«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»
Достым, сен «есірткі» деп аталатын заттардың , сенің жеке басыңа, сенің денсаулығыңа, отбасыңа, тұрмыс – тіршілігіңе тіпті өзің бір мүшесі болып табылатын қоғамға қандай зияны бар екенін білесің бе?
Есірткінің шығу тарихы тереңде жатыр. Әуеліде оны денедегі ауру азабын уақытша болса да басу үшін, жүйкесі сыр берген адамдарды сабырға түсіру үшін дәрі ретінде қолданса, кейін мүлдем басқаша сипат алады. Есірткіні адамдар уақытша болса да рахат сезімге бөлену үшін пайдалана бастайды. 19-20 ғасырларда есірткі пайдаланушылар саны едәуір артты. Оның басым бөлігі 12- 18 жас аралығындағы өрімдей жастар.
Есірткінің табиғи және синтетикалық жолмен жасалатын түрлері бар. Бұлардың қай қайсысы болмасын адам ағзасына, сүйектердің құрылымына, мидың жұмысына зиянын тигізеді. Алдымен адам миы уланып, өкпенің жұмысы нашарлайды, тамыр мен жүрек соғуы жоғарылап нәтижесінде тамыр бітеледі, қан қысымы жоғарылайды, тынысы тарылып, ауа жетіспейді, ағзадағы мөлшерден тыс уытты заттардан бүйрек зардап шегеді, жүйке жүйесіне әсер етіп ашушаңдық пайда болады. Нашақорлар арасында «мидың қатерлі ісігі», «АИВ/ЖИТС», «АИТВ» секілді қауіпті аурулармен ауыратындар жиі кездеседі. Бұл заттарды қолданған адамдарға «елестер» (галюцинация) көрініп түрлі қылмыстық оқиғалар орын алып жатады. Есірткінің аз ғана бөлігін, бір ақ мәрте қолданғанның өзі «ғасыр тажалы» атанған есірткіге тәуелдік туғызады, соңы өлімге апарады.
Достым, әлем бойынша қаншама сенімен мен сияқты жалынды жастардың, осы бір аты құрғыр дерттің шырмауына түсіп, іріп-шіріп ауырып, қылмыс жасап, түрмеге қамалып, қала берді о дүниелік болып кетіп жатқандары қаншама. Сықырлаған төсекте тыпырлап жатып немесе темір тордың ар жағында жандары қиналып, шалыс басқан қадамына өкініп ах ұрғанда көкірегі қарс айырылардай көрінеді.
Досым, бауырым сен мұның бәрінен сабақ ал. Өз өміріңді қор қылма, ата- анаңның, бауырларыңның, достарыңның, жақындарыңның басына мұндай қайғы салма, жүректерін жаралама. Керісінше, ойыңды да, бойыңды да зиянды әдеттерден аулақ ет. Нашақорлыққа жол берме, санаңды сасық түтінмен улама.
Достарым, бауырларым біздердің өмірге келгендегі мақсатымыз мүлдем басқа. Біз салауатты өмір сүріп, саламатты қазақстанды бірге құрамыз. Сенімен мен еліміздің болашағымыз, үкілі үмітіміз. Назым Хикмет атамыз айтып кеткендей «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ». Біз тәуелсіз еліміздің ашық аспанында күн болып жарқырап жанамыз , біз қоғамды зиянды әдеттерден арылтамыз, бар күш жігерімізді кемел келешегіміз үшін жұмсаймыз. Аға буынның аманатын арқалап алға қадам басамыз. Нашақорлықты жоямыз. Есірткіге «жоқ» дейміз!
#есірткігеқарсы, #противнаркотиков
Диас
№17 орта мектептің
9 Ә сынып оқушысы