Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Пәлен жерде пайда бар, жеңіл табыс қайда бар?

Пәлен жерде пайда бар, жеңіл табыс қайда бар?

– Кіші ұлың қайда? – деген сұраққа қарсы тараптағы танысы:
– Үйде. Диплом алып, ауылға келген. Өзіне лайықты жұмыс табылмай жатыр. Бір-екі жерге тұрғызып едік, «ақшасы аз, жүктемесі көп» деп шығып кетті. Сауатты ғой. Оған қоса, мінезі де бар. Енді соны жұмыссыздыққа тіркеп, қайтарымсыз несие алуға жүгіріп жүргенім. Тек жатқанша, ақша тапсын. Қатарынан қалмасын, – дегенін естіп, терең ойға шомдым.
Қоғамдық көліктегі қос кісінің кездейсоқ құлағым шалған сөзі бүгінгі бас аурудың біріне айналған. Сонда «жұмыс тап, тірлігіңді тікте» деп беріліп отырған қамқорлықтың жауапкершілігі жоқ па? Сұрауы болмай ма екен? Мемлекет берген қаржыны қалтаға тоғытып, жалған ақпармен өзінің де, өзгенің де көсегесін көгертпеу кімге керек? Қоғамда етек алған оңай олжа табу туралы түсінік пен масылдықтың соңы неге апарады? Алаң көңіл тақырыпты тарқатты.

Еңбектің есесі, ақылдың ақысы бар
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында: “Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек”, – деп әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын адамдар барын айтып, масылдықтан арылатын кез келгенін айтқан болатын.
ХХІ ғасыр – ақыл-ой, ұтқыр инновацияның кезеңі. Алайда ғылым мен білім ерінбегенге бұйдасын, жалықпағанға жалын ұстатады емес пе? Жан қиналып, жауырын терлемей, оңай олжамен мол пайдаға қанығу сынды керітартпалық әдетті нарықтық кезең санаға терең ұялатты. Атакәсіп – мал бағуды меңіреулікке, егін егуді ессіздікке балаған буынның ортақ түсінік қалыптастыруына шетелден келген түрлі тренинг те өз ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында «Еңбек ет те міндет ет», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген ұстанымды бүгінгі «Ебін тап та, екі аса» деген тәмсіл алмастырған.
Жұмыссыздық жайы туралы айтылғанда «өтпелі экономиканың негізгі көріністері» деп бөліп қаралатын сипат туралы сөз қозғамауға болмайды. Бұған дейін мемлекет мәселесіне баланған жұмысқа тұру, лайықты ақы алу, еңбектің бағалануы аталмыш кезеңде түбегейлі сипатын өзгертті. Ол өз кезегінде санаға салмақ салып, ертеңге деген сенімге селкеу түсірді. Алайда уақыт өте келе тығырықтан шығар жол тапқан кәсіпкер ­шаруалар жағдайының жақсарғандығы қоғамда бәсекелестіктің туындауына айқын себеп болды.
Бүгінде еңбек рыногына әсер ететін бірқатар факторлар пайда болды. Арзан жұмыс күшін шығынды азайтып, өнімділікті арттыру жолы деп ұғынған тапсырыс берушілер өзге елден заңсыз кірген босқындар, гасторбайтерлердің көбеюіне жағдай туғызды. Бұл жағдай жұмыссыз жастар қатарының артуына да негізгі себеп болып отыр.
Қарама қайшылыққа толы
Қазақстандағы салқынын тигізіп отырған қазіргі «сыздауықтың» бірегейі – несие алу. Несие алып, несібесін арттырып, ісін ілгерілеткендерден гөрі, мақсатсыз жұмсағандары басым. Үйлену тойы, қыз ұзату, құмар ойын, жиһаздар алу үшін алынып, соңы дау-жанжалға айналған жайт көптеп кездеседі. Мәселен, қаржылық пирамидалар, белгісіз компанияларға алданып, бастапқы жарна төлеу үшін қарыз алып, сан соғып қалғандар қаншама. «50 берсем, 100 аламын, кемпір берсем, қыз аламын» деп жеңіл ой жетегінде тығырыққа тірелгендер туралы психолог маман Мәншүк Болатбекқызының да айтары бар. «Қазіргі кезде жастардың өмірлік ұстанымдары тұрақсыз. Көбіне «жеңіл табысқа» ұмтылу мен тұтынушылық психологияға бейімділік байқалады. Олар өз кезегінде тұлғалық құндылыққа айналуына қауіп төндіреді», – дейді.
Қазақстанда жинақталған статистикалық мәліметке сүйенсек, елдегі жастардың дені жоғары, арнаулы орта білім алған. Оқымайтын және жұмыс жасамайтын жастар саны жалпы активті бөліктің сегізден бір бөлігін ғана құрайды.
Бір жағдай, мемлекетік грант иегері не «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жас оқуға түсерде екіжақты келісім жасалады. Онда талапкер өзі оқуына мемлекеттен алған қаржыны бітірген соң қайтаруы көзделеді. Ал оқу орнын бітірген соң ата-ана баласын сыртқа жібергісі келмейді. Ауылдан жұмыс іздейді. Бітірген мамандығы сұранысқа сай емес, орын жоқ болғанына мемлекетті кінәлау түсінігі туған. Мәселен, ауыл балаларының дені дәрігер, мұғалімдік мамандықтарды таңдайды. Бұл туралы пайымды аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жолекешов айтты.
«Қазалы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына 2021-2022 оқу жылында бүгінгі күнге дейін педагогикалық мамандықтарға тұрақты және уақытша негізде барлығы 43 бос жұмыс орны жарияланған. Білім саласында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында аталған бос жұмыс орындары «Электронды еңбек биржасы» ақпараттық порталына орналастырылып, заңдылыққа сәйкес жұмысқа қабылдау процесі жүзеге асырылуда. Жаңа оқу жылында аталмыш ақпараттық портал арқылы 22 педагог жұмыс тапты. Қазірде 21 маманға сұраныс бар», – дейді ол.
Бөлім бастығы айтқан 21 бос жұмыс орны санатында орыс тілі, физика, денешынықтыру, бастауыш сынып, математика пәнінің мұғалімі, психолог, тәлімгер, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, логопед-дефектолог, биология пәнінен лаборант сондай-ақ математика пәнінен орыс кластарына сабақ беретін мұғалімге сұраным жіберілген. Алайда шалғайдағы жерлерге жас мамандардың көбі баруға қайлы емес.
Байқағанымыз, педагогикалық мамандығы бар жұмыссыз жүргендердің басым бөлігі биология, қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және бастауыш сынып мұғалімдері.
Осы орайда баланың жұмыс табуы қиын мамандық иесі болуына мектеп мұғалімдерінің де ықпалы бары қылаң береді. Бітіруші түлек келешекте ол маман иесі болғанда, жұмыс таба ала ма, таңдаған саласы ел дамуына, өзін дамытуға, әлеуметтік жағдайын жасауға мүмкіндік бере ме? Оған үлкен қалаға барып, жаңа дүниелер көріп, сана өзгеріске түсетін амалды қосыңыз. Бұлардың барлығы тек грант иегері болуға ұмтылдырудан гөрі әлдеқайда маңызды. Шешім шырмауықша шырмалтады. Түйінді тарқатуда немқұрайлықтан арылтатын түбегейлі өзгерістер қажет-ақ.
Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын
Бүгінгі қоғамда өмір сүру күн өткен сайын күрделене түсуде. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану жағдайы қоғамның қай буын өкіліне де өміріне әсер етуде.
Оған жұмыссыздықтың етек алуы, мемлекеттік оқу орындарында тегін білім алу жағдайының шектелуі жастар арасында қылмыстың өршуі мен өсуіне де алып келуде. Аудандағы биылғы жылғы ахуалды сөйлетсек, жыл басынан бері 29 жасқа дейінгі 682 жұмыс іздеуші тіркелсе, олардың 201-і ғана мамандығы бойынша тұрақты жұмыс тапқан. 3 жас әлеуметтік жұмыс орнына жіберілсе, 85 жас жастар практикасына қамтылған. 250-і ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 жас ұрпақтар келісім шартына орналастырылған. Уақытша жұмыс істеп жүрген 7 жас алғашқы жұмыс орындарын қайта таңдаса, 20-сы несие алып, 113-і мемлекеттік гранқа қол жеткізген. Біз айтып отырған сандар тек аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер. Ал оған тіркелмей, «екі қолға бір күрек табылмады» деп сенделіп жүргендер қатары қаншама... Мұндай жастың айналасына наразылығының соңы көбіне өз психикасына әсер етпей қоймайды. Кейде қоғамға да тигізіп жатады.
Орын алған құқық бұзушылық көріністері негізінен жастар арасында өрбитінін аудандық ішкі істер бөлімінен алынған деректер айғақтайды. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы жастар арасындағы қылмыс көрсеткіші кеміген.
Жоғарыдағы жағдайдың көбі әлеуметтік жағдайдан туындағанын көрсетеді. Сонымен бірге сот залын босатпайтын ерлі-зайыптылар қатарында да жастар жеткілікті. Әрбір алты әйелге бұйырмай жүрген бақ – балаларынан, олардың жауапкершілігінен бас тартып, ата-аналық құқығынан айырылған мұндай жандар өз әрекеттерін жұмыссыздықтан, әлеуметтік-экономикалық жағдайдан туындағанымен байланыстырады.

Шет елге шықсам, шалқимын
«Пәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ» деген қазақ нақылын ойыңа оралтатын шет ел асып жүрген жастар саны жыл сайын артып келеді.
«Кісінікі – күміс, өзіңдікі қарабайыр» деген тағы бір тәмсілді санаңа қаттайтын бүгінгі буын орта оқуды бітірген соң таным көкжиегін кеңіту мақсатында шекара асуды арман тұтады. Жоғары оқу орнынан соң тәжірибе, біліктілікті арттыру амалымен магистратура, докторантурада білім алу жайы бір басқа. Алайда «шет елге шықсам, шалқимын» деп жұмыс іздеп кететіндер қаншама.
Сандарды сөйлетсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 47 процентінде шетелге құмарлық байқалған.
Кез келген адам жақсы өмір сүріп, сапалы білім алуға ерікті. Десе де олардың жағдайына алаңдау елдік мүдде. Осыдан бірнеше жыл бұрын шалғайдағы жерлестерді қайтару туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәселе көтерген болатын. Алайда одан шыққан нәтиже аз.
Төрт жылдан бері Кореяда жүрген Гүлназым Күнбергеннен қазіргі жағдайы туралы сұрағанымызда, былай деп жауап берді.
– Шет елде, туған-туыс, отбасыңнан жырақта жүру оңай емес. Табиғаты да, танымы да басқа елге сіңісуге біраз уақыт керек болды. Қазақстанды жамандамаймын, дегенмен «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, маған елімізде дипломмен жұмысқа тұру, отбасын асырау, тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін болмады. Тәуекел етіп, «тас жұтып», осы байламға келдік. Алайда өкінбеймін. Жағдайымның барлығын жасап алған соң, елге ораламын деген ойдамын. Төрт жылда күйеуім екеуіміз мұнда жүріп, 3 кредиттен құтылдық. Ата-аналарымызға үй салуға көмектестік. Енді өз баспанамыз, балалардың болашағы үшін қаржы жинаудамыз. Бұл жақта әрекет етсең, ақша ала аласың. Осындай мүмкіндік елде болса, ойланбай қазір кетер едім. Тек мұндағы өндіріс орындарында біздегідей құзырлы қадағалау кемшін болғандықтан, көбіне санитарлық жағдайлар сақталмайды. Қауіпті індеттен аман өтіп, туған жермен қауышсақ деп жүрміз, – дейді ол. Айтуынша, Гүлназым сынды заңсыз жұмыс істеп, ауруға шалдыққандарды елге жеткізу оңайға соқпайтын көрінеді. Шет елге байлық, ақшаны көздеп барып, елге орала алмай жүрген қаракөздердің сұрауы бар ма? Обалы кімге?

Қимылдаған құр қалмайды
Жастардың жаңа құндылықтар санатында өз күшіне сеніп, тәуекелді ту етіп, отбасына да, отанға да пайдасын тигізіп отырғандар бар. Мәселен, 15 жасында миллионер атанып, бүгінгідей небәрі отыз жасында алты компанияның тізгінін ұстап отырған Арман Тоқсанбаев туралы қазақстандықтардың бәрі біледі. «Басқаның экономикасына ақша қиғым келмейді» деген пікірдегі жас еліміздегі білім жүйесі өзін қанағаттандырмайтынын да жасырып қалмады. Ол айлық табыс айналымын 5 миллионнан 15 миллионға дейін жеткізуге болатынын өзі бас-аяғы екі-үш айдың ішінде дайындаған жастар ісімен дәлелдеді.
Арман сияқты алты компания басқармаса да, миллиондарды мұрат етіп, қол жеткізген, мұрагер болып отырғандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен табылады. Бірі білім-ғылымды дамытса, бірі инновациялық бағыт, келесісі өндірісті өркендетуде. Бірақ олардың саны аз әрі толық қажеттілікті қанағаттандыруға қауқарсыз. Жыл сайын мемлекет берген қайтарымсыз гранттар осы мақсатты көздейді. Тамыр-таныссыз қанат жаю, арманыңды іске асыруға таңдау жасауға билік тарапынан аз мүмкіндік қарастырылып отырған жоқ. Заманның қожасы, болашақтың бұйдасын ұстаушы бұл буынның бүгіннен жауапкершілік жүгін сезінуі ертеңгі дамуға жол ашары сөзсіз.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
14 қыркүйек 2021 ж. 398 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031