек, жыл көлемінде 1180 жұмыссыз мекеме, кәсіпорындарға уақытша қоғамдық жұмысқа жіберілді. 109 азамат мемлекеттік жастар тәжірбиесіне, 55 тұрғын әлеуметтік жұмысқа тұрғызылды. Бұл жұмыссыздық деңгейін түсіурге жеткіліксіз болғандықтан жаңа жұмыс орындарын ашуға да жең түре кірістік. Кәсіпкерлердің күші мен әкімдіктің ықпалдастығының арқасында өткен жылы 3 мыңға жуық адамды тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырдық. Бұдан бөлек көмек сұрап келген 144 тұрғынды уақытша болса да қызметке жібердік. Ал тұрмысы төмен 168 отбасының 865 мүшесіне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – дейді Қайрақбай Орынбасаров.

Кентте азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету, кәсіпкерлік саласын өркендету мақсатында да жүйелі тірлік жасалып жатыр. Бірақ салалық даму жайында сөз қозғалғанда алдымен жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін атап өткен жөн. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлігін жеткізу бағытында 2021 жылы 4 рет ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Халыққа қол жетімді бағада бау-бақша, көкініс өнімдері ұсынылды. Кәсіпкерлік туралы әңгімеден шығады, өткен жылы жаңадан бірқатар кәсіпкерлік субьектілері тіркеліп, жаңа сауда орындары ашылды. Былтыр жұмысын бастаған кәсіпкерлердің алды ретінде «Сезім», «Sulpak» «Кристалл» «Арзан-Сити» сияқты ірі сауда орындарын айтсақ жарасады.
Мемлекеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі кәсіпкерлікті дамыту болғандықтан, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді кәсіпке баулу әкімдік мамандарының күнделікті тірлігіне ай­налған. Нәтижесі көңіл марқайтады. Бүгінде кент бойынша 3500 кәсіпкер есепке алынған десек, сиыр жылында 800-ден аса азамат жаңадан кәсіпкер ретінде тіркелді. Олардың сұранысына сай, кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін 86 жер учаскесі табысталған. Көп ұзамай кәсіпкерлік ғимараттар тұрғызып, нәтижесінде ондаған жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдау жайына да тоқтала кетейік. Былтыр «Бизнес-Бастау-Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында 275 азамат кәсіпкерлікпен айналысу үшін арнайы оқу курсын аяқтаған. Мұнымен қоймай, жыл көлемінде 218 азаматқа 1 млрд 573 млн теңге көлемінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие берілген. Оған 383 тұрғынның 223 млн теңге қайтарымсыз несие грантын алғанын қосыңыз. Бұдан кейін кентте кәсіпкерліктің етек жаймауы мүмкін емес дерсіз.
Әлгі сыни пікірлер кенттік келбетіне байланысты көтеріліп жүргенін айта кетейік. Аудан орталығын абаттандыру, көркейту-көгалдандыруға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Өткен жылы кентті әсемдеу үшін бөлінген қаржы 93 миллионнан асып кеткен. Қайрақбай Орынбасаров мұның қайда, қалай жұмсалғанына байланысты да есеп берді.

– Орталық көшелердегі темір қоршаулар сырланып, бордюр әктелді. Автожол бойы мен жаяу жүргінші жолақсызықтары қайта сызылды. Көше бойында орналасқан 6 аялдама жөнделді. С.Сүлейменов, В.Счастнов, О.Жанаділов, Ә.Тыныбаев, Т.Бокин көшелерінің бойында орналасқан жарықшам бағаналары қайта сырланды. Мезгілінде 42 көшеге аяқ су тұрақты беріліп, «Тәуелсіздік алаңы» аумағындағы аяқ су арығына жаңадан темір-бетон лотоктары орнатылды. «Ақарық» каналына жаңадан 2 су айдайтын насос қойылды. Сонымен қатар теміржол вокзалы жанындағы «Әйтеке би ескерткіші», «Рәміздер алаңы» және Қашақбай Пірімов көшесінің демалыс алаңын көгалдандыру мақсатында 300 тал, 1500 гүл көшетін отырғыздық, – деді кент әкімі.
Бұдан бөлек 5 кварталдағы «орыс қорымын» қоршау жұмыстары жүргізілді. Неге десеңіз, жұрт тәу етіп, құран бағыштайтын қорым маңына қоқыс әкеліп тастаушылар қатары көбейген. Олардың әрекетін тыю, басқа да қылмыс, құқықбұзушылықты анықтау мақсатында шет аймақтарға 15 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Қалған қаржы қайда кеткені туралы сауал тумас үшін басқа да жұмыстарды тізбектей кетейік. Жанқожа батыр көшесіндегі көп-қабатты тұрғын үйлер жанындағы демалыс алаңында орналасқан аркалардың жарықшамдары жаңартылып, Әйтеке би кентіне кіре беріс автожол бойындағы бас қақпа және «Тәуелсіздік монументі» түнгі жарықпен безендірілген. Сонымен қатар, Желтоқсан көшесі №62 үй ауласына жасанды спорт алаңы және Қаныш Сәтбаев тұйығына тренажер алаңы салынды. Желтоқсан көшесіне аяқ су лотогын орнату жұмысының жоба-сметалық құжаттарын әзір­леу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 4 миллион 390 мың теңге, кенттің кірес-беріс автожолына және Р.Бағланова көшесіндегі түнгі жарықшамдар бағанасын ауыстыру жұмысының жоба-сметалық құжаттарын әзір­леу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1 миллион 360 мың теңге қаржы бөлініп, жоба дайындалды. Қомақты қаржының бір бөлігі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығынан «Жалаңтөс баһадүр» саябағын салуға жұмсалып, бабаға үлкен ескерткіш орнатылған.
Кент орталығында орналасқан көпқабатты үй ауласының тазалығы да өзекті мәселеге айналып отыр. Мұны еңсеру үшін Төлеген Айбергенов көшесіндегі №4, №10, Желтоқсан көшесіндегі №68 көп-қабатты үйдің ауласы қалыпқа келтірілген. Сонымен бірге кенттегі ойын алаңдарын пайдалануға жарамды етіп, күтіп ұстауға тырысып келеді.
Әңгіме ағыны жол сапасын жақсартуға келгенде оң өзгеріс жайлы жаңалық көңіл көншітпейді. Дегенмен жыл сайын осы салаға бөлінген қаржыға сәйкес, құзырлылар оң өзгеріс жасауға бетбұрыс жасап жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Өткен жылдың ішінде Теңел Жұмабаев, Айдарбек Табынбаев, Әлкей Марғұлан, Нартай Бекежанов, Айғабыл Жақсыбаев, Әбжәми Айбосынов көшелеріне қиыршық тас қабаты төселген. 9 миллион теңгеден астам қаржы кенттің ішкі көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Жыл ішінде жалғыз Жалаңтөс батыр көшесіне жаяу жүргінші жолы салынған. Сартай батыр, Жақып Ахметов тұйығы мен Привокзальная көшелеріне асфальт төселді.
«Кент әкімі былтырғы кеткен есені биыл қайтара алады ма?» деген сауалға жауап табу үшін жоспарына ден қойған жөн. Онда жол мәселесіне қатысты жұмыстарды жандандыру мақсатында Абай тұйығы көшесін, кенттің ішкі көшелеріне ағымдағы жөндеу және жолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына ғана қаржы қаралғаны көрсетілген. Қалғаны жұмыс барысында әкімнің қаржы көздерін табуына байланысты екені түсінікті.
Қазалыда қоқыс жинау мәселесі де қордаланып тұр. Бұл бағытта былтыр 51 миллионнан әрі қаржы бөлінген. Нәтижесінде 7250 текше метр тұрмыстық қатты қалдық қоқыс жинау алаңына шығарылды. Мердігер мекеме «Авто-Тех» серіктестігінің 38 қызметшісі тазалық жұмысын тұрақты жүргізіп келеді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

22 ақпан 2022 ж. 318 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031