Қазақстанда қандай әлеуметтік төлемдер бар? Оларды кімдер ала алады?
BAQ.KZ елімізде қолжетімді әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың толық тізімін ұсынады.

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесі бірнеше бағыттан тұрады: зейнетақылар, мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек және арнайы әлеуметтік қызметтер. Бүгінде мемлекет миллиондаған азаматқа ондаған әлеуметтік төлем түрін ұсынады.
Бұған дейін Президент Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы ведомствоның 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен биыл бес айдағы нәтижелері туралы есебін тыңдады.
Еңбекмині басшысының сөзінше, мемлекет көрсететін әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып жатыр. Мысалы, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге жұмсалды. Биылғы бес айда бұл көрсеткіш 2,7 триллион теңге болды. Осы орайда BAQ.KZ редакциясы қазақстандықтарға заңға сәйкес қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетініне шолу жасады.
Бала тууына байланысты қандай төлемдер бар?
Біржолғы жөргекпұл
Бұл төлем бала дүниеге келген барлық отбасыға беріледі.
2026 жылы:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы
Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді.
2026 жылы:
- бірінші балаға – 24 912 теңге;
- екінші балаға – 29 453 теңге;
- үшінші балаға – 33 951 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Декреттік төлем
Ресми жұмыс істейтін және әлеуметтік аударымдары төленген әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан декреттік төлем алады.
Төлем мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа табысына байланысты есептеледі. 2026 жылы біржолғы декреттік төлемнің ең жоғары мөлшері шамамен 2,2 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?
Көпбалалы отбасы деп төрт және одан көп баласы бар отбасылар танылады.
2026 жылы төленетін жәрдемақы көлемі:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 69 329 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 104 016 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 121 359 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
17 300 теңге мөлшерінде төленді.
“Алтын алқа”, “Күміс алқа” иелеріне қандай төлем төленеді?
“Күміс алқа” алқасымен марапатталған көпбалалы аналар бюджет есебінен ай айын 6,4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы алады. Ол шамамен 27 680 теңге.
“Алтын алқа” алқасымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған аналар үшін жәрдемақы көлемі 7,4 айлық есептік көрсеткіш. Ол 32 005 теңге.
Мүгедектігі бар адамдарға қандай төлемдер беріледі?
2026 жылы:
I топ мүгедектігі бар азаматтарға - 111 872 теңге.
II топ - 89 498 теңге.
III топ - 61 021 теңге.
Балаларға арналған төлемдер жас ерекшелігі мен мүгедектік тобына байланысты бөлек есептеледі.
Асыраушысынан айырылғандарға қандай төлем қарастырылған?
Егер отбасының асыраушысы қайтыс болса немесе хабар-ошарсыз кетсе, отбасы мүшелері мемлекеттік жәрдемақы алады.
Мысалы, 2026 жылы ата-анасының біреуінен айырылған бір балаға ай сайын 46 783 теңге төленеді. Төлем мөлшері отбасы мүшелерінің санына қарай ұлғаяды.
Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтардың отбасы мүшелері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлем алуға құқылы.
Жұмыссыз қалған адам қандай көмек ала алады?
Егер азамат ресми жұмыс істеп, ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, жұмысынан айырылған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады.
Төлем мөлшері:
- еңбек өтіліне;
- бұрынғы табысына;
- әлеуметтік аударымдардың көлеміне байланысты есептеледі.
Төлем бірнеше ай бойы төленуі мүмкін.
Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда қандай төлем бар?
Егер азамат ауру немесе жарақат салдарынан еңбекке жарамсыз болып қалса, оған:
- мемлекеттік жәрдемақы;
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалады.
Төлем көлемі еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесіне байланысты белгіленеді.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) кімдерге беріледі?
Бұл – табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға берілетін көмек.
АӘК алу үшін:
- отбасының жан басына шаққандағы табысы белгіленген шектен төмен болуы керек;
- жұмыспен қамту шараларына қатысу қажет.
2026 жылдың басында АӘК 25,8 мың отбасының 138 мыңнан астам мүшесіне тағайындалған.
Зейнетақының қандай түрлері бар?
Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Базалық зейнетақы. Барлық зейнеткерлерге төленеді.
Ынтымақты зейнетақы. 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді.
Жинақтаушы зейнетақы. БЖЗҚ-да жинақталған қаражат есебінен төленеді.
2026 жылы зейнетақы төлемдері 10%-ға ұлғайтылды. Яғни биыл базалық зейнетақы – 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгені құрайды.
Әлеуметтік төлем алу үшін қайда жүгіну керек?
Азаматтар әлеуметтік төлемдерді:
- eGov.kz порталы арқылы;
- ХҚКО бөлімшелерінде;
- жұмыспен қамту орталықтарында;
- Әлеуметтік қорғау органдары арқылы рәсімдей алады.
Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі бала туған сәттен бастап қарттық кезеңге дейінгі негізгі өмірлік жағдайлардың барлығын қамтиды. Мемлекет бала туу, көпбалалы отбасыларды қолдау, мүгедектік, жұмыссыздық, асыраушысынан айырылу, еңбекке жарамсыздық және зейнеткерлік жасқа байланысты ондаған төлем түрін қарастырған. Соңғы жылдары бұл төлемдердің мөлшері инфляцияға сәйкес кезең-кезеңімен өсіп келеді.













