Төңіректің тазалығы көше сыпырушының міндеті ме?
Бұл осыдан төрт-бес жыл бұрын күндегі дағдыға айналған әдетім бойынша ерте тұрып, үй маңын тазалауға шықсам, көшеміздің тұрғыны, жасы үлкен Зоя Төлегенова көше қиылысында тау болып жатқан коқыс арасынан екі қапты алып, үйіне қарай сүйреп бара жатқанын көріп:
– Апа, не болды? – дедім
– Енді көшеден қоқыс жинамайтын болыпты дегенді естідім. Мына қапшықтарды өзім тастап едім, ұят болар деп алып бара жатырмын, – деді. «Көргені жақсы көш бастайды» деген осы екен. Өнегелі іске риза болып, қуанып қалдым.
Айтса-айтқандай, сол кезде Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Қази Иманбаев, «Қазалы-КөркемСервис» ЖШС басшысы Дәулетбек Тұяқбаев, жергілікті полиция қызметі өкілінің қатысуымен көше тазалығына байланысты тұрғындармен кездесу өткізген-ді. Онда қоршаған ортаның тазалығына мән беру жөнінде түсіндірме жасалды.
Жиында келешекте тұрмыстық қатты қалдықтарды кез келген жерге тастай, тек арнаулы контейнер арқылы жиналатыны жеткізілді. Сол жолы көше комитетінің төрағасы да сайланды.
Шынын айту керек, бұл бағытқа келгенде атқамінерлердің белбеуі сәл босаған. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмысы өз дәрежесінде деуге болмайды. Көше комитетінің төрағасы тек қағаз жүзінде ғана тізімде тұр. Келешекте оларға сол аймақта тұратын тұрғындарды бес саусақтай біліп, өзінің сөзін жүргізе алатын сыйлы адамдарды таңдаған дұрыс болар дер едім.
Қат-қабат мәселелердің тоғысқан ортасы Қазалы ауданына Мұхтар Әуесұлы әкім болып келгелі көптеген әлеуметтік мәселе шешім тауып, көркейту-көгалдандыру, тазалық сақтау шараларына тұрақты мән беріле бастағанын айта кету керек.
«ҚазалыКөркемСервис» ЖШС басшысы Дәулетбек Тұяқбаев қарамағындағы 19 адаммен, «Автоцех» ЖШС басшысы Гүлсім Мейірманова 43 адаммен Әйтеке би кентіндегі көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын білек сыбана жүргізіп жүргенін де көріп жүр.
Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Кезінде Сахи Шалбасов есімді азамат «Поскомхоз» мекемесінде басшы болып жүргенде, аудан басшысы кезекті бір жиналыста көше тазалығына қанағаттанбай ұрысысқанда Сәкең: «Біздің жұмыс сақал сияқты ғой, қазір алсаң, қазір қайта шығады», – деген екен. Сол сияқты Д.Тұяқбаев пен Г.Мейірманованың бүгінгі тірлігі дәл осындай.
Арамызда төңіректің тазалығын көше сыпырушының ғана міндеті деп ұғынатын санасы таяз адамдар да барына көз куәгер. Тазалық қашан да өркениеттіліктің өлшемін аңғартады. Тұрғынның қандай екенін білу үшін үйінің айналасына қара жеткілікті. Сондықтан, ауданның бүкіл тазалығын санаулы сыпырушыға артып қою дұрыс емес. Керсінше, оларға болысу ортақ борыш. Мұндайда әлеуметтік желіге құқықбұзушылықтарды салған адамды қолдар едім.
Әйтеке би кенті жанынан құрылған жедел топ, жергілікті полиция өкілдерімен бірге рейд жұмысын жүргізіп келеді. Үстіміздегі жылдың 11 айында қазалылықтардың ортақ пайдалану орындары, саябақтар, скверлер, көше қиылыстарында, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау фактілері бойынша тәртіпсіздіктің жолын кесу мақсатында біршама іс атқарған. Аталмыш уақыт ішінде полиция қызметкерлері 972 аудан тұрғынын жауапқа тартып, 76 адамға 846997 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған. Бюджетке 708611 теңге өндірілген. Ал қалған 896 заң бұзушыға ескертумен шектелген. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген. Жағдайдың ертең қайта сипат алмасына кім кепіл?
Сондай-ақ Әйтеке би кентінен құрылған жедел топ 19 тұлғаға әкімшілік шара рәсімдеп, 8 тұлғаға ескерту түрінде жаза қолданса, 11 тұлғаға 350 мың теңге көлемінде айыппұл салып бюджетке өндірген. Бұл мақтанарлық көрсеткіштер емес.
Абай Құнанбайұлы өзінің тоғызыншы қарасөзінде өз заманындағы қандастардың теріс қылығына назаланып қана қоймай, намысын оятып, келешегінен оң өзгеріс күткен. Біз де жерлестерімізден соны күтеміз.
Әйтеке би кенті әкімдігінің дерегіне сүйенсек, кентте 8200-ге таяу тұрғын үй бар. Кент тазалығымен айналысатын «ҚазалыКөркем Сервис» ЖШС мәліметінше, бүгінгі күні барлығы 1111 контейнер бөлініп, қолданысқа берілген. Олардың қатарындағы 89 заңды тұлғаға, 83 кәсіпкерге, 464 темір және 475 пластик контейнер жеке тұрғындар үлесінде. Демек, жеке тұрғындарға бөлінген жәшіктердің мөлшерін есептемей-ақ үлкен контейнер тапшылығы болып отырғанын байқауға болады. Өткен айларда кент көркіне нұқсан келтіретін темірдің уақытылы тазаланбайтыны, туралы ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде неше түрлі пікір жазылған болатын.
«Қазалы КөркемСервис» мекемесі темір контейнерлерді тазалау үшін лизингі әдісімен екі арнаулы автокөлік сатып алынған. Оның біріншісін 2015 жылы 7 миллион 500 мыңға, екіншісін 2017 жылы 13 миллион 500 мың теңгеге алып, қарыздары түгел өтелген. Алайда бұл техникалардың тозығы жеткен. Бұзылған жерлерін қазіргі сапасыз автобөлшектермен жаңалағанмен ара-тұра абырой бермей тұрған көрінеді.
Арнаулы қоқыс контейнерлерін тазалайтын техниканың бағасы 20 миллион теңге. Оны сатып алуға мекеменің қаржылық жағдай көтермейтін көрінеді.
Сырттан келген қонақтарға аудан орталығында ұялмай көрсетуге жарарлық орындар жетерлік. Сол мақсатпен өткен жазда елге қыдырып келген досымды аудан аралатуға шыққанда көшеде арнайы машинаның лаждап суды артқы жағынан бүркіп бара жатқанын көрген досым: «Мыналарың тоқырау кезіндегі жағдайды елестетеді екен. Қазалы үлкен аудан емес пе?! Бәрі жақсы, бірақ мыналарың...», – деп басын шайқаған болатын.
Айтса айтқандай, осы орайда 23 миллиардқа жуық бюджет қаржысын игеріп отырған атқамінерлер жылына 25 мың текше метр тұрмыстық қалдықты полигонға шығаратын біздің аудан үшін арнаулы контейнер тазалайтын автокөлікпен көшеге су себетін арнайы сатып алуға бюджеттен ақша қаражатын бөліп, алынған техниканы сенімді басқаруға немесе арендаға тиісті мекемеге беруіне болар еді. Сонымен қатар кентті таза ұстау мақсатында, тым құрығанда тұрғындардың 30 процентін контейнерлендіру керегі ойға оралады. Ал ол үшін әлі 2000-ға жуық контейнер қажет.
Біздің мақсат, біреуді сөгу, жұмысына баға беру емес, туған жер түлеген үстіне түлей берсе деген тілек қана. Бұған ұсақ-түйек мәселе деп қарамау керек. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған жергілікті жұрт үшін ата қонысты аздырмай, таза ұстау – кезек күттірмейтін міндет.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері