Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос дәрігердің қызметі

Қос дәрігердің қызметі

Бұрынғылар «Отан отбасынан басталады» деп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет еткен. Қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үй мен шаңырақтың береке-бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Себебі төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы отбасы институтының беріктігі мен татулығына мән берген. Осындай шаңырақтың шаттығын ұйыстырып, күнделікті жұмыс барысын да үйлестіре білетін жандар аз емес. Солардың қатарына Аманқос Бекеев пен Аманкүл Ақметоваларды қосуға болады. Ерлі-зайыптылардың ерекшелігі – ортақ мамандықты бірге алып жүруінде.
Қазір Аманқос пен Аманкүл Қазалы теміржол ауруханасында халыққа қызмет етеді. Аманқос жансақтау бөлімінде анестизеолог қызметін атқарса, Аманкүл емханада күндізгі бөлімде әйелдерге гинекологиялық кеңес береді. Қос дәрігер М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінде білім алған.
Жалпы анестезиология мен реаниматологияның негізгі мақсаты – науқастарға операция, ­диагностика жасау мен емдеу кезеңінде өмірлік қажетті ағзалардың қызметін реттеп, оны қалпына келтіру, медицина қызметкерлеріне жүрек-өкпе-ми реанимациясын, жансақтау әдістерін жүргізуге үйрету болып табылады.
– Анестезиология мен реаниматология ең қажетті үш бөлімнен тұрады: реаниматология, үстемелеп емдеу, анестезиология. Анестезиологияның белгіленген әдістері тек қана ота салдарынан болатын ауырсынуды жою үшін, сонымен бірге емдік шараларды жүргізу үшін де қолданылады.
Бір сөзбен айтқанда, науқастың операциядан, не болмаса аса қауіпті төтенше жағдайлардан аман-есен шығып, сауығып кетуінде дәрігер анестезиолог-реаниматологтардың үлесі үлкен, – дейді Аманқос Сайлаубайұлы.
Аманқос ақхалатты киіп, науқастарға жәрдем беруді жасынан армандап өсті. Бұл күні өз ісінің маманы. Ұжымдастарының арасында абыройлы. Қызметіне адал, әрі тиянақты, дертке шалдыққандарға жанашырлығы зор.
Аманкүлдің айтуынша, Аманқос қамқор әке, жан-дүниесі игілікке толы сенімді сырлас. Әрдайым жұмыс кестеден тыс уақытта пациенттер хабарласып жатқанын көріп, жұмысына деген сүйіспеншілігіне риза болады. Науқастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп тұруына кеңес береді.
– Қай саланың болмасын өзіндік қиындығы болады. Дегенмен өзің қалап таңдаған мамандығыңды ерекше ықыласпен атқарасың. Негізінде гинекология әйелдің организміне ғана тән аурулар мен репродуктивтік жүйесінің дерттерін зерттейтін медицинаның бір бөлігі саналады. Врач-гинекологтардың көпшілігі қазіргі кезеңде акушер болып жүр. Гинекология жүктілік пен тууға қатысты, бастапқы кезеңнен соңғы кезеңге дейінгі, әйел организміндегі көріністерді зерттейтін, акушерлікпен тығыз байланысты. Күні бойы қаншама әйел көрінуге келеді. Сол аралықта олардың анатомия-физиологиялық, психикалық ерекшеліктерін қадағалаймын. Кейбіріне шұғыл ем қажет болса, порталға салып ауруханаға ем алуға жолдама беремін. Тіпті кей кездері облысқа жібереміз, – дейді Аманкүл.
Бүгінде Аманкүл Қазиқызы үш баланың анасы. Құдай қосқан қосағы Аманқос екеуі бала болашағына ерекше көңіл бөліп отыр.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
26 қазан 2021 ж. 539 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031