Денсаулық министрлігі мен Facebook қан донорлығы жобасын іске қосады
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Meta компаниясымен бірлесіп Facebook платформасында қан донорлығы жобасын іске қосады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлік ақпаратына сәйкес, бұл бастама қазақстандықтарды донор болуға ынталандырады.
«Facebook елдегі қан қорын толықтыруға көмектесу мақсатында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігімен серіктес болды. Бұл жоба адамдарды донорлықтан хабардар етіп, донор болу жолдарын іздеуді жеңілдетеді», деді Meta компаниясының өкілдері.
Бірнеше секунд сайын Қазақстанда адам өмірін құтқару үшін қан құю қажет болады, ал бір донор үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Министрлік ақпаратына сәйкес, көп жағдайда адамдар қанды қайда және қашан тапсыруға болатынын білмейді. Facebook донор болу жолдары, пунктердің қайда орналасқанын, осы тақырыптағы іс-шаралар туралы ақпаратты тезірек табуға көмектесетін функцияны ұсынды.
«Денсаулық сақтау жүйесі үшін қан қорын сақтау ауқымды мәселе екенін білеміз. Қазақстанда осы функцияны іске қосу арқылы қан донорларының санын көбейтіп, науқастарды қанмен тұрақты түрде қамтамасыз етуге үлес қоса аламыз деп үміттенеміз», деді Қытай, Тайвань, Сингапур, Моңғолия және Орталық Азияның Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі басқарушы директоры Джордж Чен.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook бұл маңызды жоба екенін атап өтті.
«Пандемия кезінде донорлық белсенділік біршама төмендеді, адамдар медициналық ұйымдарға аз бара бастады. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қан мен оның компоненттері тапшылығына жол бермеуіміз керек. Әлеуметтік желідегі осы жаһандық жоба елдегі қан қорын арттыруға көмектеседі деп сенемін», деді Алексей Цой.
Айта кетері, бұл функция 18-65 жас аралығындағы адамдарға Facebook-те қан тапсыру туралы ақпарат алуға, жергілікті қан тапсыру орталықтарында қан тапсыру мүмкіндігі туралы хабарламалар алуға және достарын қан тапсыруға шақыруға мүмкіндік береді.
Facebook бұл ақпаратты жаңалық арналарында хабарлау арқылы таратады немесе қолданушылар оны Facebook-тен «Қан тапсыру» сұранысы бойынша таба алады.