Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

сурет: istockphoto.com
Қазақстанның еңбек нарығы серпінді даму үстінде. Жыл басынан бері еліміздің бас цифрлық еңбек алаңы – Enbek.kz порталында біршама өзгерістер байқалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, мамыр айында бос жұмыс орындары мен үміткерлердің белсенділігі жаңа деңгейге көтерілген.
Ағымдағы жылдың басынан бері электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілер 495,7 мың бос жұмыс орнын жолдап, жұмыс іздеуші азаматтардан 609,3 мың түйіндеме келіп түскен. Ал нақты мамыр айының қорытындысына үңілсек, нарықта жұмыс берушілер ұсынған бос орындар саны 86,7 мыңды құраса, жұмыс іздеушілердің өтінімдері 91,6 мыңға жеткен.
Кадр тапшылығы әсіресе әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаларда қатты байқалады. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша білім беру саласы 14 мың бос орынмен көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға сервис және қызмет көрсету саласы 12,5 мың; медицина мен әлеуметтік қамсыздандыру 8,6 мың, құрылыс индустриясы 8 мың; аграрлық сектор 7,5 мың және өңдеу өнеркәсібі 6,9 мың бос жұмыс орнымен жайғасқан. Географиялық тұрғыдан алғанда, бос орындардың ең үлкен үлесі бас қала – Астанаға тиесілі, мұнда 8,3 мың маман қажет. Одан кейінгі қатарда Павлодар облысы 5,5 мың, Алматы қаласы 5,2 мың, Түркістан облысы 5,1 мың және Атырау облысы 5 мың бос орынмен тұр.
Еңбек нарығында жұмыс іздеп жатқан отандастарымыздың басым бөлігі жастар. Себебі түйіндеме қалдырғандардың 41 пайызы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Ал 35-44 жас аралығындағылар 28 пайызды, 45-54 жастағылар 20 пайызды және 55 жастан асқандар 1 пайызды құраса, үміткерлердің 52 пайызы әйелдер, 48 пайызы ер адамдар.
Біліктілік талаптарына келетін болсақ, нарыққа техникалық және орта буын мамандары көбірек қажет екені байқалады. Бос орындардың 43 пайызы орта біліктілікті, 31 пайызы төмен біліктілікті талап етсе, тек 26 пайызы ғана жоғары білікті кадрларды іздейді. Сонымен қатар мамыр айындағы қаржылық ұсыныстар мен күтілімдер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай үлкен. Жұмыс берушілер ең жоғары еңбекақыны тау-кен саласындағы өндіріс бастығының орынбасары лауазымына шамамен 1,45 млн теңге, бас дәнекерлеушіге 1,24 млн теңге және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі инженерге 1,23 млн теңге көлемінде ұсынған. Ал жұмыс іздеуші топ-менеджерлер мен сирек мамандық иелерінің сұранысы мүлдем бөлек қалыптасты. Мәселен, биржаға түйіндеме жолдаған кеме капитандары орташа есеппен 8,7 млн теңге, ірі компания басшыларының орынбасарлары 3,7 млн теңге, ал авиация ұшқыштары 2,8 млн теңге көлемінде жалақы күтетінін көрсеткен.
Қорыта айтқанда, электрондық еңбек биржасы елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетудің пәрменді құралына айналып отыр, бұған тек елорданың өзінде жыл басынан бері осы жүйенің көмегімен 14 мыңнан астам тұрғынның тұрақты жұмысқа орналасуы айқын дәлел болады.










