Ауылға кел, жас маман
Тәуелсіздік алғаннан бері заман талабына сай жастарды жұмыспен қамтып, жас мамандарға қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар саны артты. Соның бірі әрі бірегейі «Дипломмен ауылға» 2009 жылдың 1 қаңтарынан бері жүзеге асырылып келеді. Ауылдық аймақтардың кадрлық әлеуетін, еңбек ресурсын күшейту, ауылдықтардың өмір сапасын жақсартуды басты мақсат еткен бағдарлама жыл сайын колледж не университет бітірген жастарды қалада қалмай, ауылға кетуге үндейді. Шартына сәйкес, үндеуге қосылған жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, баспана сатып алуға немесе оны өз бетінше салуға бюджеттік арзан несие беріледі. Ауылға аттанған жас маман міндетті үш жылдық еңбек өтілін өтеп болған соң, қалаға кері қайтады. Оның себебі неде? Ауданда бағдарлама қалай жүзеге асырылуда?
Ұстазға басымдық
Аталған бағдарлама негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Атап өту қажет, қолданыстағы қағидаға 2020 жылы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен өзгерістер енгізіліп, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілері де осы қатарға енді. «Дипломмен ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде 2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін 60 мыңнан астам маман 7,4 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 27,5 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 70,6 млрд теңгеге бюджеттік кредит алған.
Жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған маманға мемлекет тарапынан 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 процент мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие беріледі. Жастардың аз процентпен алған несие арқылы иемденетін үйді кейін қымбат бағаға сатып жіберіп, қалаға қайта көшіп кетуіне тосқауыл жоқ. Себебі бағдарламаның басты шарты – маман ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс атқаруы тиіс.
Он екі жыл ішінде бағдарламаның игілігін көргендердің көшін педагогтар бастап тұр. 2019 жылға дейінгі аралықта 42 745 педагог дипломмен ауылға аттанған. Бұл барлық сала мамандарының 71,2 процентін құрайды. Сол себепті білім беру қызметкерлері осы бағдарламаның өзегі десек артық емес. Алайда дипломмен ауылға барған мамандардың ішінде көбіне қалаға кері қайтатындар да педагогтар екен. Республикалық «Ақпараттық-талдау орталығы» департаменті директорының орынбасары Жаннат Мусина мұның басты себебін бағдарламаға жауапты мекеме мен маман арасында тұрақты қарым-қатынастың жоқтығымен байланыстырады. Оның айтуынша, жас мамандардың көбі екі жылдай жұмыс істеп, өз болашағы үшін қалаға қайтатыны жаңалық емес. Көпшілігі оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты ауылдан кететін көрінеді.
Үйдің әлегі
Еңбек жолын енді бастайтындар үшін бәсі биік бағдарлама ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын жою мен жас кадр мамандарды тартудың бір жолына айналды. Ауданда 2021 жылы республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әр адамға 4 375 500 теңге қаржы қаралып, барлығы 65 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие ұсынылды. 90 маман 291 700 теңгеден көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке ие болған. Бірақ дипломын алған жас маманның бағдарлама бойынша үй алу кезеңінде түрлі қиындықтар туындайды. Аудан тұрғыны Айдана Ермекқызы бұл туралы: «Менің сіңлім осы бағдарламамен ауылға жұмысқа тұрды. Өз баспанасы болғанға не жетсін? Үй алуға өтінім тастап, құжаттарын реттеп жүргенде, құжат қабылдау кейін екені ескертілген. Ал кейін бәрін тапсырып, жауабын күтіп жүргенде өзінен кейін құжат дайындағандардың бірінші үй алғанын айтып, көңілі жабырқап қалды. Таныс арқылы ма, басқа критерий бар ма, білмеймін. Бәрібір көңілге күмән тудырады», – дейді. Тіпті, ауылға орналасуы тиіс жас мамандардың қатарында кенттен үйлі боп, жайғасқандары да баршылық.
Баспаналы болу – жас маман үшін жақсы өмірдің шарты. Дегенмен, мемлекет тарапынан әр маманға бөлінетін несие мөлшері үй алуға жетпейтіні байқалады. Тұрғындардың айтуынша, Қазалы қаласының өзінде көпқабатты үйлердің бір-екі бөлмелі пәтері 7 миллионға дейін бағаланады. Оның өзі ескі екені көзге көрінеді. Ал ауылдық жерлердегі жеке үйлер де бұл бағадан қалыспайды. Жыл сайын жылжымайтын мүліктің шарықтайтыны жаңалық емес. Осы орайда жас мамандарға берілетін несиенің мөлшерін ұлғайту қажеттілігі туындауда. Немесе несиені өзге де мақсаттарға қолдануға мүмкіндік болғаны жастар үшін тиімді болмақ.
Атап өту қажет, ағымдағы жылдың 17 ақпанынан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қолданыстағы қағиданың 19-тармағына сәйкес бюджет қаражаты жетіспеуіне байланысты кезектілік қалыптастыру жолымен өтініш қабылдау уақытша тоқтатылған.
Өзгеріс керек
Бағдарламаның іске асуы барысында түрлі қитұрқы әрекеттер де болған. Мәселен, кейбіреулер 2-3 жыл уақытша ауылда жұмыс жасап, үйді иемдену арқылы қосымша табыс табудың тәсілін пайдаланған. Мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайын-туысының үйін қағаз жүзінде сатып алып, ақша жасағандар да жоқ емес. Осы тектес әңгімелер көбейген тұста Үкімет мембағдарламаға өзгеріс енгізіп, қатысушы жас маманға туысқанының үйін сатып алуына қатаң түрде тыйым салды. Бұл өзгерістер қоғамға да, жас маманға да оң әсерін тигізіп, әділеттілік орнатуға бір себеп болды.
Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақмола облысының ауылдарының біріне барған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ардақ Тұрекешова мектеп әкімшілігінің тарапынан қысым мен буллингке ұшырағанын айтып, шағымданған.
– Мектеп әкімшілігі өткен жылы 25 мамырда ескертусіз және еркімнен тыс әкімшілік жиналысқа салды. Жиналыс барысында маған қысым көрсетіліп, абыройыма, намысыма және біліміме дақ түсіретін сөздер айтылып, мәдениетсіздік пен дөрекілік танытты. Жауап беруіме мүмкіндік бермеді. Сонда мені жиналысқа салу себебі бір оқушыға қорытынды бағада 4 қойып бергенім болыпты. Менен ол балаға 5-ке тартатын бал қойып беруімді талап етті. Директор мені жұмыстан шығаратынын айтып қорқытты. Менің тарапымнан ешқандай ағат қылық, оқушыларға дөрекелік таныту болған емес. Айыбым – білімді дәл бағалағаным ба?!», – деп ренжиді жас педагог. Құлақ естіп, көз көрмеген осындай оқиғалар қаншама. Демек, бағдарламаның құрылымдық өзгерісінен бөлек қоғамға, білім жүйесіне де жаңаша көзқарас керек секілді. Мемлекеттен, адамдардан күтетін әділеттілік пен шынайылықты өзімізден бастар кез келді.
Бағдарламадан не ұттық?
Шындығында бағдарламада мамандарды тарту үшін түрлі тиімділік қарастырылуда. Бұрын міндеттелген 5 жыл жұмыс өтілі қазір 3 жылға қысқарды, жыл сайын инфляция жағдайына байланысты қаржы көлемі артып отырады. Ұлттық экономика министрлігі: «2018 жылдан бастап көтерме жәрдемақы төлеу бойынша әлеуметтік қолдау шараларын беру мерзімі 39 күнтізбелік күннен 27 жұмыс күніне дейін тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру бойынша мерзім 62 күнтізбелік күннен 47 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бюджет қаражаты жетіспеген жағдайда мамандардың кезектілігін қалыптастыру және әлеуметтік қолдау шараларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы баламалы негізде көрсету көзделген», – деді бір сұқбатында.
Көптің көңіліне күмән ұялатқан жобаның басты міндеті ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету екенін жоғарыда атап өттік. Ал біз бағамдай бермейтін екінші бір маңызды міндеті – ауылды дамыту. Мектептегі ауыл баласына дұрыс білім беру, шаруашылықты жандандыру, тұрғындар денсаулығын жақсарту, осының қай қайсысы да елдің бүгінгі ахуалын ақсатпай, ертеңіне сенім сыйласақ деген ниеттен туындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев он екі жылдан бері үздіксіз іске асырылып жатқан игі іске бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырған болатын. Оны ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Ал жас маман 3 жылдық еңбек өтілін өтеп, қайтадан қалаға аттанса, ауылдағы жұртқа қадірлі кадрдың жетіспеушілігі қалай тоқтамақ?! Үй алудың шикі тұстары да көңіл көншітпейді. Осы тұста ауыл-ел мен жас маманды біріктіретін өзгерістер керек-ақ. Әйтпесе, он екі жыл бойы бюджеттен қаржы құйылып келген бағдарлама барысы «бір қадам алға, екі қадам артқа» жүру ойынына ұқсап барады.
Дина БӨКЕБАЙ