Гибридті пошта: Тез және тиімді
Жыл басынан бері Қазпошта 1,6 млн-ға жуық гибридті электронды поштаны жеткізді. Гибридті поштаның мүмкіндіктерін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері және жеке тұлғалар да қолданады. Қазпоштаның гибридті хаттары өзінің адресатын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде табады.
Гибридті пошта қызметтері – электронды және қарапайым поштаның симбиозы. Оны жіберушіге үйден немесе кеңседен шықпай-ақ электронды хабарлама мәтінін жіберу жеткілікті. Электронды файл оны қабылдайтын адамға ең жақын электрондық басып шығару пунктіне түседі. Автоматтандырылған жұмыс орнында хат басып шығарылады, пошта конвертіне салынып, алушыға жеткізіледі.
Гибридті электронды пошта (бұдан әрі – ГЭП) клиенттің көптеген хатын, шоты мен хабарламасын жөнелту шығындарын азайтуға, ал Ұлттық пошта операторына қағаздағы хат-хабарды жеткізу бойынша қолайлы және сапалы қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте хат-хабарлар 1-3 күн ішінде тиісті адресатқа жеткізіледі.
ГЭП-тың хаттарды тәулік бойы онлайн жіберуге және өңдеу, ІТ-бақылауды орнату есебінен жөнелтушілердің қателік жіберуіне жол бермеу, жөнелтушінің жеке кабинетінде трекинг тарихын тексеру, тиімді тарифтерді пайдалану іспетті артықшылықтары бар. Сонымен бірге ГЭП қабылдау барысы автоматтандырылған, оған адам қатыспайды. Бұл өз кезегінде операторлардың қателіктерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Былтыр Қазақстанның түкпір-түкпіріне 2,3 млн-нан астам гибридті хат жеткізілді. Қызметті сапалы көрсету тетіктері жолға қойылған: гибридтік электронды поштаны қабылдаудың, өңдеудің, басып шығарудың және жеткізудің барлық негізгі сервисі жүзеге асырылған. Қызметтің бұл түріне жеке және заңды тұлғалар жүгіне алады. Бүгінде гибридті поштаның мүмкіндіктерін көбіне мемлекеттік органдар пайдаланады.
«Қазпошта» АҚ сапалы өзгерістерге, қызметтердің қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға, цифрлы сервистер мен IT-шешімдерді енгізу есебінен пошта жөнелтілімдерін жеткізу мерзімдерін қысқартуға көп көңіл бөледі. Бүгінде post.kz қызметтер гипермаркетінде 90-ға жуық қызмет онлайн тәртіпте ұсынылған. Жыл соңына дейін бұл ресурста клиенттерге Қазпоштаның қосымша 100-ге дейін қызметі электрондық түрде қолжетімді болады. Ұлттық пошта операторы компанияның 2027 жылға дейінгі Даму стратегиясында белгіленген мақсаттарға сәйкес қызметті белсенді цифрлы трансформациялауды жүзеге асырады.